ҰҚШҰ бітімгерлік күштері елімізде оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
2024 жылғы 26 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Алматы облысының «Жағалау» оқу полигоны базасында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау мақсатында оқу-жаттығу өтетін жерге 18 қыркүйектен бастап Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери контингенттері аралас тәсілмен келе бастайды. Алматы және Жетісу облыстарының аумағы арқылы әскери қызметшілер пойыз және автомобиль көлігімен қатынайды.
Министрлік азаматтар мен БАҚ өкілдерінен әлеуметтік желілерде таратылатын қауесетке мән бермей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұрап отыр.