Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 488,6 млрд теңге сомасына зейнетақы төленген. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 783,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 1 трлн 705 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 405 мың адам.
2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері — 131 872 теңге. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 275 теңге, базалық зейнетақы – 42 597 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады, — делінген хабарламада.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-не тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады. Еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-і болады. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105% белгіленеді.
Бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі — бір ай.
Осылай, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылып отырса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Азаматтың жасына қарай зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты.