Қазіргі таңда цифрлық ресурстар мұғалімдер мен оқушылар үшін таптырмас құралға айналған. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар білім беру үдерісін қалай өзгертіп жатыр? Baribar.kz тілшісі педагогтардың «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» қалалық тамыз саммитіне қатысып қайтты.
Саммитке 2500-ден астам мектеп қызметкері, қазақстандық және халықаралық сарапшылар, оның ішінде Қазақстан парламенті мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Қазақстан парламенті сенатының депутаты Нұрия Ниязова келді. Іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай, білім министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры Бану Нарбекова қатысты. Елімізде танымал ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстанның еңбек ері», «Отан» орденінің иегері Аягүл Миразова арнайы қонақ болды.
Технологиялар жылдам дамып жатқандықтан, Қазақстандағы оқу жүйесіне жаңа әрі заманауи озық тәсілдерді енгізу маңызы артып келеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы дәл осы сұранысқа жауап беру негізінде әзірленген. Білім беру жүйесін цифрландырудың мақсаты елімізді жаңа технологиялар дәуіріне бейімдеуге бағытталған десек болады.
Цифрландыру — білім саласындағы болашаққа жасалатын маңызды қадамдардың бірі. Ал жаңа технологияларға қол жеткізу және цифрлық сауат Қазақстанның білім жүйесінің және елдің әлеуметтік дамуы үшін шешуші фактор болатыны анық. Ол үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Бұл сұраққа Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жауап берді. Ол саммитке қатысып жатқан педагогтарды алдағы оқу жылының басталуымен құттықтады. Білім беру жүйесіндегі жаңа бастамаларды айтып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жеткізді.
Биылғы саммит бағдарламасы заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне біріктіруге бағытталған. Бұл интеграция білім алу мен оқу сапасын жақсартуға жаңа жол ашады. Алматыда бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр, ондағы цифрлық шешімдер балаларымызға білім беру сапасын арттырады, өзгертеді. Мысалы, Kitap.kz, TopIQ.kz, AlmatyKids.kz сияқты жобалар пилот режимінде сәтті жүзеге асып, жасанды интеллект негізінде виртуалды репетиторды енгізу көзделген. Біз қала мектептерінің инфрақұрылымын жаңғыртуға және дамытуға көп көңіл бөлеміз. Биыл олар үшін тәжірибелік және теориялық есептерді шығару үшін интерактивті мазмұны бар 168 жаңа модификация кабинеті сатып алынды. Бұл мектептердің 85%-ін заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға мүмкіндік берді. Айта кету керек, цифрлық технологиялар педагогтарымызды алмастыра алмайды. Сапалы білім берудің қайнар көзі мұғалім болып қала береді. Сондықтан ұстаздарды қолдау, біліктілікгін арттыру — басты мақсатымыз, — дейді әкім.
Бұрын білімге қол жеткізу тек мектеп пен университет қабырғаларымен шектелсе, қазір интернет арқылы әлемнің кез келген жерінен ақпарат алу мүмкіндігі бар. Мысалы, қашықтан оқыту мен онлайн курстар бүгінде оқытудың жаңа нормасы болып отыр. Университеттер мен мектептер өз білім беру платформаларын әзірлеп, оқушылар мен студенттерге онлайн режимде білім алуға мүмкіндік беріп жүр. Мәселен, BilimLand платформасы — оқушылар үшін таптырмас қосымшалардың бірі. Себебі мыңнан аса тегін видеосабақ пен деңгейлік тапсырмалар қарастырылған. Ал университет қабырғасыңдағылар үшін Coursera, EdX, Microsoft Teams сияқты платформалар бар. Студенттер курстан өту арқылы сертификат пен диплом ала алады.
Бұдан бөлек, цифрлық ресурстар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп отыр. Кейінгі бес жылда дәстүрлі әдіспен бағалаудың орнына электрон күнделіктер, автоматтандырылған бағалау жүйелері және білім беру платформалары қолданылып келеді. Бұл мұғалімдерге оқушылардың нәтижесін талдауға, уақытты тиімді пайдалануға және білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Компания ретінде білім беру жүйесінде жұмыс істеп жатқанымызға 15 жыл болды. Қазіргі технологиялардың концепциясы негізінде жаңа мүмкіндіктер туғызуға атсалысып жүрміз. Мұғалімдердің жұмысын автоматтандырумен айналысамыз. Салыстырмалы түрде дамыған елдер мен дамушы елдің арасындағы білім беру жүйесінде айтарлықтай айырмашылық байқалады. Менің бір ұсынысым — бала туу туралы куәлік алған сәттен бастап, білім беру жүйесіне тіркесе, баланың қай жерде, қандай білім алғанынан хабардар болып отырсақ, әлдеқайда тиімді болар еді. Бүгінде мектеп деңгейінде 37 пән бар. Оқушыларға 37 пәнді 11 деңгейде оқытқанда, 12 300 тақырыпты меңгереді екен. Оның әрқайсы — жеке-жеке сабақ. Пандемия кезінде Асхат Қанатұлымен (Аймағамбетов — ред.) бірге жарты миллионға жуық тапсырманы цифрлы форматта жасап шығаруға мәжбүр болдық. Бірақ балалар орындаған тапсырмаларын түрлі сайтқа салу арқылы жауабын таратап жіберетін. Алайда ендігі жағдайда жасанды интеллект әрбір тақырыпқа негізделген тапсырмалар мен сұрақтарды күнде өзгертіп отыруға мүмкіндік береді. ЖИ-дің тілдік моделін ескере отырып, барынша қазақ тілінде сауатты жұмыс істеуіне барымызды саламыз. Алдағы мәселе, ұстаздардың жұмысын толығымен автоматтандыру және оқушыларға көмекші құрал ретінде жұмыс істейтін виртуалды жүйелерді дамыту және айтылғандардың бәріг қазақ тілінде іске қосу міндеттері тұр, — деді Bilim Media Group-тың негізін қалаушы, бас директор Рауан Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, цифрлық білім беру болашақ мамандардың дағдысын дамытуға көмектеседі. Бағдарламалау, деректерді талдау және IT-технологиялар сияқты бағыттар өскелең ұрпақты жаңа экономикаға дайындайды. Цифрлық сауаттың артуы болашақта еңбек нарығында өз орнын табуға мүмкіндік береді. Елімізде цифрлық бағыттағы мамандарға сұраныс артып келе жатыр.
Әрине, цифрландырудың білім беру жүйесіне тигізер ықпалы оң болғанымен, қиындықтар да жоқ емес. Мысалы, интернетке қол жеткізу деңгейі әр аймақта әртүрлі. Алматының кей жерінде интернет жылдамдығы мен цифрлық құрылғыларға қол жеткізу мәселесі әлі де өзекті. Бұл білім алатынарға қиын. Сондықтан цифрлық инфрақұрылымды дамыту маңызды, — дейді Рауан Кенжеханұлы.
Қазіргі оқытушылар да цифрлық білім беру құралдарын тиімді пайдалана алуы керек. Мұғалімдер мен оқытушылар үшін біліктілікті арттыру курстары жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл жаңа технологияларды меңгеруге, инновациялық оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай дайындықсыз цифрлық білім беру толық жүзеге асырылмайды да.
Қазақстанның білім беру жүйесінде цифрландыру үдерісі болып жатқандықтан, келешекте технологиялардың одан әрі дамуы еліміздің білім беру саласына үлкен өзгерістер әкелуі мүмкін. Виртуалды жүйе, жасанды интеллект және блокчейн сияқты технологиялар да білім беру үдерісіне біртіндеп енуі ықтимал. Осылай, оқу үдерісін толықтай автоматтандырып, оқушылардың жеке қабілетін ескеретін, анағұрлым ыңғайлы білім беру жүйесі қалыптасар.
Тамыз саммитінде білім беруді цифрландыру және цифрлық инновация саласындағы мемлекеттік саясат мәселесі, балалар мен педагогтардың киберқауіпсіздігі мәселесі, оның ішінде этикалық аспектілер талқыланды.
Іс-шара соңында қала мұғалімдеріне білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін марапат табысталды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылы басынан бастап Алматыдағы мемлекеттік мектептердегі мұғалімдер үшін жасанды интеллект саласында уеб-әзірлеушілерді даярлаудың 12 апталық арнайы бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Әр мектеп командасы генеративті жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзінің уеб-қолданбасын жасап, іске қосады. Сонымен қатар цифрлық оқыту мен ақпараттық технологиялардың маңызды аспектілері бар ІТ пәндері бойынша 100 мектептің мұғалімдерін оқыту бағдарламасы басталады.
Айжан Дайрабай