Қазақстан дзюдо құрамасы елге оралды. Алматылықтар дзюдодан олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаевты қарсы алды.
Ұшақтан ең алғашқы болып олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев түсті. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев халықтың көптігіне тоқталды.
Көңіл-күй өте тамаша. Бұлай қарсы алады деп ойламадық. Алматы әуежайындағы атмосфера да тамаша. Қазақ еліне рақмет. Алтын алам деп барғанмын. Бұйырғаны қола болды. Бар күш-жігерімді салдым. Бірақ қола алдым. Бәрі керемет болды, – деді ол.
Дзюдо федерациясы Ғұсман Қырғызбаевқа көлік сыйлады. Көлік маркасы – Toyota. Әуежайда Ғұсман Қырғызбаевқа капитан шені де берілді. Ол қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының әскери қызметкері.
Қазақстан дзюдо құрамасын қарсы алуға танымал тұлғалар мен спортшылар да келген. Осы спортшылардың ішінде еркін күрестен Сиднейдегі олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков бар.
Бұл Елдос Сметовтің үшінші олимпиадасы. Осы олимпиада басталмай тұрып «Елдос баруы керек пе, бармауы керек пе?» деген сұрақ болды. Мен бірден «Елдос баруы керек» деп ойладым. Басты себеп – ол қай жаққа барса да жүлдемен оралады. Елдостың спорт жолы «спортшы қандай болуы керек?» деген сауалға тамаша жауап. Елдос пен Ғұсманның жеңісі жас балаларға жігер берді, – дейді спортшы.
Әуежайда «Елдос чемпион!», «Ғұсман чемпион!», «Абиба чемпион!» деген плакат ұстаған балалар мен жасөспірімдер жетерлік. Дзюдоның арнайы киімі кимононы киіп, спортшылардың батасын алғысы келіп жүргендер де аз емес. Осы балалардың бірі – Иманбек Нұрәділ. Ол Елдос Сметов сияқты олимпиада чемпионы болғысы келеді.
Менің жасым тоғызда. Алматы қаласында тұрамын. Қазір дзюдо спортымен айналысып жүрмін. Болашақта Елдос Сметов сияқты олимпиада чемпионы болғым келеді. Бұл олимпиада маған өте күшті әсер етті. Керемет мотивация болды десем де болады, – дейді ол.
Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев 32 жаста. Ғұсман Қырғызбаев «Спорттық мансабымды аяқтаймын» деген мәлімдеме жасаса, Елдос Сметов ешқандай мәлімдеме жасамады. Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов қос спортшының болашағына қатысты нақты шешім қабылданбағанына тоқталды.
Өте жақсы нәтиже. Өте жақсы сезім. Олимпиада ойындарының бірінші күні алтын түсуі – тамаша нәтиже. Елдос пен Ғұсманның алдағы жоспары айқындалмады. Бірақ екеуі де «кәрімін» деп тұрған жоқ. Алған медаль спортшылар үшін екі есе мотивация болып тұр, – дейді бапкер.
Осы олимпиада ойындарында халықтың ерекше ықыласына бөленген спортшы – Абиба Абужақынова. Ол не үшін жеңіліп қалғанын түсіндіріп берді.
Бұл олимпиадаға толықтай дайын болдым. Себебі барлық жарыстан жүлде алып жүрдім. Медалға бір қадам қалғанда жеңіліп қалдым. Бұйырмады. Үшінші орынға талас үшін болған күрес қиын болды. Ол қызды бір рет жеңіп, бір рет жеңілгенмін. Өте ыңғайсыз қарсылас. Осы күресте тіземді кішкене ауыртып алдым. Менің қателігім көп дайындалып қойғаным сияқты. Себебі буындарым толықтай жазылып үлгермеді, – дейді ол.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пікір білдірмеді. Спортшыны арнайы жасақ қоршап жүрді. Ол бірден көлікке мініп, кетіп қалды.