Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласындағы өкілдігі баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, мәнерлеп жүзу спортының басты проблемаларын талқылады.
Baribar.kz тілшісі баспасөз мәслихатына қатысып, осы спорт түрінің негізгі проблемаларын тыңдап қайтты.
Мәнерлеп жүзу – хореография, көркем гимнастика, акробатика және суасты жүзу элементтерін қамтитын эстетикалық спорт түрі. Қазақстанда осы спорт түрі дамып келе жатса да, проблемалар жетерлік. Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Әлия Закария мәнерлеп жүзу спортындағы инфрақұрылым проблемасына тоқталды.
Қазақстандағы барлық спорт түріндегі бас проблема – инфрақұрылымның жетіспейтіні. Бұл проблема мәнерлеп жүзу спортында да бар. Біздің жағдайымызда бассейндер жетіспейді. Мәнерлеп жүзу спорты үшін нақты нормалар сақталған бассейндер қажет. Мысалы, 3,5 метр болатын бассейндер керек. Өкінішке қарай, біздің елімізде әлемдік стандартқа сай келетін бірде-бір бассейн жоқ. Осы себепке де байланысты әлем чемпионаты, әлем кубогы деген сияқты үлкен жарыстарды өткізуге мүмкіндігіміз жоқ. Алматыда 57 бассейн бар. Осы 57 бассейннің ішінде үш бассейн ғана біздің спорт түріне лайық. Бұл тұста өзге де проблема бар. Алматыдағы бассейндердің басым бөлігі кеңестік кезеңде жекеменшікке өтіп кеткен. Сондықтар бұл бассейндер спортты дамыту үшін емес, фитнес-индустрия үшін жұмыс істейді. Мәнерлеп жүзу – әдемі әрі күрделі спорт түрі. Бұл спорт түрі үшін музыка қосылып, әртүрлі іс-қимыл қолданылады. Осы үшін де біз өзге адамдарға ыңғайсыздық тудырып, көп шағым естиміз. Бұл да – өте үлкен проблема. Мықты спортшыларды тәрбиелеу үшін әуелі жақсы орталық қажет, – дейді ол.
Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласы бойынша вице-президенті Әсел Орынбасарова мәнерлеп жүзу бойынша білікті төрешілердің аз екенін жеткізді.
Төрешілер жүйесі мәнерлеп жүзу спорты үшін негізгі проблема болып тұр. Қазақстанда төрешілерді дайындаудың тиімді жүйесі жоқ. Біздің елімізде төрешілердің білігі мен жүйесі туралы ешқандай да аналитикалық талдау жүргізілмейді. Бұл – мәнерлеп жүзу спортындағы барлық проблемаға түрткі болатын фактор. Спортшылардың әлемдік аренада жеңіске жете алмауы да білікті төрешілердің жоқ екенінен. Мәнерлеп жүзуде төрешілердің жетпейтіні қатты білінеді. Кей жарыстарда бапкерлерге төреші болуға тура келеді. Бірақ ондай жарыстарда бейтараптық жоғалады. Біздің елімізде төрешілерді кәсіби түрде дайындайтын ортақ бағдарлама жоқ. Әртістік жүзу федерациясының Алматы қаласындағы өкілдігі төрешілердің білігін арттыру курстарын өткізіп жатыр. Шын мәнінде, кез келген адам төреші бола алады. Біз жарыстарда жоғары орындардан көрінгіміз келсе, әуелі білікті төрешілер тобын қалыптастыруымыз керек, – дейді вице президент.
Алматы қаласы бойынша мәнерлеп жүзуден аға жаттықтырушы Әйгерім Исаеваның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы мәнерлеп жүзудің негізгі проблемасы бапкер жетпегеннен туындайды.
Бапкер жетіспеуі проблемасына тоқталғым келеді. Шын мәнінде, бұл — өте үлкен проблема. Спорт мансабын аяқтаған спортшылар бапкердің жұмысына бармайды. Біз ұзақ уақыт «Не үшін?» деген сұраққа жауап іздеп, бас қатырдық. Тапқан жауабымыз мынау — бапкерлердің жалақысы аз болғандықтан. Жас қыз-жігіттер бапкер болуды емес, жалақысы жоғары фитнес-клубта жаттықтырушы болуды қалайды. Біз бапкерлік жұмыс жастар ұмтылатындай қызмет болғанын қалаймыз, – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі мәнерлеп жүзу спортының негізі 1984 жылы қаланған.