Алматының Алмалы аудандық сотымен оңтүстік астанадағы метро құрылысы кезінде 5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған 10 адамға қатысты үкім шықты.
Бұл туралы бас көлік прокуратурасы хабарлады.
Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көлік прокуратурасы жүргізді.
Сотталушылар «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ, «Автоматтандыру және технологиялар қызметі» ЖШС-да басшылық лауазымда отырып, сыбайлас топпен бірге 2018 жылғы маусымнан 2020 жылғы тамызға дейінгі кезеңде «Сарыарқа» және «Достық» станцияларын салу барысында қаржы жымқырған. Айласын асырғандар құжатта жабдықтың құнын артық көрсетіп (іс жүзінде 10 есе), тұрақты түрде ірі көлемдегі ақшаларды жалған фирмалар арқылы шығарғаны дәлелденді.
Сот шешімімен Алматы метросының бұрынғы басшысы Ербол Әбілдиновқа сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Е.Абжаппар мен Е.Қапаев сегіз жылға, Ж.Арисова мен Н.Арисов жеті жыл алты айға, В.Хен жеті жылға сотталды. Ж.Арисованың 2023 жылы туылған сәбиінің болуына байланысты оған жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалдырылды. Қалған айыпталушылар — Қ.Бекмұхамбет пен А.Рахымжанов екі жыл тоғыз айға, ал А.Хегай мен Н.Акишевке бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар Ербол Әбілдинов өмір бойына, ал қалған айыпталушылар белгілі бір мерзімге қаржы саласындағы жауапты лауазымдарды және басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот Е.Әбілдинов, Е.Абжаппар, Е.Қапаев, Ж.Арисова, Н.Арисов және В.Хеннің әрқайсысын 50 миллион 893 мың теңге шығынды өтеуге міндеттеді.
Сонымен қатар сот 1 миллиард теңгеден астам сомаға тыйым салынған мүлікті тәркілеуді қолданып, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.