Ұлттық қордан алдағы үш жылда республикалық бюджетке алынатын трансферттің көлемін айқындайтын заң жобасы ашық талқылауға шығарылды.
Қазақстан Республикасының ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мынадай мөлшерлері бекітілсін:
- 2025 жыл – 2 000 000 000 мың теңге;
- 2026 жыл – 2 000 000 000 мың теңге;
- 2027 жыл – 2 000 000 000 мың теңге, — деп жазылған құжатта.
Заң жобасында трансферттің бұл мөлшері алдағы үш жылдағы мұнайдың халықаралық нарықтағы болжамды бағасына сәйкес есептелгені айтылған.
Ұлттық қорға мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдер бойынша мұнайдың 2025-2027 жылдарға арналған кесімді бағасының мынадай мөлшерлері белгіленсін:
2025 жыл – бір баррель үшін 42,3 АҚШ доллары;
2026 жыл – бір баррель үшін 41,0 АҚШ доллары;
2027 жыл – бір баррель үшін 39,4 АҚШ доллары, — делінген заң жобасында.
Құжат 16 шілдеге дейін ашық талқылауда болып, кейін мәжіліске жолданады.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің осы құжат туралы мәжіліске дайындаған түсіндірме жазбасында ұлттық қордан алдағы үш жылда алынатын трансферттер мұнай секторы ұйымдарынан ұлттық қорға болжанатын түсімдердің көлемінен аспайтыны айтылған.
Кесімді баға кезінде мұнай секторы ұйымдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қорына түсетін түсімдер 2025 жылы 2 277,0 миллиард теңге, 2026 жылы 2 276,8 миллиард теңге, 2027 жылы 2 277,0 миллиард теңге мөлшерінде болжанады, — деді Олжас Бектенов.