БЖЗҚ ұлттық қордан алғашқы жинақтардың кімге түскенін мәлімдеді

Қазақстанда «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бойынша ақша түсе бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеме жасады.

«Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасы бойынша, БЖЗҚ-ға алғашқы нысаналы талаптар (18 жасқа дейінгі балаларға) есептелініп, нысаналы жинақтау шоттарына алғашқы нысаналы жинақтар (2024 жылы 18 жасқа толатын балаларға) түсті, — делінген мәлімдемеде.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бағдарламаға 2023 жылдың аяғындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркелген. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны — 6 919 131 бала. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады.

Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді. Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды. Жыл сайын бұл сома ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және Бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі, — делінген хабарламада.

БЖЗҚ мәліметінше, 18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түскен. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.

Нысаналы талаптар – бұл Қазақстан Республикасы үкіметінің еліміздің 18 жасқа дейінгі азаматтары балалары алдындағы ұлттық қорда жыл сайынғы инвестициялық кірістің 50% есебінен қалыптастырылатын міндеттемелері екенін естеріңізге саламыз. Ол кейінгі 18 жылда (есепті жылдың алдындағы) орташаланған кірістілік мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Нысаналы талаптар ретінде ескерілетін қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін инвестициялануын жалғастырады және оларға жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеледі, — делінген хабарламада.

Заң бойынша, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Бала 18 жасқа толған жылы жинақталған нысаналы талаптар сомасы БЖЗҚ-да ашылған баланың нысаналы жинақтау шотына тұрғын үйге немесе білім алуға пайдалану үшін аударылады.