ІІМ жедел іс-шаралардың нәтижесінде еліміздің төрт өңірінде синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Мамыр айында Өскеменде жиһаз бизнесінің атын жамылып, синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол қойманы жалға алып, жабдықтар мен химиялық заттар әкелген.
Ұстау кезінде 1,5 кг жуық дайын есірткі, 1,5 тонна прекурсор, сондай-ақ зертханалық және буып-түюге арналған жабдықтар тәркіленді. Тексеруден кейін оның Қостанай, Петропавл қалалары және Алматы облысындағы ұқсас зертханалармен байланысы бар екені анықталды.
Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің қозғалыс маршруты және күн тәртібін бақылауда ұстады. Осылайша полицейлер бір мезетте бірқатар өңірде операция жүргізді. Рудный қаласында жалдамалы үйдің моншасын зертхана етіп жабдықтаған екі адам ұсталды.
300 грамнан асатын дайын есірткі, химиялық заттар, қорғаныш костюмдер және жабдықтар тәркіленді. Олардың көлігінен сатуға дайын есірткі табылды.
Алматы облысында мефедрон өндірісімен айналысқан тағы екі күдікті ұсталды. Өндірістің соңғы сатысындағы есірткі, прекурсорлар және жабдықтар тәркіленді.