«Фариза, Фаризажан, Фаризақыз» деп пойызда тебіреніп өлең оқыған баланың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Өзінің ерекше өлең оқу мәнерімен интернет қолданушыларын таңғалдырған бала – Қайсар Назарбек. Baribar.kz тілшісі кішкентай талант иесімен және оның анасы Манар Асқарқызымен тілдесті.
Қайсар Назарбек 10 жаста. Ол — Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Құланды деген ауылдың баласы. Желіде тараған видеода ол Ақтөбеде болған көркем оқу байқауына қатысып, үйіне қайтып келе жатқан. Кішкентай өнерпаз жол қысқарту үшін пойыз вагонында өзімен бірге келе жатқан жолаушыларға өлең оқып берген. Оны жанындағылар түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялапты. Сөйтіп ол бір күнде интернет жұлдызына айналған.
Пойызда мені жарысқа апарған апайым, жоғары кластың оқушысы және басқалар болған. Өлең оқып жатқанымды видеоға түсіріп тұрғанын байқамадым. Кейін әлеуметтік желіден көргенімде қуанып кеттім. Ол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Негізі өзіме өлең оқыған қатты ұнайды. Әр өлеңнің мағынасы бар. Өлең шумақтарын оқығанда бар эмоциямды қосып, оның мән-мағынасын жеткізуге тырысамын. Өзімнің де ішімдегі сезімімді сыртқа шығарып, бір жеңілдеп аламын, — дейді ол.
Шынымен-ақ Қайсар өлеңді барынша түсініп оқуға тырысады. Керек болса күліп те, жылап та, ашуланып та, микрофонның орнына қолына тарақ ұстап алып та оқиды. Осылай, өнерпаз өлең әлеміне еніп кетеді. Биыл ол 4-класты тәмамдады. Анасы Манар Асқарқызының айтуына қарағанда, Қайсар кішкентайынан өте зерек болған. Небәрі екі жасында әріп таныған дейді.
Қайсар құрсағыма біткен кезден бастап ерекше бала екенін сезетінмін. Оған аяғым ауыр кезде кітапқа құштарлығым артып, көп оқитынмын. Қайсар екі жасында әріп таныды, үш жасында бір буын сөздерді оқи бастады. Балабақшада жүріп жарыстарға қатысты. Төрт жасында мәнерлеп оқудан Маңғыстау облысындағы «Жауқазын» деген фестивальге қатысып, бас жүлде алды. Сол уақытта баламның қабілетін байқадық та, көркемсөз үйірмесіне бердік, — дейді анасы Манар.
Қайсар бүгінде 100-ге жуық өлеңді жатқа біледі. Өзінің айтуынша, Мұқағали Мақатаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Шахановтың, Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін сүйіп оқиды. Ол қазақ тіліндегі ғана емес, орыс тіліндегі өлең-шумақтарды да оқи алады.
Мұқағали Мақатаевтың «Аңшының әңгімесі» деген өлеңін ерекше жақсы көремін. Онда бір аңшы киікті атып өлтіреді. Ол киіктің төлі жетім қалып қояды. Кейін аңшы атып өлтірген киікті үйіне апарады. Бірақ оны көріп әйелі қапа болады. Бір кезде аңшы баласына ойнасын деп мылтығын береді. Баласы мылтықпен ойнап отырып, байқаусызда шүріппесін басып қалады. Оқ анасына тиіп, өліп кетеді. Сөйтіп аңшының баласы да киіктің құралайы сияқты жетім қалыпты. Өте мұңлы оқиға. Алайда ақынның осындай өлеңдері мейірімді, жанашыр болуды үйретеді, — дейді Қайсар.
Қайсар небәрі 10 жаста болса да, бос уақыты жоқ. Таңертең сабаққа барады, түстен кейін үйірмеге қатысады. Сонымен қатар Қайсар — қазір Жаңаөзен қаласындағы Мұнайшы мәдениет үйіндегі «Алтын шаңырақ» деген театрдың актеры. Бүгінге дейін ол бірнеше қойылымда өнер көрсетіп үлгерген.
«Алжир», «Күш» деген қойылымдарда басты рөлде, тағы басқа қойылымдарда эпизодтық рөлдерде ойнадым. Өнердегі ұстазым — Ләззат Ерубаева. Ол кісі маған сахнада қалай ойнау керек екенін үйретті. Ұстазыма алғысым шексіз, — дейді өзі.
Қайсар бұған қоса футбол ойнағанды ұнатады. Ақындық қасиеті де бар. Шабыты келгенде өлең жазып тұрады екен.
Мұқағали мен Фариза жақын дос болған. Кітаптан, интернеттен Мұқағали бар сырын жасырмай досы Фаризаға айтатын деп оқыдым. Мен үшін де достық өте маңызды. Өзімнің де достық, ана, әке, әже, ата туралы өлеңдерім бар, — дейді өнерпаз бала.
Айта кетері, Қайсардың талантын тек әлеуметтік желі қолданушылары емес, Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі Аида Балаева да байқап, оған алғысхат жолдаған.
Жас жүрегіңнің ыстық жалынымен поэзияны сүйетініңді қарым-қабілетіңнен байқадым. Өлеңді жан-жүрегіңмен тебіреніп, тұла бойыңмен сезініп, беріле оқитыныңды көріп, тәнті болып жүрмін. Талғамы биік, тамыры терең халқымыз өнерді қадірлей де, бағалай да білген. Өзің оқыған өлеңдер қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының жүрек сырын ақтарып, оқырманмен қауыштырып жатқандай әсер қалдырады , — деп жазған Аида Балаева алғысхатында.
Қайсар Назарбектің арманы көп. Атақты актер болып, елді, әлемді шарласам дейді.
Көркемсөз оқудан түрлі жарысқа қатысып, Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе сияқты қалаларға бардым. Болашақта енді Көкшетауға, Павлодарға, Таразға барып көргім келеді. Ал өскенде шығармашылығы танымал кәсіби актер болғым келеді. Киноға түсуді армандаймын. Мені көбі «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожаға ұқсатады. Тіпті үш-төрт жасамды бір фильмге түсіруге шақырған екен. Бірақ ол кезде кішкентай болғанмын, сол себепті ата-анам рұқсат бермеген. Ал жақында Алматыға барғанымда бір продюсер өзінің фильміне шақыратынын айтты. Шақырса, міндетті түрде барамын, — дейді Қайсар Назарбек.
Анасы Манар Асқарқызының айтуынша, әрбір ата-ана баласының қабілетін байқаған соң, оны дамытуға тырысуы қажет. Себебі баланың қабілеті оның өмірде өз орнын табуға, тұлға болып қалыптасуына көп септігін тигізеді.
Баланың қабілетін бірінші ұстазы емес, басқалар емес, көз алдында жүрген соң ата-анасы байқайды. Әрине, әркімде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Десе де баланың бойынан бір дарынды, талантты байқаған ата-ана оны әрі қарай ашып, дамытқаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, түрлі көркем үйірмеге қатысқанының арқасында Қайсар одан әрі ашыла түсті. Ол кез келген ортада – ересектердің, балалардың жанында, сахнада өзін қалай ұстау керек екенін біледі. Жаңа ортада ұялмай, еркін әрі ашық сөйлесіп кетеді. Мәселен, жарты жыл бұрын Алматыға «Астарлы ақиқат» бағдарламасына барғанбыз. Жаңаөзеннен Алматыға ұшақпен бардық. Жол бізді де, баламызды да шаршатты, бірақ бірден бағдарламаға баруымызға тура келді. Қайсар шаршағанынан абдырап, ойын жеткізе алмай қала ма деп уайымдадым. Дегенмен ол еш алаңдамай, сұхбатын берді. Мұның бәрі қабілетінің арқасы, — дейді анасы.
Оған қоса ана сүйікті ісімен айналысатын бала екі есе бақытты болады дейді.
Қайсарым сабағын да жақсы оқыды. Төрт жыл бойы барлық сабағын үздік бағаға бітірді. Жарыс, театр деп жүрсе де, бірінші орынға білім алуды қоямыз. Сүйікті ісін де ұмытпайды. Біз оның болашағы жарқын болатынына сенеміз, — дейді Қайсардың ата-анасы.