Цифрлық құжаттардың қатары негізгі орта және жалпы орта білім беру туралы аттестатпен толықты. Ол енді eGovMobile қолданбасындағы «Bilim» жаңа қызмет көрсету сервисінде қолжетімді.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биылдан бастап мектеп түлектері аттестаттарын цифрлық нұсқада ала бастайды. Ол үшін eGovMobile қолданбасындағы «Bilim» сервисіне өту керек, мұнда «Менің балаларым» бөлімінде ата-аналар мен заңды өкілдері үшін кәмелетке толмаған балалардың құжаттары қолжетімді болады» — дейді цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Майра Маралбаева.
Еске салайық, осыдан бір ай бұрын оқу-ағарту министрлігі eGovMobile қолданбасында «Bilim» жаңа сервисін іске қосты. Мұнда білім туралы мәліметтер, цифрлық құжаттар берілген бірнеше бөлім бар. Ал бір жыл бұрын қолданбада колледж дипломдары QR-кодпен беріле бастады.