Парламент сенаты Масс-медиа туралы мәжіліс қабылдаған негізгі заңды мақұлдады.
Палатаның әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға мынандай жаңашылдықтар енгізу көзделген:
Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды;
Екінші, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді;
Үшінші, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі жеті жұмыс күннен бес жұмыс күніне дейін қысқартылды;
Төртінші, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді;
Бесінші, мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50%-тен 60%-ке дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%);
Алтыншы, отандық теле, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле, радиоарналардағы көлемін 50%-тен 60%-ке дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделді;
Жетінші, отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20%-тен 10%-ке дейін азайту белгіленді;
Сегізінші, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.
Сонымен қатар ол қолданыстағы ұлттық заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылатынын атап өтті.