«Alem City-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан 5 үйден халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 105 алматылыққа салтанатты түрде пәтер кілті табысталды.
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша, 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары тізімі бойынша кезекте тұрған азаматтарға кезек ретімен қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан 2 000 жалға берілетін пәтер беру жоспарланып отыр, оның 400-і жетім балаларға беріледі.
ХӘОТ санатындағы кезекте тұрған 105 адамға пәтер былай беріледі: жетім балалар – 30, 1 және 2 топтағы мүгедек – сегіз, жеңілдік бойынша екінші дүниежүзілік соғысына теңестірілген ардагер – бір, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы – алты, зейнеткерлер – сегіз, толық емес отбасы – 52. Барлық пәтер кең, таза әрлеуде беріледі, — деді Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Оның айтуынша, Алматыда мұндай жобаларды іске асыру қала тұрғындарының, әсіресе қиын өмірлік жағдайға тап болғандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Қала билігі азаматтардың әлеуметтік осал санатына қажетті қолдауды қамтамасыз ете отырып, тұрғын үй мәселесін шешу бойынша белсенді жұмысын жалғастырып отыр. Жаңа пәтер иелері баспананың тамаша сыйлық болғанын, оның жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Ұялы телефоныма қоңырау шалып, пәтердің иесі болғанымызды айтты, басында сенбедім. Біз үшін бұл үлкен бақыт және тосынсый болды. Ұлымды жалғыз асырап отырған мен үшін бұл мемлекет тарапынан үлкен қолдау. 2015 жылы кезекке тұрған едім, — деді алматылық Виктория Гришина.