Алматыда ірі есірткі зертханасын ашқан ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, Бостандық ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде 27 жастағы жігіт есірткі зертханасын ұйымдастырған.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пәтерді тінту барысында медициналық шприцтер, қолғаптар, лакмус қағазы, жасыл түсті изолента, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электрон таразылар және басқа да синтетикалық психотроптық затты өндіруге арналған құралдарды тәркіледі. Дайын өнім – кристалдар түріндегі ақшыл түсті зат. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл зат жалпы салмағы 139,57 грамм Альфа-PVP есірткі екені анықталды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Полиция өкілінің айтуынша, сотта айыпталушының қылмысы дәлелденіп, сотталды.
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті есірткі қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды, — деді ол.