«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің аумағында шіріген ағаштарды санитарлық мақсатта кесу және орнынан алып тастау жұмыстары басталды.
Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, биыл 29 мамырдан 29 маусымға дейін ағаштарды санитарлық мақсатта кесу соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар сынды жалғыз өзі тұратын әлеуметтік осал топқа (ХӘОТ) жататын жандардың ауласында жүргізіледі.
ХӘОТ-тен ағаштарды санитарлық мақсатта кесу бойынша өтінім Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 338-30-24 телефон нөмірі бойынша қабылданады. Ағаштардың шірігенін анықтау үшін алдын ала тексеру жүргізіледі. Кейін аудан әкімдіктері тиісті іс-шаралар өткізеді, — делінген хабарламада.