Алматыдағы туризм пандемия кезеңіне дейінгі көрсеткіштерден асып түсіп, рекорд жаңарып келеді. Almaty Tourism Bureau дерегінше, кейінгі бес жылда туристик сала қала бюджетіне үш есе көп табыс әкеле бастаған. Baribar.kz тілшісі бюро ұйымдастырған баспасөз бранчына барып, қаладағы туризм қалай дамып жатқанынын біліп қайтты.
2023 жылы туризм секторынан Алматы бюджетіне 71,7 миллиард теңгеден астам салық түскен, бұл былтырмен салыстырғанда 64%-ке артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі — 106 миллиард теңге, былтырмен салыстырғанда 47%-ке өскен.
Былтыр Алматыға екі миллионға жуық турист келді, бұл туристерді жайғастыру орындарына 74 миллиард теңге және туристік агенттіктер мен операторларға 8,7 миллиард теңге табыс әкелді. Мұндай нәтиже қаланың туристік индустриясы ковидке дейінгі кезеңнің деңгейінен асып, рекордқа жеткенін көрсетеді, — дейді бюроның маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жаңабаев.
Оның айтуынша, қалаға келетін туристердің көбі — жалғыз саяхаттағанды ұнататын азаматтар. Ол Алматының табиғаты ерекше болғандықтан, жастарды қатты қызықтырады дейді.
Кейінгі жылы келген туристердің 49%-і — жас жұптар, 38%-і — жалғыз жүрген саяхатшылар. Араб әмірліктерінен келетін туристер ғана көбіне отбасылық саяхат ұйымдастыруымызды сұрайды. Негізі Алматы табиғатымен ерекше, тау-тасы көп. Сондықтан белсенді саяхатты ұнататын жастар көп қызығатын болса керек. Кейінгі жылдары Аустралиядан және басқа дүние шалғай шетінен келетіндер қатары артты. Бұл да — қуантарлық жайт, — дейді Руслан Жаңабаев.
Алматыға деген халықаралық қызығушылықтың жоғары деңгейін ұстап тұру үшін Алматы туризм бюросы қонақжайлықты қолдау жөніндегі жаңа тұжырымдаманың іске қосылғанын хабарлады. Осы бастама аясында жыл бойы блогерлер мен журналистерге арналған 12 шеберлік сабағы өткен. Әр сабақ қала өмірінің түрлі аспектісіне, мәдени іс-шараларға, тарихи және сәулетті көрікті жерлерге, сонымен қатар туристік индустрияның өзекті тенденцияларына арналған.
Айта кетерлігі, Алматы — Қазақстанда адамдарды жайғастыру орындарының саны мен туристер саны бойынша көшбасшы қала. Елімізге келген әрбір екінші шетелдік турист Алматыны таңдайды. 2023 жылы шетелдік туристердің 57%-і Алматыға алыс шетелдерден келген. Жетекші нарықтардың қатарына Ресей (32,6%), Қытай (12,2%), Үндістан (8,6%), Түркия (6%) және АҚШ (3,8%) кіреді.