Басты бетЖаңалықтарАлматыда бірыңғай...

Алматыда бірыңғай туристік билет іске қосылды

Алматыда көрікті жерлер мен экскурсияларды тиімді бағамен көруге мүмкіндік беретін саяхатшылар үшін Almaty Pass бірыңғай билеті іске қосылды.

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, бірыңғай билеті алу арқылы туристер қаржысын 63%-ке дейін үнемдейді. Мысалы, бірыңғай билеттің құны 9 990 теңгеден басталады, оған 27 300 теңге сомасындағы нысандарға бару кіреді.

Almaty Pass жүйесіне келесі туристік нысандарға бару кіреді: «Көктөбе» аспалы жолы, «Көктөбе» саябағындағы айналма жол және жылдам түсу (Fast Coaster), MEGA Alma-Ata СОО аумағындағы Happy Eye шолу дөңгелегі, Алматы хайуанаттар бағы, Ә.Қастеев атындағы өнер музейі, «Медеу-Шымбұлақ» бағытындағы Shymbulak аспалы жолы, Ботаникалық бақ, сонымен қатар қаланың қызық бағыттары бойынша Nur Bus автобусымен шолу туры, — делінген хабарламада.

Бірыңғай билетті almaty.citypass.kz ресми веб-сайттан сатып алуға болады. Құны 9 990 теңгеден басталады. Әрі қарай сайтта немесе мобайл қолданбада QR коды бар ваучер пайда болады, оны кірерде кассаға көрсету керек. QR код қызмет пакетіне байланысты нысанға бірінші келген сәттен бастап 24 немесе 72 сағат жарамды.