Алматыда кітап «емдейтін» мамандар бар. Олар жыртылған, көгерген, иістенген — бір сөзбен айтқанда, түрлі «жарақат» алған кітаптарға «ем-дом» жасап, қалпына келтіреді. Baribar.kz тілшілері Ұлттық кітапханаға барып, ерекше маман иелерінің қызметін біліп қайтты.

Көбі Алматыдағы Ұлттық кітапхананың тек үш қабаты бар деп ойлайды. Дегенмен ғимараттың астында көбі аяқ баса бермейтін, біле бермейтін тағы екі қабаты бар. Дәл сол жерде кітап «емдейтін дәрігерлер» істейді. Нақтырақ айтқанда, олар — Консервация, кітапты қалпына келтіру және түптеу қызметінің мамандары.

Бұл қызметкерлер екі бөлімде істейді: бірі ғылыми зертханада, енді біреулері түптеу және қалпына келтіру бөлімінде. Біз әуелі зертханаға барып, ғылыми зертханалық топ жетекшісі Бақытгүл Батырхановамен сөйлестік.

Бақытгүл Батырханова дәл бөлім ашылғалы бері, яғни 2001 жылдан осы жерде қызмет етеді. Бүгінде бұл істің шебері десек артық емес. Оның айтуынша, Ұлттық кітапхананың сирек қорында көптеген кітап мен журнал, газет пен қолжазба бар. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсыновтар басып шығарған, Мұхтар Әуезовтер жазған «Қазақ», «Қазақ тілі» газеттері де, соғыс жылдарына дейінгі кітаптар мен құжаттар да бар. Дегенмен оның кейбірі уақыт өте келе ескіріп, тозып, жыртылған.

Көп жылдан бері сақталған газет-журналдың, кітаптың, қолжазбаның ескіріп кетуі, жыртылуы — қалыпты нәрсе. Оған қоса түрлі жағдайға байланысты бүлінуі мүмкін. Сол себепті біз жылына екі рет кітапханадағы барлық кітапты көзбен шолып, бір тексеріп шығамыз. Бүлінген кітаптарды жинап, ең әуелі ғылыми зертханаға — осы жерге әкелеміз, — дейді Бақытгүл ханым.

Бақытгүл Батырханова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Маманның айтуынша, зертханада кітаптың биологиялық және физикалық жай-күйі тексеріліп, реттеледі. Олар әуелі кітаптарды үш күнге арнайы камераға салып, залалсыздандырады. Пандемияда ғимаратқа кірмес бұрын үстімізді толық дезинфекциялатып жүрдік қой. Міне, бұл камераның да қызметі сондай. Тек ол адамдарды емес, кітаптарды залалсыздандырады.

Кітап та адам сияқты. Оларға да ауа керек, сөреде еркін тұруы керек. Дегенмен біздің кітапханада жеті миллионнан астам кітап, газет-журнал, құжат бар. Олар көп, ал орын аз болған соң, кітаптар сөреде тығыз тұрады. Оған қоса байқаусызда су, шай төгілуі мүмкін. Кітаптың бетін дымқыл матамен сүртуі мүмкін. Осындай кезде кітап бүлінеді, көгереді. Сол себепті біз кітапты үш күн камераға қойып, залалсыздандырамыз, — дейді кітапханашы.

Мәселен Бақытгүл ханымның қолындағы мына кітап — 1916 жылы жарық көрген туынды. Дүниежүзілік соғыстың екеуін де көріп, аман қалған кітап. Мамандар оның тағы ұзақ уақыт сақталуы үшін жағдай жасап жатыр.

Бақытгүл Батырханова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Бақытгүл Батырханова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кейін «науқас» кітапты, газетті ауа сорғыш камерасына салады. Бұл камерада олар бір-екі күн жатады. Мұнда кітапқа сіңіп қалған иіс кетеді. Кейін сол жерде кітаптың бетін кәдімгі щеткамен, губкамен тазалайды.

Кейде кітаптардың бетіне жәндіктердің нәжісі түсіп кетеді. Соларды алып, тазалаймыз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кітап дәрігерінің айтуынша, кітаптар тығыз орналасса, күннің астында тұрып қалса, беттерінде қышқыл көбейіп, салдарынан сарғайып кетеді. Ал сарғайған парақ тез жыртылады. Олар осы қышқыл мөлшерін азайту үшін кітап, газет парақтарын бірнеше минутқа суға малады екен.

Суды құрылғы арқылы екі рет қайнатамыз, фильтрден өткіземіз. Қышқылы көп парақтарды суға салса, су сап-сары болып кетеді, — дейді Бақытгүл ханым.

Бақытгүл ханым 1919 жылы жарыққа шыққан «Қазақ тілі» газетін суға малып, жуып жатыр. Газет беттері өте нәзік. Оны жуғанда өте мұқият болу керек.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

1850 жылға дейін адамдар кітап шығару үшін шүберек қағаз қолданған. Олар жақсы сақталған. Ал қазіргі кітаптың барлығы дерлік ағаштан жасалады. Олар салыстырмалы түрде тез жыртылады, мұқабасы жылдам сынады, — дейді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бақытгүл Батырханованың айтуынша, қолжазбаларды газет сияқты суға малмайды. Қолмен жазылған соң, сиясы ағып кетуі мүмкін. Дегенмен бұл ол кісілерге еш кедергі емес. Олардың қолжазба бетіндегі қышқылды білуге көмектесетін арнайы фломастерлері, қышқылды азайтатын спрейі бар.

Фломастермен кітаптың бетін сызып көреміз. Жазу сары болып түссе, кітаптың қышқылы көп деген сөз. Күлгін болып түссе, таза деген сөз. Қышқылы көп кітапқа спрей шашамыз, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ал әлгі суға малған газеттерді жайып, кептіріп қояды. Маманның айтуынша, олар шамамен бір күнде толық кебеді. Кейін олардың бәрін реттеп, түптеу бөліміне жібереді.

Міне, зертханадағы процестің өзі бір аптаға созылуы мүмкін. Дегенмен біздің ісіміз — ертеңгі тарих болған соң, барынша тырысамыз, — дейді Бақытгүл Батырханова.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бақытгүл Батырханованың айтуынша, қазір кітаптар степлер арқылы бекітіледі. Ал ол кітапқа зиян. Степлер тұрған жер сарғайып, жыртылып, шіріп кетуі мүмкін. Сол себепті мамандар зертханаға келген мұндай кітаптардың степлерін алып тастайды. Ал екінші бөлімдегі әріптестері кітапты тігіп шығады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алғашқы көмек алған кітаптар, газеттер екінші бөлімге жөнелтіледі. Біз де сонда бардық. Ол жерде бізді Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің жетекшісі Аида Шоманова күтіп алды. Бұл бөлімде істейтін Аида ханым мен оның әріптестері — «хирургтар». Олар беті жыртылып қалған, түбі түсіп қалған кітапқа, шеті жыртылған мұқабаға, бөліктері жыртылған не жоғалып кеткен парақтарға, екіге, тіпті төртке айырылып кеткен кітаптардың бетіне «операция жасайды».

Қағаз — ұзақ уақыт бойы сақтауға болатын қолайлы зат. Оған біздің сирек қорда жатқан, V-VI ғасырдан бері сақталып келе жатқан қолжазбалар, кітаптар дәлел. Біздің міндетіміз — сол қолжазбалар мен сирек кітаптарға қолайлы және шамамыз келгенше ұзаққа дейін сақталуына жағдай жасау, — дейді маман.

Аида Шоманова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Аида ханым 1908 жылы жарық көрген шығарманың бір парағын алып, оны қалай қалпына келтіретінін көрсетті. Парақтың шеті жыртылып қалған екен. Аида ханым оны асты-үстінен жарық түсіп тұратын үстелге қойды. Кейін соған сай келетін парақты алып, әуелі дымқыл матамен оны сүртіп алды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жарығы бар үстел парақтың әр бөлігін, жай қарағанда көзге көрінбейтін талшықтарын көруге мүмкіндік береді. Біз қағазға жаңа қағаз жабыстырғанда талшықтарының да бірізді болғанына мән береміз, — дейді маман.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл кітаптың ортасындағы, шетіндегі бөліктері жоғалған. Біз мұның бәрін қалпына келтіреміз, кейін кітап блогына тігіп, мұқабасын желімдеп, кітапқа екінші өмір сыйлаймыз. Мұның бәрін жасамай тұрып, кітапты қайтармаймыз, — дейді Аида Шоманова.

Олар қағазды жай жабыстыра салмайды. Мамандар сол кітап бетіне ұқсайтын парақты алады, оны бірізді әрі білінбейтіндей етіп желімдейді. Желімді де өздері ұннан жасайды.

Ұн желімі өте ыңғайлы. Мәселен, қате жабыстырып қойсақ, оны қайта ажыратуға болады. Сол кезде түпнұсқа параққа да, ондағы жазуға да ештеңе болмайды, — дейді Аида ханым.

Кейін скальпель арқылы қағаздың қажет емес бөлігін кесіп алып тастайды. Міне, осылай кітаптың әр жыртық жерін жамап шығады.

Мұнымен айналысатын мамандар өте қырағы болуы керек. Біздің қызметкерлер де — өте байсалды, ісіне мұқият, ұқыпты кісілер, — дейді Аида ханым.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кейін қалпына келтірілген кітап беттерін, газет парақтарын қайта түптеп, тігіп шығады. Сөйтіп толық «жазылған» кітапты қайта кітапханаға өткізеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кітап дәрігерлерінің айтуынша, кітаптар әртүрлі материалдан жасалады. Мысалы, кейбір кітаптың мұқабасы былғарыдан тілігелді. Былғары мұқабаны жөндеу үшін оған арнайы май жағады екен.

Былғары да ескіреді, жыртылады, тесіледі. Оған жұқа етіп арнайы май жағамыз. Бұл май былғары мұқабаны иілгіш етеді, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Аида ханымның айтуынша, сирек қордағы кітаптар мен жазбалар қол ұстайды. Себебі олар өте ескі әрі құнды. Кейде мұндай кітапты толық қалпына келтіруге бір ай кетеді.

Біз кітаптың сырт келбетін, дизайнын, суретін және тағы басқасын өзгертпейміз. Оған құқығымыз да жоқ. Біз тек «жарасын таңамыз», түрлі жуылатын, шайылатын құрал арқылы қалпына келтіреміз. Кейде бір ескі кітап болады. Мұқабасының бір беті бар, екіншісі жоқ – түсіп қалған. Ондай кезде мұқабасының екінші бетін түпнұсқадан айнытпай жасап шығамыз. Дәл сол материалды таңдаймыз, дәл сол түспен бояймыз, ою-өрнекгін оямыз, — дейді Аида Шоданова.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кітап дәрігері болу оңай емес. Олар білімін жетілдіру үшін, кітапқа зиян келмейтін әдістерді үйрену үшін үнемі шетелдегі әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады. Кейінгі кезде олардың қызметіне қызығып жүрген, осы іспен айналысқысы келетін қарапайым азаматтардың көбейген. Десе де жаңа технологияға негізделген құрал-жабдық алып беретін, қаржылай көмек беретін қолдаушылар да болса екен дейді. Себебі әр азамат тарихтың әр бетін сақтап қалуға үлес қоса алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кітапты қалай күту керек?

Сөз соңында мамандар үйдегі сөредегі кітаптарды қалай күтіп-баптау керек екенін айтып берді:

  1. Кітап сөресі күн түспейтін көлеңке жерде тұруы керек.
  2. Кітаптар сөреде еркін тұруы керек, тым тығыз етіп қоюға болмайды.
  3. Кітап беттерінің шаңын сүртіп тұру керек.
  4. Кітапты сөреден үстіңгі бетінен тартпай, мұқабасының екі жағынан ұстап алу қажет.
  5. Кітаптың ортасына гүл сияқты үлкен заттарды салмаған жөн.
  6. Кітаптың бетін қайырмаған дұрыс. Мұның бәрі кітапқа зиян. Оның орнына бетбелгі қолданған жөн.
  7. Кітаптың жыртылған жерін скотчпен жабыстыруға болмайды. Оның орнына ПВА желімін қолдану керек.