Күнделікті өмірде «Білім алу, оқу жасқа қарамайды» деген сөзді жиі естиміз. Шын мәнінде білім алып, оқу оқып жүрген үлкен кісілерді сирек ұшыратамыз.
Baribar.kz тілшісі ағылшын тілін үйреніп жүрген Алтынай Тастанбекқызымен сөйлесіп, тіл үйренудің маңызы мен қоғамдағы жасқа қатысты таптаурындар туралы сұрады.
«Тіл үйренуіме әділетсіздік себеп болды»
Алтынай Тастанбекқызы 52 жаста. Негізгі мамандығы — тарихшы. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде аға оқытушы болып істеген. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әлеуметтану пәні бойынша докторантурада оқып жүр.
Жасым келіп қалса да докторантураға түстім. Қазір ғылым саласында қызмет істеп жүрмін. Ғылым саласында тіл білу маңызды. Қазақ, орыс, түрік тілін өте жақсы білемін. Енді ағылшын тілінде еркін сөйлеуге ұмтылып жүрмін. Менің ойымша, үйрену жас талғамайды. Уақытында түрлі кедергі болғандықтан, ағылшын тілін толық үйренбедік. Осы себепке байланысты әлем тілдерін үйренемін деп шештім, – дейді ол.
Ол аспирантураны аяқтап, докторантураға түсетін кезде әділетсіздік көрген. Осы әділетсіздік ағылшын тілін үйреніп, ғылыммен айналысуына себеп болған.
2009-2010 жылдары докторантураға түсетін мезетте түрлі қысым болды. Біздің орнымызға лауазымды кісілер ұсынылып, біз қалып кеттік. Тіл үйренуіме сол жылдары көрген әділетсіздік себеп десем де болады. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін, өз еңбегіммен докторантураға да түстім. Менің ойымша, тіл білетін, білімі мықты адам далада қалмайды. Осы үшін де әрқашан өзімізді дамытып отыруымыз керек, – дейді Алтынай ханым.
«Ғылым саласында тіл білу – артықшылық»
Алтынай ханымның айтуынша, тіл білудің пайдасы көп. Әсіресе ғылым саласында тіл білу — үлкен артықшылық.
Ғылыми жұмыс барысында да, ғылыми қарым-қатынаста да ағылшын тілі қажет. Тіл білу арқылы зерттеу объектісі бір, бірақ тіл білмейтін екі ғалымды таныстырып, дәнекер болып жүрмін. Осылай да ғылымға өз үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын. Менің мақсатым – зерттеулерімді әлемдік деңгейге шығарып, өзге ұлттармен емін-еркін қарым-қатынас жасау, – дейді ол.
Ол ағылшын орталығына аптасына төрт рет барады. Тіл үйреніп жүргеніне алты ай болған.
Негізі ағылшын тілін аздап білетінмін. Бірақ басынан бастауды жөн көрдім. Себебі ортада білмейтін нәрселерім қалып қоюы мүмкін. Жазуым сауатты болса да, сөйлеуімде проблема бар. Сол себептерге байланысты Wall Street English орталығына келдім. Орталық ұнады. Қанша теңге төлейтінімді айта алмаймын, бірақ сомасы тиімді, – дейді Алтынай Тастанбекқызы.
«Тіл үйрену үшін ақыл емес, батылдық керек»
Алтынай Тастанбекқызының сөзіне қарағанда, ағылшын тілін үйрену үшін ақылды болу шарт емес.
Қазақтар ағылшын тілінде сөйлеуге ұялады. Жасықтық бар. Көп адам алға ұмтылып, іс жүзінде көрсетуге қорқады. Мысалы, көлікті айдау үшін батылдық керек. Менің ойымша, тіл үйрену де көлік айдау секілді. Ағылшын тілін үйрену үшін ақыл емес, батылдық керек. Ақылды, білімді болу шарт емес. Кез келген адам сөйлеп кетеді. Бастысы – практика, – дейді ол.
Ол ағылшын тілін үйренген кезде уақытша қиындықтарға сынбау керек екенін де айтты.
Төрт айдан кейін сынып кеткен кезім болды. Ол адамның табиғаты ғой. Көңілсіз кезімде «Уақытымды босқа өлтіріп жүрмін бе?»,«Осы жасымда тілді толық үйрене алам ба?» «Уақытымды басқа нәрсеге арнауым керек пе еді?» деген сұрақтар мазалады. Осы сәтте коучтарым психологиялық тұрғыдан көмек беріп, жеңіл өтіп кетуіме септесті. Шын мәнінде өзім қиындатып жүр екенмін. Мидан «бұл қиын» деген нәрсені алып тастау қажет, – дейді Алтынай Тастанбекқызы.
«Бұл жаста саған не жоқ?»
Алтынай Тастанбекқызы «Бұл жаста не үшін тіл үйренесің?» «Ағылшын саған не керек?» деген адамдардың болғанына тоқталды.
«Бұл жаста саған не жоқ?» «Жасың келгенде не болды?» деп айтатындар бар. Ол адамдарға пайғамбардың 40 жаста пайғамбар болғанын, ғұламаның бәрі 50 жасында жоғары деңгейге жеткенін айтып, «білімге елгенде жасқа шектеу жоқ» деп тыйып тастаймын, – дейді ол.
Ол жастарға тіл үйренудің маңызын айтып, нақты кеңес берді.
Негізі жастар тіл білгені дұрыс. Көп жағдайда «оқыңдар», «білім алыңдар» деп кеңес беремін. Тіл үйрену арқылы білім деңгейі кеңейіп қана қоймайды, ми дамиды. Жастар шетелге шыққан кезде ғана тіл үйрену маңызды екенін түсінеді. Негізі ештеңеден тартынбай, нақты қадам жасап, бастап кету керек. Ағылшын тілін үйреніп жүргендер тастап кетпеуге тырысуы қажет, – дейді Алтынай ханым.
***
Тағы оқыңыз:
Skills academy. Берікбол Төлегеннің білім саласын коммерциялаудағы жетістігі мен қиындықтары