— Берікбол, Skills academy компаниясы немен айналысады? Қысқаша таныстырып беріңізші…

— Skills academy атауымен нарықта жүргенімізге 5 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында білім саласы бойынша бірнеше қызмет атқардық. Жобамыз студенттік стартаптан басталды. 2-курста оқып жүргенімізде «Ыстықкөл сапарында» интернет журналистика, жаңа медиа бойынша дәріс алдық. Сол кезде қызығушылығымыз оянып, студенттік сайтымызды жасадық. Осы бастама арқылы кейін компания құрып, әртүрлі жобаны жүзеге асырдық. Қазір компанияның бірнеше бағыты бар. Шыны керек, студент кезімде осы салада кәсіп жүргіземін деп ойламадым. Бірінші жоба — ақпараттық білім порталы. Екінші жоба бойынша оқушыларға, студенттерге, мұғалімдерге олимпиадалар ұйымдастырамыз. Үшіншісі — Skills academy білім беру орталығы. Бұл орталық қазақ және орыс тілінде Алматыда онлайн-офлайн және бүкіл Қазақстан бойынша онлайн форматта білім береді.

— Бұл орталықты ашуға не себеп болды? Мемлекеттік мекемелермен қатар мұндай оқу орталықтары неге көбейіп жатыр?

— Бұл орталықты ашуыма тек қызығушылығым әсер етті. Белгілі бір компанияның франшизасын алып жүргізгеннен гөрі кішкентай болса да, жеке жобамды жүзеге асыру қызық. Бұл — менің осы саладағы екінші талпынысым. Бұған дейін 2019 жылы Алматыда оқу орталығымызды аштық. Жұмыс жақсы жүріп бастады. Дегенмен карантинге түсіп, тоқтатуымызға тура келді. Мұны көпшілік білмеді. Пандемияның әсерін ол кезде ешкім болжай алмаған еді. Карантин уақытында офлайннан онлайнға ауысуды жоспарладым. Басқа жобалармен қатар бір жыл бойы Skillsacademy.kz платформасын жасап шықтық. Кәсіби компаниямен келісімшартқа отырдық, олар біздің сайтымызды толыққанды платформа ретінде дайындады. Осы уақыт аралығында былтырғы желтоқсан айынан бастап мұғалімдерді таңдап, Алматы бойынша білікті, шетелде білім алған, ерекше методикасы бар мұғалімдерді іріктеп, сабақтар түсіріп шықтық. Осы жарты жыл ішінде онлайндағы сатылымды бастадық. Бұл жобаның сәтті болатынына, болашағы бар екеніне сенімдіміз. Онлайн сабақтар болған соң, тұтынушылар офлайн форматты да сұрайды. Сол себепті Абай мен Манас көшелерінің қиылысынан орталығымызды аштық. Әсіресе, тіл үйренушілер үшін офлайн формат маңызды екенін түсініп отырмыз. Өйткені олар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасаса, тиімділік артады.

Мұндай оқу орындарының көбеюі — мемлекеттік мекемелердегі білім сапасының төмендеуінің, тегін білімде проблема бар екенінің көрсеткіші, бірақ бұл сөзіме өзім де толық келісе қоймаймын. Себебі кейінгі 2 жылда еліміздегі мектептерге өте көп оң өзгеріс еніп жатыр. Мысалы, қазір ұстаздардың жалақысы жоғары, олар қарапайым қосымша орталықтардың беретін ақшасын аса қатты бағаламайды. Мектепте мұғалімдерге жақсы жағдай жасалып жатыр. Олар енді қосымша жұмыстарға уақыт жоғалтпай, бар білгенін мектепке арнай алады. Сонымен қатар жекеменшік мектептердің саны көбейіп жатыр, бірақ жекеменшік болса да, кейбірін белгілі бір деңгейде мемлекет те қаржыландырады. Оқушыларды бағыттайды. Бір жағынан бұл кәсіптің көзі болып отыр. Екінші жағынан бәсекелестікті туындатты, дегенмен бұдан ешқандай қауіп көріп отырған жоқпын. Уақыт өте келе сапалы білім беретін орталықтар іріктеледі. Біз де сол тізімде болуға ұмтылып жатырмыз. Командама «Тұтынушыға тек сапалы білім беруіміз қажет» деп жиі ескертемін.

Skills academy
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Skills academy орталығы ашылғалы елдегі қосымша білімге сұраныс деңгейін байқаған боларсыз? Қандай баға берер едіңіз?

— Иә, қосымша білімге сұраныс өте жоғары. Қазір интернеттің қолжетімділігі көп мүмкіндік ашып отыр. Шетелде білім алғысы келетіндер көбейген. Бұрын шетелдік оқу орындарына түсу үлкен процестер арқылы жүрсе, қазір мектеп бітірген оқушы да, университет қабырғасында жүрген студент те түрлі бағдарлама арқылы осы мақсатына қол жеткізе алады. Өткен жолы командамызбен шетелде оқытатын компаниямен қатар жұмыс істедік. Сол кезде оларға өте көп клиент келетін. Күніне бірнеше ата-ана баласының біліміне қатысты консультация алып кетеді. Осының өзі қосымша білімге сұраныстың жоғары екенін аңғартты. Шетелде білім алғысы келетіндер ағылшын тілін жетік білуі қажет. Әрине, осы тұста қосымша оқу орталықтарының ролі жоғары. Кеше ғана орталығымызға 2GIS қосымшасының қызметкерлері келді. Олардың айтуынша, Алматыда ағылшын тілін үйрететін мыңнан астам оқу орталығы тіркелген екен.

— Skills academy компаниясы Qaztest.kz олимпиада ұйымдастыру орталығын да жүргізіп отыр. Бұл жобаның мақсаты не? Мұғалімдер, оқушылар олимпиадаларға қатысуға неге қызығушылық білдіреді?

— Компаниямыздың екінші жобасы — Qaztest.kz олимпиада сайты. Бұл сайт 2017 жылдың сәуір айында нарыққа келді. Ол кезде қазақстандық мұғалімдердің, оқушылардың барлығы ресейлік Іnfourok.ru, Intolimp.org сияқты сайттарды пайдаланатын. Оқушы кезімде өзім де осы сайттардың олимпиадаларына қатысқанмын. Ол кезде 1 000 теңгеден бастап 10 000 теңгеге дейін ақылы жарыстар болатын, бірақ сұрақтар Қазақстанның білім бағдарламасына сай келмейтін. Сол кезде «Неге осындай жобаны жасамасқа?» деп ойладым. Студент болдым, Martebe.kz білім порталын жасадым, кейін 2016 жылы Qaztest.kz сайтын құрастыруға бел будым. Сол кездің өзінде бұл сайт қомақты ақшаға жасалды. 1 миллион теңгенің төңірегінде әзірленді. Ол сайттың негізгі мақсаты қазақтілді олимпиада ұйымдастыру болды. Сол арқылы Ахмет Байтұрсынов атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиаданы биыл бесінші жыл қатарынан ұйымдастырдық. Ермахан Бекмаханов атындағы Қазақстан тарихы пәнінен олимпиадалар ұйымдастырып жүрміз. Мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға, тәрбиешілерге, студенттерге арналған олимпиадалар жасадық. Оның сұрақтарын интернеттен алып қоя салмадық. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен меморандум жасап, тікелей келісімшарт арқылы дайындап, мұғалімдерге ұсынып отырдық. Қатысушылар Қазақстан бойынша әділ түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Өкінішке қарай, елімізде кейіннен ашылған осы бағыттағы сайттар, Kaspi gold-тың жүйесімен ғана аударым жасайтын, заты белгісіз байқаулар көбейіп кетті де, онлайн олимпиадаларға сенім азайды. Сондықтан кейінгі жылы министрлік онлайн олимпиадаларға қатыспауды ұсынды, бірақ бұл жағдай тұтынушыларымыздың санын белгілі бір деңгейде азайтқанымен, әлі күнге дейін олимпиаданы іздеп сұраушылар көп. Сол себепті бұл жобаны тоқтату жоспарымызда жоқ. Керісінше, жетілдіріп, дамыта береміз. Осы күнге дейін сыбайлас жемқорлыққа жол бермедік. Орынды, жүлдені сатып алуға қатысты ұсыныс білдіргендер болды, бірақ бір де біреуіне дипломдарымызды сатқан емеспіз. Мұндайға үзілді-кесілді қарсымыз. Кейіннен жүлдегерді IP-адрес арқылы анықтауды енгіздік. Жүлдегерлер тек диплом емес, төсбелгі, стипендия, ноутбук, смартфон сияқты сыйлықтар алды. Мемлекеттен немесе басқа да ұйымдардан демеушілік алып отырған жоқпыз. Өзімізді-өзіміз қаржыландырамыз.

Қазір «ҰБТ-батл» деген қолданбаны жасап жатырмыз. Мұнда оқушылар Қазақстан бойынша өзінің қарсыласын таңдап, кезек-кезек сұрақтарға жауап беріп, мықтыны анықтайды. Бұл қосымшаның ерекшелігі — оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына ойын арқылы қызығушылығын ояту. Мысалы, автобуста немесе үзіліс арасында ҰБТ сұрақтарын қойып, ойнап, жарысып, ақпаратты еске сақтайды. Қолданба нарыққа қазан-қараша айында шығады. Функционал жағынан осы бағыт бойынша елімізде баламасы жоқ қолданба болғалы тұр. Құрастытырып жатқан — тәжірибесі мол шетелдік бағдарламашылар. Жұмыс толық дайын болмаса да, күткеніміздей әзірленіп, қазірдің өзінде көңілімізден шығып жатыр.

Берікбол Төлеген
Берікбол Төлеген. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Білім саласына қатысты бірнеше жобаңыз бар екенін білеміз. Соның бірі — Martebe.kz білім порталы. Портал білім саласына қандай үлес қосып отыр?

Martebe.kz білім порталының домені 2014 жылы тіркелді. 7 жыл уақыт өткен екен, осы аралықта порталды көп контентпен толтырдық. Мұғалімдер жетістіктерін жариялады. Сол арқылы дерегін түгендеді. Қазіргі кезде сайттан оқушылар, студенттер өзіне қажет ақпаратты таба алады. Одан кейін мектепте болып жатқан жаңалықтарын, ғылыми жобаларын сайтқа жариялай алады. Әдетте басылым бетіне мұндай ақпараттарды жариялау көп уақыт алады. Біз бұл жағынан барлығын жеңілдетіп қойдық. Бізге материалды жібереді, тексеріп, сайтта бірден жариялаймыз. Martebe.kz өзін-өзі қаржыландыратын деңгейге жетті. Монетизациясы — контекстік жарнамалар. Университеттерден де имидждік материалдар жиі келеді. Сүзгіден өткізіп, артық цензурасыз материалдарды жариялап отырамыз. Осыған дейін бір де бір рет мемлекеттік сатып алуға қатыспадық. Бұл — менің кемшілігімнен болып отырған жағдай. Кез келген адамға барып өтініш айта бермеймін, белігілі принциптерім бар. Cоның салдарынан көп жобамды өз деңгейімде ғана жасадым. Мысалы, Ozattar.kz сайтымыз болды. Оны үлкен жоба ретінде 2 жыл ғана жүргіздік. Ары қарай дамытуға қаржылай мүмкіндігіміз болмады. Ozattar энциклопедиясының идеясы мынада еді. Оқушы кезімізде «Әдеби әлем» деген сайт жұмыс істейтін. Ол жерде барлық ақын-жазушының өмірбаяны хронология бойынша берілетін. Студент кезімде «Әр мұғалім сый-құрметке лайық. Олар 40-50 жыл мектепте қызмет етеді. Осындай еңбек адамдары ұмытылып кетіп жатыр. Неге мұғалімдер туралы осындай база жасамасқа?» деген ой келді. Мұғалімдер туралы ақпарат интернетте сақталып жатқан жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Ozattar — Қазақстан білімділерінің энциклопедиясы» жобасын жасадық. Өкінішке қарай, қаржылай мүмкіндігіміз жеткенше тек 5 мың адамды қамти алдық. Меніңше, бұл идея мемлекет деңгейінде жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын. Облыстық ішкі саясат басқармаларына барып, осы жобамды ұсынып көрдім, бірақ екінші рет ондай жерге бас сұқпастай болып, бетім қайтып қалды. Қазір тек өз командамыздың деңгейінде ғана жүргізіп келеміз.

— Skills academy түлектері қандай жетістікке қол жеткізіп жүр? Оқушылардан қандай оң өзгерістерді байқайсыз?

— Біздің Ozattar, Qaztest жобасының жеңімпаздары — республикамыздың ең таңдаулы, ең дарынды оқушылары. Біз соларды іріктеп, білімдерін сынау арқылы марапат үлестірдік. Біз олармен әрдайым мақтанамыз. Бұл оқушылар туралы ақпарат сайттарымызда, әлеуметтік желілерде ұдайы жарияланып отырады. Жаңа жобамыз Skillsacademy.kz платформасының іске қосылғанына 2 ай ғана болды. Қазірге дейін 200-дей оқушыны оқытып бастадық. Күнделікті өте жақсы пікір келіп жатады. Speaking club тегін жүргізіледі. Көбі «Мұндай сапалы контент күтпедік. Платформа өте ыңғайлы» деп жазады. Бұл бізді ынталандырады. Оны әлі де жетілдіреміз. Нарықтағы озық бағдарламаны жасап шығуға тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта сол бойынша оқушыларға, студенттерге, ересектерге нарықтағы бағадан 10 есе тиімді бағада ұсынамыз. Бұл — жай сөз емес. Мысалы, қарапайым орталықта Elementary деңгейін 3-3,5 айда оқытады. Әр айға орташа 20 мың теңгеден есептесеңіз, 70 мың теңгеге жуық төлейсіз. Біздің платформада толық деңгейдің бағасы — 7 мың теңге.

— Әңгімеңізге рақмет!