12 мамырда Непал уақытымен сағат 7:25-те Kazakh Everest team экспедициясының альпинистері ғаламшардағы ең биік шың — Эвересті бағындырды. Экспедиция сапында Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева және Әлмир Қымбатбайұлы бар. Анар Бурашева — бұл шыңды бағындырған тұңғыш қазақ қызы. Baribar.kz альпинистер өткізген баспасөз конференциясына қатысып, сапар жайлы толық ақпарат алды.
«Жорыққа шығар алдында күн райы бұзылды»
Экспедиция жетекшісі — Эвересті осымен үшінші рет бағындарған әйгілі альпинист Мақсат Жұмаев. Анар Бурашева да — альпинист. Ал Әлмир Қымбатбайұлы — құрылыс компаниясының қызметкері. Әльмир мен Анар Эвересті алғаш рет бағындырып отыр. Мақсұт Жұмаев бұл биікті үшінші рет бағындырса да, сапар кезінде бірқатар қиындық болғанын айтты. Команда сапарға шықпас бұрын ауа райы ең қолайлы болатын аралықты таңдаған.
Мүмкіндігіміз бен барлық қауіп-қатерді ескере отырып, алғашқы «ауа райы терезесін» пайдаландық. Бұл — салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы орнап, тауға шығу мүмкін болатын күндер. Эвересте «ауа райы терезесі» жылына екі рет — мамырдың ортасында және қарашада болады. Бірақ соған қарамастан бұл жолы күн қолайсыз болды. Жорық басталар алдында түнде күн райы бұзылды. Қар жауып, жолдың кейбір қауіпті бөлігі көрінбей қалды. Алысты көру мүмкіндігі азайып, 8000 метр биіктен бастап (альпинистер «өлім аймағы» деп атайтын биік — ред.) оттегі маскасын тағу қажет болды. Себебі ауада атмосферада болатын және адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажет оттегінің үштен бір бөлігі ғана болды, — дейді ол.
Алайда оттегі маскасын Мақсұт Жұмаевтың өзі тақпаған. Анар Бурашева бұл — жетекшінің мол тәжірибесі мен мықтылығының дәлелі дейді.
Шынымды айтсам, бұл шыңға шығардағы жолсерігім, жетекшім Мақсұт Жұмаев болғанын мақтан тұтамын. Ол кісі біз сияқты оттегі маскасын тақпады. Ал статистика бойынша, бұл шыңға оттегі маскасын тақпай шыққан 10 адамның тек үшеуі тірі қалады екен. Тауға өрмелеп жатқанда Қазақстан альпинистерінің, әсіресе Мақсұт Жұмаевтың өзге альпинистер арасындағы абыройы жоғары екеніне көзім жетті. Бізбен бірге Эвересті бағындыруға түрлі ел альпинисі жиналды. Бәрі жолға бізбен шыққысы келді. Мақсұт Жұмаевтың артынан ілесіп отырғысы келді. Лагерьде тынығып отырғанда да кеңес сұрауға келгендер көп болды, — дейді Анар.
«Жолда асқазаным ауырды»
Қазақтан шыққан тұңғыш альпинист қыз Анар бірінші сапар оңай болмады дейді. Эвереске шығар жолдағы ақырғы кезеңде оның денсаулығы сыр берген.
Базалық лагерьде тынығып, таңертең қайта жолға шығуымыз керек болды. Ал менің асқазаным ауыра бастады. Осы кезде тауда ұлт, дін, тіл, ел демей, бәрі бір-біріне бауыр екенін түсіндім. Біздің экспедиция құрамында дәрігер болған жоқ. Көрші лагерьге барып көмек сұрағанда, бірден көмектесті. Дәрі берді. Мен де дереу жазылып, ертемен жорыққа шығып кеттім, — дейді ол.
Мақсұт Жұмаев Эверест шыңын бағындыру үшін әуелі денсаулық қажет дейді. Тобындағы Анар сәл мазасызданғанына біршама уайымдап қалған.
Эвересті бағындыруға екінің бірінің денсаулығы жете бермейді. Биікке көтерілген сайын бәріміздің даусымыз қарлыға бастады. Ауырып қалуға, суық тидіріп алуға мүлдем болмайды. Тауда адам жөтеле қалса, өкпесі дереу ісіп кетеді. Содан шыңға жетпей қаза болған альпинистер бар, — дейді ол.
Қайтар жолдың қиыны
Экспедиция жетекшісі шыңға жетіп тұрып, мақсатына жете алмай қаза болатындар барын да айтты. Жүзге тарта адам кезекте тұрған соң, адамдар күтіп, денесін мұз басып, сол күйінде жан беруі де мүмкін. Былтыр осылай 18 адам қайтыс болған.
Альпинистер бұл жолы Эвересті бағындыруға шығып, қайтар жолда қайтыс болған адамдардың хабарын алған. Жетекшінің сөзіне қарағанда, шыңға жетіп тұрып, қайтарда шыдас бере алмай қалатын жағдай да көп болады. Ал Эвересті бағындырғандар тізіміне шыңға шығып, одан аман-есен түскендер ғана енеді.
Шыңды бағындыру да мүлдем оңай емес, әрине. Бірақ аман-есен түсу одан да қиын. Біз лагерьге келген соң моңғолиялық екі альпинист шыңды бағындырып, қайтып бара жатқанда қайтыс болғанын естідік. Кейбірі тіпті шыңда қаза болуы мүмкін. 8 848 метр биіктегі желдің күші қатты. Бұған қоса тауды түгел мұз басқан. Қайтар жолда адамдар қатты шаршап, тоңып, күш жоғалтып алғанда автоматты түрде қозғала береді. Осындай кезде зейінді жоғалтпау, карабинді (ілгекті) бекітуді ұмытпау және шерптің нұсқауларын қатаң сақтау маңызды, — дейді ол.
Анар да қайтар жол қиындау болды дейді. Бірақ оған «әкемнің атын шығарсам» деген арманы күш берген.
Негізі, шыңға шығарда бізде сол шыңды бағындырсақ, ұшар басына жетсек деген үлкен арман, керемет мотивация болады. Ал қайтарда адами фактор — босаңсып қаламыз. Сол үшін де физикалық тұрғыдан екі есе қиын болып кететін сияқты. Бірақ мен Эвересті бағындыру жайлы ой пайда болған соң әкемнен айрылып қалдым. Сол кезде-ақ осы арманым беки түсті. Әкемнің атын шығару үшін шыңды бағындырғым келді. Сондықтан қайтар жолда да мені осы арманым аман оралуға қайрап келді деп ойлаймын, — дейді ол.
Қазақстан альпинистері Эвересті бағындырғаны жайлы хабар шыққанда алғашқы тізімде Әлмир Қымбатбайұлының есімі болған жоқ. Жаңалықтарды жіті бақылап отырған альпинизм сүйер адамдар осы кезде ол үшін де алаңдап қалды.
Шыңға көтерілгенде бәріміз бір сызық бойымен, сап түзеп жүрдік, тәртіп солай. Мен бір кезде кішкене тынығу үшін аялдап алдым. Ал Анар мен Мақсұт алға қарай жүре берді. Мұндай кезде ешкімге күт деп айта алмайсың. Кейін қайтадан көтеріле бастадым. Осылай шыңға олардан 20 минут кешігіп жеттім. Кейін қайтар жолдағы базалық лагерьде біраз тынықтық. Анар мен Мақсұт қайтадан жолға шығып кетті. Ал мен тағы демалуым керек екенін түсіндім. Бұрын альпинизммен айналыспағанмын. Негізінен спорттан тек боксқа қатысатынмын. Уақыт өте тауға шығатын болдым. Сөйтіп жүргенде Эверестен бір-ақ шықтым. Бірінші сапарым болған соң, дене ахуалыма қатты мән бердім. Сондықтан Анар мен Мақсұтқа базалық лагерьде қонып, таңертең ерте қайта жолға шығатынымды айттым. Осылайй, сапарды сәл кештеу аяқтадым. Сондықтан Эвересті бағындырғандардың бірінші тізіміне кірмей қалдым, — дейді Әлмир.
Қазақстан альпинизмінің жаңа рекорды
Экспедиция мүшелері елге дін аман, жұлдыз болып оралды. Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, бұл сапарда Қазақстан альпинизмі үшін бірден екі рет рекорд орнады. Анар Бурашева — Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ қызы болып тарихта қалды. Сонымен қатар бір күнде бірден үш қазақ альпинисі Эвересті бағындырғаны да — отандық альпинизм үшін айтулы жаңалық.
Рекордқа толы жорық 7 мамырда басталды, ал команда базалық лагерьге (5 350 м.) 13 мамырда оралды. Альпинистер әзірге әлі де әлемдегі ең биік шыңды бағындырғанын толық сезінбегенін айтты.
Шынымды айтсам, Эвереске шыққанда да не сезінерімізді білмедік. Елге оралғалы бірнеше күн өтсе де, жағдайды толық сезіне алмай жатқан сияқтымыз. Бірақ бәрі құттықтап, құрмет көрсетіп жатыр. Оған, әрине, қуанасың. Бізді әуежайдан күтіп алғанда әскери оркестр ойнап тұрды. Халықтың қошеметі тіпті ерекше болып жатыр, — дейді Анар Бурашева.
Баспасөз конфецеренциясы кезінде Эвересті бағындырған үш альпинист Мақсұт Жұмаевқа, Анар Бурашева мен Әлмир Қымбатбайұлына отандық Everest Development құрылыс компаниясы екі бөлмелі пәтер сертификатын табыстады. Анар мұндай құрметке алғыс білдіріп, пәтерге қатысты жоспарын да айтты.
Анам Риддерде тұрады. Жанымда болғанын қалаймын. Әкемнен айрылып қалған соң, енді бізді ол жақта ештеңе ұстап тұрған жоқ сияқты. Сондықтан енді анамды Алматыға көшіріп аламын. Сол үшін де мұндай сыйлық ерекше қуантты, — дейді ол.
Болашаққа жоспар
Қазір «Kazakh Everest Team» экспедициясын қолдау үшін қазақстандық альпинистердің Эвереске шыққаны туралы фильм түсіріліп жатыр. Деректі фильмді режиссер Ғибрат Бақаев түсіріп, биыл күзде көпшілікке ұсынады. Айта кетерлігі, түсірілім тобы Непалда қатысушылармен бірге жүріп, олардың шыңға шығуға дайындығынан құнды кадрлар түсіріп алған. Іс-шарада сапардан бірнеше кадр көрсетілді.
Альпинистер жақын арада сапар туралы кітап та жазылуы мүмкін дейді. Мақсұт Жұмаев Эверест жорығының нақты жол кестесін әзірлеп, сапарға дайындық жайлы толық туынды жазғысы келетінін айтты. Анар Бурашева да өзінің тарихи сапары туралы еңбек жазып қалдырғысы келетінін, алайда бұл туралы сәл кейінірек ойланатынын айтты.
Сонымен қатар Мақсұт Жұмаев болашақта Еуропаның ең биік шыңы Монбланды да Анармен бағындырғысы келетінін жеткізді.
Монблан шыңына Анар шығып қойған. Демек, ол сапарда Анар маған жетекшілік етуі де мүмкін, — деді ол күліп.
Ал Анар әлемнің ең биік жеті шыңын бағындыруды армандайды.
Барлық құрлықтың ең биік тауларына шыққым келеді. Бұған қоса қазірдің өзінде қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар! — дейді Анар Бурашева.
Эверест жорығын толығымен Everest Development құрылыс компаниясы ұйымдастырып, барлық шығынды өз мойнына алған. Бұған дейін мұндай сапарға шығу үшін бір альпиниске шамамен 40 мың — 100 мың доллар қажет екені туралы жазған едік.