Қазақ қызы алғаш рет Эверест шыңын бағындыруға аттанады

Эверест, альпинизм, Анар Бурашева
Анар Бурашева. Фото: Kazakh Everest Team
Эверест шыңына шығу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл биікті бағындыруды кез келген альпинист армандайды. Спортшы, марафоншы, көптеген халықаралық жарыстың жүлдегері Анар Бурашева да осы шыңға көтеріліп, альпинизм әлемінде гендерлік теңдік орнатқысы келеді. Ол Kazakh Everest Team-мен бірге 6 сәуірде Эверест сапарына аттанады. Спортшы Baribar.kz тілшісіне альпинизм жайлы, жақында болатын экспедиция туралы айтып берді.

Эверест сапары туралы

Kazakh Everest Team қазақстандық спорттық-патриоттық экспедициясы 6 сәуірде планетадағы ең биік шың Эверест шыңын бағындыруға аттанады. Экспедицияның мақсаты Эвересте Қазақстанның мемлекеттік туын көтеру. Сонымен қатар экспедиция бұл сапарды Қазақстанның көрнекті батырлары – армия генералы Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнайды.

Экспедицияның идеялық шабыттандырушысыҚазақстанның скайраннер-спортшысы Анар Бурашева. Ол гендерлік теңдік мәселесі альпинизмде де көтерілуі керек деп есептейді. High Adventure Expeditions мәліметтері бойынша, Эвересті бағындырудың бүкіл тарихында бұл шыңға 799 әйел шыққан. Ал Анар — бұл шыңды бағындыруды мақсат еткен бірінші қазақ қызы.

Бұл шыңды бағындыруды альпинистердің бәрі армандайды. Ал мен шыңды бағындыру деген ұғым тек ерлерге қатысты болғанын қаламаймын. Осы сәтті ұзақ күттім. Көп дайындалдым, — дейді Анар.

Kazakh Everest Team тобының құрамында жеті адам бар. Экспедиция басшысы болып аты аңызға айналған қазақстандық альпинист, қорғаныс министрлігінің арнайы операциялар күштерін тау-кен даярлау орталығының майоры Мақсұт Жұмаев тағайындалды

Экспедицияға дайындық

Анар басында уайымдағанымен, қазір толық дайын болғанын айтады.

Шамамен жарты жыл дайындалдық. Тауды бағындыруға қатысты жаттығулар, дене дайындығынан бөлек, психологиялық тұрғыдан да дайындалдық. Мұндай сапарда топтың барлық мүшесі бір-бірін қолдай алуы керек. Топта кіл ер адамдар болса да, өзімді осы экспедицияның толық мүшесі сезінемін. Алда бәрімізді ең қызық әрі өте қауіпті сапар күтіп тұр. Сондықтан қорқыныш та бар. Басында уайымдап жүрдім, бірақ уақыт жақындаған сайын жүрегім орнына түсіп, қазір өзімді толық дайынмын деп есептеймін. Денсаулығымызды бастан-аяқ тексерттік, — дейді ол.

Эверест, альпинизм, Анар Бурашева
Анар Бурашева. Фото: Kazakh Everest Team

Анар мұндай сапарда жеке дара дайындық аздық ететінін айтады. Ол Эвересті бағындыру үшін команда бір-бірін жақсы сезінуі керек деп есептейді.

Бәрімізге ментал жағынан қиын болуы мүмкін. Жеті адам бірге жүреміз. Бір-бірімізді үрейлендірмей, қолдап жүруіміз қажет. Альпинизм мектебінде бізге тіпті дауыс тембрін басқару қажет деп үйретті. Себебі тауда дауысыңды сәл көтерсең де, айқай болып естіледі. Сол үшін үрейге бой алдырмай, командадағы альпинистерді құрметтеу қажет, — дейді Анар.

Экспедиция екі айға созылады. Қазір альпинистік топ кейінгі дайындықтарын пысықтап жатыр.

Екі ай бойы суға түспейміз. Сусабын мен су көрмегеннен оралғанда шашымның халі тіпті нашар болатын шығар (күліп). Бұған қоса Эверест шыңына көтерілгенде альпинист 5-20 келіге дейін салмақ тастайды. Қазір кейінгі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өзіммен бірге отбасымның суретін алып алатын шығармын. Сапар қауіпті екенін мойындаймын. Сондықтан анам қатты алаңдап отыр. Бірақ ол бұл менің арманым екенін түсінеді. Сондықтан батасын берді. Ал әкем, өкінішке қарай, былтыр дүниеден өтті. Әкемнің есімі аталса деген ой да осы сапарға аттануға шабыт берді, — дейді Анар.

«Қазақтан бір қыз Эвересті бағындырса» — Анардың альпинизмге келуі

Анар альпинизмге бес жыл бұрын келген. Бірақ ол оған дейін де белсенді спортшы болған.

Бұрыннан жүгірумен айналысатынмын, кейін 10 жылдай тауда жүгіріп жүрдім. Алған әсерім өзіме жеткіліксіз көріне бастады. Сөйтіп жүріп, альпинизмге келдім. Бізде альпинистер қауымдастығы аса үлкен де емес. Сондықтан көп уақыт өтпей Мақсұт Жұмаевпен таныстым. Ол да маған сенім артты. Танысқанда оған «Қазақтан бір қыз Эвересті бағындырса» деген ой келіпті. Естігенде қатты таңғалдым. Себебі, айтқанымдай, Эверест арманым еді. Осындай аңыз тұлғамен бірге өзімнің арманымдағы сапарға аттанатыныма қуаныштымын, — дейді спортшы.

Анар осы бес жыл ішінде бірнеше шыңды бағындырған. Оның айтуынша, бұл — оны Эверест шыңына жетелеген жол. Ол 1Б, 2а және 2б санаттарындағы 3 450 метрден 4 315 метрге дейінгі жергілікті шыңдарды, Талғар шыңын (4 979 метр) бағындырған. Сонымен қатар Монблан (4 809 метр) және Килиманджаров (5 895 метр) деген әлемдік шыңдарға экспедициялармен шыққан. Анар қазір Space Trail Running клубында жаттықтырушы, Sky Run Group-та скайраннер және Nike Running Club Almaty-да пейсер болып істейді. Thian Shan trail race (42 км), Tengri ultra (35 км), Алматы таулы жартылай марафоны, Irbis race (42 км), Red planet Race (30 км), Алматы марафоны (42 км), Madeira Island Ultra Trail (60 км) және басқа да кәсіби жарыстарда бірінші және жүлделі орындар үшін спорттық марапаттарға ие болған. 2021 жылғы қаңтарда «Қазақстанның альпинисі» белгісін алған. Ол осы төсбелгіні Эверест шыңына ала кетеді.

Спортшының Эверестен де биік армандары бар. Бірақ Анар әзірге олар туралы ойламауға тырысады.

Эверестің өзі оңай емес. Әсіресе, жеті метрден жоғары биікке көтерілгенде қиындау болатын шығар. Ол аймақта ештеңе жоқ, тіршілік жоқ. Альпинистер өз арасында ол жерді «өлім аймағы» деп атайды. Бұл — денсаулық былай тұрсын, адам өміріне қауіп төндіретін аймақ. Сондықтан Эверестен кейін қай шыңды бағындырғым келетіні жайлы әзірге ойлау да қиын. Бірақ, әрине, арманым көп. Қазақстандағы барлық шыңға шыққым келеді. Жоспар осы сапардан оралғанда белгілі болады, — дейді ол.

Эверест, альпинизм, Анар Бурашева
Анар Бурашева және Мақсұт Жұмаев. Фото: Kazakh Everest Team

Жеті адамнан тұратын топ 6 сәуір күні Алматы-Доха бағыты арқылы Непалға ұшады. Әуелі 5300 метрде орналасқан Эверест базалық лагеріне орналасып, тау жағдайына бейімделеді. Экспедиция мүшелері әр шақырым сайын арнайы лагерьде тынығып, күш жинайды. Экспедиция басшысы Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, Эверестің соңғы 848 метрі аса қауіпті екен. Топ шың басына 16 сағатта шығып, сегіз сағатта түсуді жоспарлап отыр. Kazakh Everest Team ұжымы екі ай бойы видео-күнделік жүргізіп, жаңалықтарды жариялап отыруға уәде берді.

Экспедицияны тек тәуелсіз демеушілер қаржыландырып отыр. Мемлекет ақшасы жұмсалмайды. Мақсұт Жұмаевтың айтуынша, дайындық пен арнайы киімді есептемегенде бір адамға 40 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін ақша кетеді. Топ әзірге демеушілердің кім екенін айтудан бас тартты.