Әлия Әлімжан бес жылдан бері Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында тұрады. Ол онда PhD дәрежесін алуға кеткен. Baribar.kz ғалымға хабарласып, Оңтүстік Кореядағы өмірі, ол жақтағы білім мен ғылым саласы жайлы сұрады.

Әлия 2019 жылы Қазақстанда биотехнолог мамандығы бойынша бакалаврды бітірген. Кейін бірден магистр деңгейін алу үшін Оңтүстік Кореяға оқуға түскен.

Фото жеке архивінен

Бакалаврды бітіруге төрт ай қалғанда университетіміздің бір профессорынан «Оңтүстік Кореяда бір студентім магистратурада оқып жатыр, сол университетте қазір магистратураға тағы бір орын ашылыпты. Университеттегі бір профессор магистрант қабылдауға дайын, өз зертханасы да бар екен» деді.  Бірден мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды деп ойладым. Бірден Оңтүстік Кореядағы профессордың поштасына түйіндемемді жібердім. Осылай, 22 жасымда алғаш рет Оңтүстік Кореяға кетіп қалдым, — дейді Әлия.

Фото жеке архивінен

Қазір ол мамандығы бойынша Чинджу қаласындағы Gyeongsang National University-де (GNU) PhD дәрежесін алу үшін оқып жатыр. Сонымен қатар Plant Biological Rhythm Research Center деп аталатын ғылыми зертханада жұмыс істейді.

Зертханада мамандығымызға байланысты түрлі зерттеу жасаймыз. Уақытымның 75%-і өзімнің PhD зерттеу жұмысыма кетеді. Тағы қосымша кішігірім ғылыми жобаларға да қосылып тұрамын. Әзірге жеке зерттеу жұмысым туралы ашып айта алмаймын. Жетекшілерім де ғылыми зерттеу аяқталмайынша, ол туралы ештеңе жарияланбауы керек екенін ескертті, — дейді ол.

Әлия Кореядағы білім мен ғылым сапасына көңілі толатынын айтты. Ол Қазақстанда оқып жүргенде мамандығының болашағы бар-жоғына да күмәнмен қараған.

Оқуға түскеннен-ақ биотехнология мамандығы бойынша ғылыми бағытта жақсы жұмыс табу мүмкін бе деген ой мазалайтын. Бірге оқыған студенттердің бәрі өз арамызда бұл мамандық бойынша елде жұмыс табу қиын, тапсақ та, аса көп емес, жалақымыз аз болады деген оймен оқыды. Сол үшін де көбі оқу бітірген соң мүлдем басқа салаға кетті. Ағайымыз магистратура туралы ұсынысын айтқанға дейін мен де солай етейін деп жүргенмін, — дейді ол.

Алайда Әлия қазір биотехнология бағытында жүріп-ақ жақсы табыс табады.

Мұнда PhD cтуденттер шамамен айына кемі 1000$ алады. Бұл тек шәкіртақы емес. Зертханада жүргенде жеке ғылыми зерттеуімен қоса, өзге де шағын зерттеулерге араласқаны үшін берілетін жалпы ақы. Одан да көп табатын студенттер бар. Сома студенттің ғылыми жобасының өзектілігіне қарай, зертханадағы жұмысына қарай өсе береді, — дейді ол.

Әлия Оңтүстік Кореяда ғылыммен айналысу үшін студенттерге жақсы жағдай жасалған дейді. Оның айтуынша, студенттер де ерекше ынталы.

Фото жеке архивінен

Оңтүстік Кореяда ғылым саласында дамимын деген адамға барлық мүмкіндік бар. Қаржылай да қолдайды, қажет құрал-жабдық та бар, зертхана да бар. Ғылыми конференциялар, «мен» деген әлемдік ғалымдардың кездесуіне қатысуға мүмкіндік беретін халықаралық конференциялар да жиі ұйымдастырылады. Ғылымды қаржылай қолдайтын демеушілік қор мен орталық өте көп. Сондықтан сұраныс жоғары, жас ғалымдар арасында бәсекелестік баршылық. Жастардың өзі ерекше ынталы. Мысалы, біздің зертханамызда өте білімді 20 адам істейді. Күніне 12 сағаттап зертханада жүре береді. Кейде демалыс күні келіп, зерттеу жазатындар бар. Ғылыми білігіңді дәлелдеу үшін міндетті түрде керемет етіп ғылыми мақала жазуың керек. Ал оны жазуға алты айдан 10 жылға дейін уақыт жұмсайтын студенттер бар. Негізі бұл жақта ғалым болу — ең мәртебелі атақтың бірі, — дейді ол.

Фото жеке архивінен

Әлияның өзі де сол еңбекқор студенттердің қатарында сияқты. Себебі ол да бізбен байланысқан екі күнде де зертханадан тым кеш қайтты. Бірақ ол мұндай кестеге шағынбайды. Тіпті, керісінше Оңтүстік Кореяда өзі байқаған бірнеше артықшылықты тізіп берді.

Біріншіден, бұл жақта әр адам өз жауапкершілігін түсініп, ісін  толық орындайды. Банкке немесе кез келген қызмет көрсету орнына барғанда қызметкерлер үнемі күлімсіреп қарсы алып, мәселеңді барынша жылдам шешіп беруге тырысады. Ешқашан ұзақ күтіп, болмаса, мәселем шешілмей қайтқан күнім болмапты. Екіншіден, жайлылық. Жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Дүкендер тәулік бойы істейді. Үшіншіден, қауіпсіздік. Мысалы, мен банк картамды немесе кез келген жеке затымды бір жерде ұмытып кетсем, оны біреу алып кетеді-ау деп алаңдамаймын. Барсам, әлі орнында жататынына сенімдімін. Елде ұрлық деңгейі төмен, — дейді ол.

Әлия білім жолын Оңтүстік Кореяда жалғастырғысы келетін студенттерге түрлі университтің сайтына кіріп, өз бетінше ізденуге кеңес берді. Ол университет сайттары арқылы нақты өз салаңызға қатысты професорларды тауып, түйіндемені профессордың жеке поштасына жіберген жөн дейді. Бірақ әуелі оқу орнында магистратура немесе PhD орындары бар-жоқ екенін біліп алу қажет. Әлия профессор сізді ұнатса, университеттегі талаптарды түсіндіріп, оқуға түсуге көмектеседі дейді. Оның айтуынша, талап аса қиын емес — бастысы ағылшын бойынша IELTS кемі 5.5 немесе TOPIK (корей тілін қаншалық меңгергеніңізді анықтайтын халықаралық емтихан — ред.) кемі 3 деңгейін растайтын сертификат болуы қажет.

Фото жеке архивінен

Әлияның Оңтүстік Кореяда тұрып жатқанына бес жылдан асты. Ол мұндағы өмірге де үйреніп кеткенін айтады.

Бос уақытымда сыртта серуендегенді жақсы көремін. Теңіз жағасына барып, сейіл құрған ұнайды. Жалпы ел сондай әдемі, әр бұрышы эстетикалық ләззат сыйлайды. Сонымен қатар бір қаладан екінші қалаға бару да оңай әрі арзан. Транспорт та жайлы, белгілі бір кестемен жиі жүріп тұрады. 15 жылда Оңтүстік Кореяның біраз қаласында болдым. Жалпы бес жыл тез өте шыққан сияқты, — дейді ол.

Әлия бір күні елге оралып, шет елде жинаған тәжірибесін Қазақстанда пайдаға жаратқысы келеді. Биотехнология, өсімдік биотехнологиясы мен молекулярлы генетика және басқа да салада жиған білімін ортаға салып, Қазақстанның ғылым саласын дамытуға үлес қосуды армандайды. Бірақ әзірге елге қашан оралатынын білмейді. Қазір бар уақытын зерттеу жұмысын жазып, білімін толықтыруға арнап жүр.

***

Тағы оқыңыз:

Нобель иелерімен жұмыс істейтін ғалым Мұхит Құлмағанбет