Мұхит Құлмағанбет – дәрігер, офтальмолог. Ұлыбританияда жасанды интеллект негізінде көз ауруларының диагностикасы бойынша докторонтураны оқып бітірген. Қазір Гонконгтағы кванттық оптика лабораториясының жетекшісі. Мұхиттан шетелдегі жұмысы туралы және басқа елдердің ғылымға көзқарасын сұрадық.

Ғалым лабораторияда немен айналысады?

Мұхит Құлмағанбет Гонконгтағы кванттық оптика лабораториясында көздің көру қабығы ауруларын ерте анықтауды зерттейді. Оның айтуынша, бұған дейін кванттық физика және кванттық механика ғылымдарында көз аурулары зерттелмеген.

Қазіргі жұмысым – офтальмология саласына кванттық технологияны енгізу. Ғылыми тобымыздың мақсаты – осы. Кванттық физиканың біз біліп-білмейтін концепциясы көп. Оларды зерттеп, керегін емделмейтін көз ауруларын ерте анықтауға, алдын алуға және реабилитациясына қолдануға болады. Оған қоса кванттық технологияларды көз дәрігерлерінің тәжірибесіне қалай енгізуді ойластырамыз, — дейді ғалым.

Ол келісімшарт бойынша, Гонконг пен Канадада қатар жұмыс істеуі керек болған. Өйткені екі қалада да үлкен зертханалары бар.

Мұхит Құлмағанбет, ғалым, қазақ, көз аурулары
Мұхит Құлмағанбет. Фото жеке архивінен

Докторонтураның 3-курсына өткенде бірнеше ел, университет, компания жұмысқа шақырды. Ұлыбританияның өзінен, Жапония мен Сингапурдан да ұсыныс түсті. Ішінен Гонконгты таңдадым. Себебі жұмысымды ғалым болып жалғастырғым келді. Әрі ғылым үйреткен профессорларымның алдында үлкен жауапкершілігім бар. Оған қоса мұндағы зертханадағы жұмысымның келісімшартында қандай да бір шектеу жоқ: идеяларымды жүзеге асыруға, ғылыми гипотеза жасауға мүмкіндік береді әрі қаржылай көмек береді, — дейді Мұхит.

Ғалым Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінде білім алған. 2017 жылы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының резидентурасында оқып жүреді. Сол кезде Уэльстегі Кардифф университетінің білім грантын жеңіп алады. Бұл оқу орнын 2021 жылы тәмамдап, Гонконгқа көшкен.

Қазір қандай көз аурулары көп таралған?

Ғалымның айтуынша, бүгінде дүниежүзінде аса жиі кездесетін төрт көз ауруы бар:

  • суқараңғы – жартылай немесе көрсоқыр болу;
  • рефракцион ауытқулар — алыстан көре алмау;
  • макулярлы дегенерация және глаукома – мүлдем көрмей қалу.

Суқараңғы мен рефракцион ауытқуларды шетелдерде де, Қазақстанда да толық жазып алуға болады. Сондықтан бұл аурулар көп тараса да, емі болғандықтан, мәселе жоқ. Кейбір елде макулярлы дегенерацияға шалдыққандар көп, басқаларында глаукомамен ауыратындар жиі кездеседі. Екі аурудың да емі жоқ. Түбі соқырлыққа алып барады. Қазір осы екі ауруды зерттеп жүрміз, — дейді Мұхит Құлмағанбет.

Ғалым көздің нашарлауына әсер ететін факторларды да атады. Оның ішінде мыналар бар:

  • гендік және хромосома операциялары;
  • тұқым қуалайтын аурулар;
  • көздің жарақат алуы;
  • жақыннан көру гигиенасын сақтамау;
  • темекі шегу;
  • дәрумен жетіспеуі;
  • жас ұлғайған сайын көздің нашарлауы.

Көздің көру қабілетін ұзақ және сапалы түрде сақтау үшін жалғыз стратегия бар. Бұл – жылына кемі бір рет окулиске көріну, диагностикадан өту. Әсіресе ертең көзілдірікке тәуелді болмас үшін жасөспірімдер мен жасы ұлғайған кісілер уақтылы қаралып тұрғаны дұрыс, — дейді ол.

Ғалым лазерлік операциялар туралы да айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, лазерлік операцияның мүмкіндігі өте жақсы. Олар көздің көру қабілетін түзеп, жақсартады. Оның әзірше қысқа және ұзақмерзімді кері әсері байқалмаған.

Бұл — тиімді әрі жылдам жасалатын операция. Қазіргі технология жақсы дамығандықтан, қорқынышты емес, — дейді Мұхит.

Қай елдің медицина саласы мықты?

Мұхит Құлмағанбеттің айтуынша, батыс елдерінің медицина саласы жақсы дамыған. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур және Гонконг сияқты шығыс елдерінің де медицинасы мықты.

Мұхит Құлмағанбет, ғалым, қазақ, көз аурулары
Мұхит Құлмағанбет. Фото жеке архивінен

Шығыс елдері медициналық технологияларды өзі құрастырып, нарыққа шығарып жатыр. Азияның басқа елдеріндегі медицинаның да дамуына ықпал етіп отырған – осы мемлекеттер. Гонконгтағы ғалымдар шетелдегі әріптестерімен бірігіп жақсы жұмыс істейді. Жақында Аустралия мен Жаңа Зеландия елінің ғалымдарымен бірге жұмыс істедік. Ол жұмысымыз жайлы «Аса шала туған жеті жасар балалардың көру қабілеті күйі мен нәресте тағамының байланысы» деген мақала жаздық, — дейді ол.

Ғалымның сөзіне қарағанда, Гонконг пен Қазақстан ғылымында даму айырмасы көп. Ол жақта ғылымға қаражат алу оңай. Мұхит Қазақстанда ғылыми зерттеулерге жақсы қаржы бөлінсе, медицина саласындағы ғалымдарға зертханалар ашылса деп армандайды.

Нобель сыйлығы иелерімен нені зерттейді?

Мұхит Құлмағанбет зертханасында Нобель сыйлығын физика ғылымы бойынша алғандармен де жұмыс істейді. Зерттеп жатқан нәрсе бірегей, жоғары сапалы технологиялармен тығыз байланысты. Сондықтан Нобель иелері бұл зерттеуге аса қызығып отыр.

Олардың біздің зерттеуімізге қызаққаны — үлкен мәртебе. Қазір бір эксперимент жасап жатырмыз. Донно Стрикленд деген Нобель иесімен көздің түбіндегі тонықабықты лазерьді пайдалана отырып емдеуді қолға алдық. Бұл экспериментті тышқанның көзіне жасап көрдік. Болашақта зерттеуімізді клиникаларға өткіземіз деп отырмыз, — дейді ғалым.

Мұхит елге қашан оралады?

Ғалым кванттық оптика зертханасында келісімшарт бойынша 2025 жылға дейін істейді. Өйткені Гонконгта шарт бойынша, докторантураны бітіргендер мемлекеттік жұмысты үш жылдан артық істей алмайды.

Компаниямызды тіркесем, бұдан да ұзақ уақыт істеуге болады. Сәті түспесе, АҚШ-қа жұмысқа шақырып жатыр, сонда кетуім мүмкін, — дейді ол.

Дегенмен күн өткен сайын Қазақстанға қайтуды аңсай бастағанын мойындайды.

Бірнеше жылдан соң Отанға оралып, клиникалық офтальмологияда жұмысымды жалғастырсам деймін. Ғылыми зерттеулерімді елімізде жасап, жобаларымды елге апарғым келеді. Бірақ бұл жоспардың қашан жүзеге асатынын айта алмаймын, — дейді Мұхит Құлмағанбет.

Ғалым әзірше қолынан келгенше шетелде ілім-білім жинап жатқанын айтады. Болашақта соның бәрін Қазақстанға жаратамын деп ниеттеніп отыр.

Арайлым Мұратбек