27 жастағы Нұржан Мамытов — хоббиін кәсіби мансап жолына айналдырған адам. Ол компьютер ойындарын ойнап, ақша табады. Нұржан — геймер, стример әрі комментатор. Тікелей эфирде ойын ойнап, басқаларға ойындағы стратегиясын, қызық сәттерін айтып беріп отырады.
Бүгінгі материалда Нұржанмен танысамыз және оның ASUS-тың ROG Strix Scar 18 деген жаңа өнімін қалай қолданып көргенін білеміз.

Нұржан — Шымкенттің жігіті. Қазір ол Twitch және Youtube арнасында ойын ойнап, стримге шығады. Өзінің айтуына қарағанда, басқа да жігіттер сияқты кішкентайынан ойын ойнағанды ұнатады.

Стример ретінде мансабым 2018 жылы басталды. Биыл алты жыл болады. Оған дейін де бос уақытымда компьютер клубына барып ойын ойнайтынмын. Студент кезімде Youtube-ты ақтарып отырып, қазақ тіліндегі стримді көзім шалып қалды. Стримде отырған адамды онлайн шамамен 2 500 адам қарап отыр екен. Сол уақытта бірінші рет осы бағыттағы қазақ тіліндегі стримерлерді көрдім. Себебі ол кезде қазақша контент түсіретіндер аз еді. Содан «Мен де дәл осы ойынды дәл осылай ойнай аламын ғой. Неге комментатор болмасқа?!» деп ойладым, — дейді Нұржан.

Нұржан Мамытов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сөйтіп Нұржан өзінің ең алғашқы компьютерін алған. Әрине, ол кезде студентке қомақты қаржы табу қиын болған. Сол себепті ол тәуекел етіп, несиеге сатып алыпты.

Барлық шығынымды есептедім. Компьютер клубына, оған барып-келуге, тамағыма жұмсайтын қаржымды есептедім. Сол сомаға өзіме компьютер алуға болатынын түсіндім. Алғашында ата-анам қарсы болды, түсінбеді. «Ертең мұны қалай төлейсің?» «Ертең жұмысың жүрмей қалса қайтесің?» деді. Дегенмен өз қалауымды істедім. Жұмыс істедім, магистратурада оқыдым, сөйтіп шәкіртақыма несие төледім. Сол кезден бастап киберспорт әлеміне, ойын әлеміне толық кіре бастадым, — дейді ол.

Қазір Нұржан — қазақ тілінде стрим жүргізетін танымал стримердің бірі. Youtube-та 94 мың оқырманы бар. Күн сайын мыңдаған адам оның эфирге шығып, күшті эмоция сыйлағанын күтеді. Ол өзінің арнасында тек ойын ойнаған сәтін жариялап қоймай, түрлі компьютер, ноутбук сияқты өнімдерге шолу жасайды. Құрылғыларға қатысты өзінің білген-түйгенін бөліседі. Өзі де осы күнге дейін бірнеше мәрте компьютер ауыстырған.

Күніне бес-алты адам «Мына құрылғыны қайдан алдыңыз?» «Компьютерді қанша теңгеге, қалай жинап алдыңыз?» деп сұрап жатады. Барынша білгенімді айтамын, — дейді Нұржан.

Нұржанның айтуынша, киберспортшылар, геймерлер ойынды компьютер арқылы ойнайды. Өзі де ойынды ноутбукта ойнап көрмепті. ASUS-тың ROG Strix Scar 18 ноутбугы — оның бірінші тәжірибесі. Нұржан осы бағыттағы адам ретінде ноутбуктың қолданып көріп, оның бар қыр-сырын шолып шықты.

Нұржан Мамытов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сырт көрінісі

Нұржан әуелі ASUS ROG Strix Scar 18 ноутбугының қорабын бағалады. Қораптың ерекше жасалғанын айтады.

Әдетте ноутбуктардың қорабы қарапайым келеді ғой. Оған аса мән бермейтінбіз де. Бірақ бұл құрылғы қорабының дизайны бірден көзге түседі екен. Сырт көрінісіне қарап, ішінде не бар екенін де білмейсің. Ноутбук қолыма тигенде Instagram-дағы оқырмандарымнан «Бұл не нәрсе деп ойлайсыз?» деп суретін салдым. Көбі таппады. Микрофон, штатив деп ойлады. Осындай құпиялығымен де ерекше, — дейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал ноутбуктың салмағы басқа қарапайым және ойын ноутбуктарына қарағанда әлдеқайда ауыр. Ойын ноутбугы үшін қалыпты нәрсе екенін ескеріңіз. Есесіне үлкен. Бұл — ойын құрылғысы үшін үлкен артықшылық. Салмағы — 3,1 келі. 

Дегенмен көп сапарда жүретін, бірақ бір сәт ойын ойнап алғысы келетіндер үшін тиімді. Өзіңмен бірге тасып жүруге болады, — дейді геймер.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ноутбуктың сыртқы беті, пернетақтасы, логотипі жанып тұратынымен ұнады. Түсін ауыстыруға да болады екен, — дейді стример.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса компания ноутбук қырының бір бөлігін алынып-салынатын еткен. Armor Cap қақпағының екі түрі бар. Ұнағанын тағуға болады. Оның атап айтарлық функциясы жоқ, десе де құрылғыңызды ерекше етіп тұрады.

Айтпақшы, ASUS ROG Strix Scar 18 сайтына кіріп, қақпақтың 3D моделін жүктеп алуға болады. Кейін адам өзі қалағандай оны сәндеп, қалаған жазуын жазып, оны шығарып, ноутбугына тағып қоюына болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ноутбуктың пернетақта орналасқан корпусы пластиктен жасалған. Компания осылай құрылғысын айрықша еткісі келген болса керек.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Видеокартасы мен процессоры

Ноутбуктың процессоры — Intel ® Core i9 14900HX-тің 14-буыны. Видеокартасы — NVIDIA® GeForce RTX 4090. Құрылғы Windows 11 Pro операциялық жүйесі бойынша істейді. Жедел жады — 64 ГБ-ға дейін. Жасанды интеллект негізінде істейді.

Үш ойын жүктедім. Ноутбукты қуатына қосып қойып, емін-еркін ойнауға болады. Оған қоса мен тікелей эфирде түсірген видеоларымды сақтап, кейін оны өңдеп, монтаж жасаймын. Оны да салмағы ауыр бағдарламалар арқылы жасаймын. Дәл осы ноутбук сол бағдарламаларды да көтереді екен. Сол себепті бұл ноутбукты тек ойын ойнайтындар емес, түрлі бағдарлама арқылы жұмыс істейтіндерге де ұсынар едім, — дейді Нұржан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дисплейі

ASUS ROG Strix Scar 18 ноутбугының экраны сізді таңғалдыратынына кепіл береміз. Өйткені оның дисплейі — 18 дюйм және ROG Nebula HDR. Mini LED технологиясы бойынша жасалған. Құдды бір шағын ноутбук емес, үлкен компьютердің экранына қарап отырғандай боласыз: өте ыңғайлы. Жарығының шегі — 1100 кд/м². Түс гаммасы — 100% DCI-P3. Жиілігі — 240 Гц. Бейнені 2500 сапада көрсетеді. Рахат па? Рахат.

Жиілігінің арқасында ноутбук экранындағы бейнелер, қозғалыстар өмірдегідей бірқалыпты, еш кедергісіз жақсы көрсетіледі. Бұл кейіпкері жылдам жүгіріп, секіріп, жауларымен атысып жүретін Counter strike сияқты ойындарда байқалады. Оған қоса секундына 300 кадр көрсетеді екен, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Желдеткіші

Компания  ROG Strix Scar 18 ноутбугының желдеткішіне аса мән бергенін айтады. Олар адамға ыңғайлы болуы үшін, ноутбук тез қызып кетпесі үшін ROG Intelligent Cooling™ технологиясы бойынша үш желдеткіш орнатқан. Олар ноутбуктың жан-жағынан — астынан, екі жағынан, артынан ыстық ауаны сыртқа шығарып, ноутбукты салқын етіп ұстап тұрады. Ыстық ауа жан-жаққа шашырап шығатындықтан, саусақты да қыздырып жібермейді.

Желдеткішінің бірнеше режимі бар. Жұмыс істегенде кәдімгі тыныш режимін қосуға, ал ойын ойнағанда турбо режимін қосуға болады. Турбо режимі кезінде желдеткіштің дыбысы шығып тұрады, дегенмен ол ноутбукты тез суытып отырады, — дейді стример.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дыбысы мен қуаты

Нұржанға ең, ең, ең ұнағаны — ноутбуктың дыбысы. «Колонка» сияқты дейді. Музыка тыңдап, билесең де болады. Бірнеше адам болып кино көрсең де ыңғайлы. Ойын ойнағанда да дыбысының арқасында сол цифрлық әлемде жүргендей боласың.

Нұржан Мамыров. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал ноутбук қуаттағышының аккумуляторы — сағатына 90 Вт. Ноутбукты бір қуаттаған соң, кәдімгі режимде 7,5 сағат қолдануға болады. Ал 330 Вт болатын қосымша адаптері 30 минутта ноутбуктың қуатын 50%-ке дейін толтырып береді.

Ноутбуктың түрлі қосқышы бар екен: USB, TYPE-C, HDMI, Thunderbolt 4. Бұл ұтымды, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Пернетақтасы мен тачпады

Ноутбуктың пернетақтасы мен тачпады өте ыңғайлы. Екеуі де кең, саусақты тез сезеді әрі басқан жағымды. Пернеқтадағы пернелердің орналасқаны ойынды жеңілдетеді. Ешқайда басып кірмей-ақ, пернетақта арқылы дыбысын қосып-азайтуға, желдеткіштің режимін ауыстыруға, ойынды басқаруға болады. Ал тачпады өте сезімтал. Саусақ тиген соң сатпақ болып ізі қалмайды.

Бір сөзбен айтқанда, ASUS ROG Strix Scar 18-ді ноутбуктың атаманы дер едім, — дейді Нұржан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қорытындыласақ, ASUS ROG Strix Scar 18 ноутбугын қолданып көріп, мынадай артықшылығын айтуға болады: 

  • процессоры мен видеокартасы мықты;
  • үш желдеткіші бар;
  • дисплейі кез келген контентті анық, қанық көрсетеді;
  • дыбысы қатты шығады;
  • пернетақтасы мен тачпады сезімтал;
  • экраны үлкен.