Бюджеттің миллиардтаған қаржысын заңдастырған кәсіпкер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Қаржылық тергеу кезінде қылмыстық активтерді жылыстатудың күрделі схемасы анықталды. Жексенғалиев мемлекеттік бюджеттің 1,1 миллиард теңгесін жымқырып, оны бақылауындағы жалған кәсіпорындардың шоттарына аудару жолымен заңдастырғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол қаражатты алып, шетел валютасына айырбастау бойынша қаржылық операцияларды жүзеге асырған. Бұдан бөлек, ұрланған қаражатты жылыстату үшін жылжымайтын мүлікпен жалған мәмілелер жасаған, — делінген ресми хабарламада.
Жексенғалиев үш жылдың ішінде қыруар ақшаны жылыстатқан. Құрылыс компанияларына жер телімдерін де сатқан. Ал пайдалануға берілген үйлерден сыйақы ретінде пәтерлер алып отырған. Одан тәркіленген мүліктің сомасы 4,7 миллиард теңге болды. Кәсіпкердің өзі алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық табыс сомасы 4,3 миллиард теңге.