Еліміздің 8 өңірінде төтенше жағдай режимі сақталып отыр

Қазақстанның сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Бүгін үкімет отырысында су тасқыны бойынша қазіргі жағдай күн тәртібінен тыс қаралды. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, су тасқыны жағдайы тұрақтанып келеді.

Осы аптада Атырау облысында су тасқынының шарықтау шегі болады деп болжанып отыр. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет кенттеріндегі су бекеттеріндегі қауіпті белгілерден асып түсті. Қазіргі уақытта өңірде аумаққа топырақ үю, құм толтырылған қапшықтарды төсеу, топырақтан біліктер салу және су айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Қанат Бозымбаев.

Қазіргі кезде сегіз өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Ақтөбе облысындағы екі елді мекенде әлі де көлік қатынасы жоқ. Тұрғындар азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Су басқан аймақтардан 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мың бала эвакуацияланды. Бүгінгі таңда 55,6 мың адам өз үйлеріне оралды. Әзірге эвакуациялау бекеттерінде 5 мыңға жуық азамат қалды, — деді вице-премьер

Ресми мәлімет бойынша, су тасқыны салдарынан 12 908 тұрғын үйді су басты. Соның ішінде үш өңірде әлі 264 үй су астында қалып отыр. Сонымен қатар 25 921 саяжай учаскелері су астында қалды.

Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 АЕК мөлшерінде бір реттік төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 миллиард теңге болды. 680 отбасына 362 миллион теңге көлемінде келтірілген материалдық шығын өтелді. Бұдан бөлек 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 миллион теңгенің өтемақысын алды. Өңірлерде келтірілген залалды бағалау және өтеу жұмыстары жалғасып жатыр.