Басты бетЖаңалықтарАлматыда бір...

Алматыда бір айда 30 мың ағаш егілді

«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны басталғаннан бері 30 мыңнан астам жапырақты ағаш және 5 мың бұта отырғызылды. 

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Әкім Ерболат Досаевтың бастамасымен 27 сәуірде жаппай ағаш отырғызу өтіп, 8 205 көшет егілді, оның 4 мыңнан астамы алма.

«Жасыл аула» акциясы аясында қала тұрғындарына 3 мың көшет, ал «Алматы – бақ қала» жалпықалалық бастамасы аясында 8 мыңнан астам көшет таратылды, — деп жазылған хабарламада.

19 сәуірде мектептерде «Мектеп ауласының оазисі» ландшафты дизайн фестивалі аясында қалада 20 мыңнан астам гүл, 430 жеміс ағашы және 200 туя көшеті отырғызылды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтті. Жобаның мақсаты – экологиялық мәдениет қалыптастыру, халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.