Алматыда Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері – Арарат Мирзоян мен Джейхун Байрамовтың келіссөздері аяқталды. Министрлер екі ел арасындағы шекараны делимитациялау бойынша ілгерілеуді құптады.
Келіссөздер нәтижесі бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері баспасөз хабарламасын таратты.
Министрлер мен олардың делегациялары екіжақты «Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастар туралы келісім» жобасының ережелерін талқылауды жалғастырды. Тараптар әлі де келісілмеген мәселелер бойынша келіссөзді жалғастыруға келісті, — делінген Әзербайжан сыртқы істер министрлігі хабарламасында.
Армения тарапының мәлімдемесі Әзербайжан тарапының мәлімдемесіне ұқсас.
Министрлер мен олардың делегациялары Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы екіжақты келісім жобасының ережелерін талқылауды жалғастырды. Тараптар ашық мәселелерге байланысты келіспеушіліктер бойынша келіссөздерді жалғастыруға келісті, — делінген Армения сыртқы істер министрлігі хабарламасында.
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келіссөздер екі күнге созылды.