Президент Армения премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Әңгімелесу барысында президент екіжақты қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара байланыстарды нығайтуға белсенді саяси диалог және екі мемлекеттің үкіметтері мен парламенттері деңгейіндегі ықпалдастық септігін тигізетінін айтты. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау – Ереван – Ақтау бағыты бойынша әуе рейстерінің іске қосылуын оң бағалады. Соның нәтижесінде бизнес-байланыстар мен туристік сапарлар айтарлықтай жандана түсті.

Тараптар перспективті бағыттардағы, соның ішінде көлік, логистика және сауда салаларындағы қарым-қатынастарды одан әрі арттыру мәселесін талқылады.