Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1,3 миллион жауынгер қатысты. Оның ішінде 410 мың жауынгер елге оралмады. Бүгінде қаншама адам атасының соғысқа қатысқанын мақтана айтса да, көбі олардың қайда жерленгенін білмейді. Atamnyn amanaty — соғысқа кетіп, із-түссіз жоғалған жауынгерлердің жерленген жерін тауып, ұрпағымен қауыштыратын қоғамдық бірлестік. Baribar.kz бірлестік өкілімен және 80 жылдан кейін атасының жерленген жерін тапқан азаматшамен сөйлесті.

Із-түссіз жоғалған жауынгерлерді іздеу жолы

Айгүл Аитова — қоғамдық бірлестіктің волонтеры. Ол бірлестікке келмес бұрын өз күшімен соғысқа кеткен нағашы атасының жерленген жерін тапқан.

Айгүл Аитова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

10 жыл бұрын нағашы атамның жерленген жерін анықтадым. Ол кісі Сталинград шайқасына қатысып, сол жерде қайтыс болған екен. 1943 жыл жарақат алып, қаза болған. Дубовское ауданында, Лозное селосында жерленген. Басында іздеуге болатынын, арнайы сайт барын білмедім. Бір күні Google-ға «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды қалай іздеуге болады?» деп тере салдым. Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігінің бір базасын тауып алдым. Онда соғысқа Қазақстаннан шақыртылып, кейін қаза болған, із-түссіз жоғалған адамдардың мәліметтері жиналған екен. Бірақ бұл сайттардан атам туралы ақпарды бірден таба алмадым. Көп іздедім. Кейін түркітілдес халықтан шыққан жауынгерлердің есімі бұрмаланғанын түсіндім, — дейді ол.

Айгүл Аитова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Нағашы атам — Жарылғапов Әділбай. Бірақ оның есімі еш жерде тіркелмеген болып шықты. Іздей келе, оның аты Джарлаев Аделвой деп жазылып кеткенін білдік. Бір құжатында Жарпяганов Адилбай деп өзгертілген екен. Атам екеніне көз жеткізу үшін сол деректер базасындағы құжаттарды толық тексеріп шықтым. Анкетасында әйелі деген жерде әжемнің аты, шыққан жері ретінде біздің ауыл жазылып тұрды, — дейді Айгүл Аитова.

Кейін ол өз атасының інісін осы жол арқылы іздеп көргісі келген. Сол уақытта Atamanyn Amanaty деген бірлестік барын білген.

Атамыздың жатқан жерін табуға көмектесуін сұрап, осы бірлестікке бардым. Бұған дейін нағашы атамның жерленген жерін өзім тауып алғанымды айттым. Ондағы қызметкерлер «Бұған дейін айналысып көрген екенсіз, іздеу жұмыстарынан хабарыңыз бар екен, ендеше бізге волонтер болып келсеңізші» деді. Шынымды айтсам, көп ойланбай келістім. Себебі бала кезімнен біреуді іздеуім қажет болып тұрғандай көрінетін. Іштей сол сезім мазалайтын да тұратын. Ертеректе «Жди меня», «Бармысың, бауырым» деген сияқты бағдарламаларға іздеу жұмыстарына көмектескім келетінін айтып, хат та жазғанмын. Кейін анам әкесі соғыстан оралмағанын айтқанда бұл сезім көптен бекер мазаламағанын түсіндім. Бірлестік волонтер болуды ұсынғанда ойым беки түсті, — дейді Айгүл.

Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі 2019 жылы құрылған. Ал Айгүл мұнда үш жылдан бері волонтер.

Біз архивтегі деректерді зерттейміз, іздеу жұмыстарын осы деректер негізінде жүргіземіз. Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігі Орталық архивінің (ЦАМО) «Мемориал» мәліметтер базасымен жұмыс істейміз. Ал өңірлік координаторларымыз Ресейден табылған жауынгерлердің туыстарын, ұрпағын Қазақстаннан іздейді. Ал Алматыдағы волонтерлар, керісінше, атасын іздеп жүрген Қазақстан азаматтарына көмектеседі. Кейде өзім де өңірлік координаторлардың жұмысын істеп кетемін, — дейді ол.

Адамдар қорды қалай табады?

Айгүл бірлестік жұмысының маңызы зор деп есептейді. Ол соғысқа кеткен азаматтың барлығы бәріміздің атамыз екенін айтады. Ал ұрпақтары аталарының жерленген жерін білгенде патриоттық сезім күшейе түседі дейді.

Бірлестіктің жұмысы туралы барынша көп адам білуі қажет деп ойлаймын. Қазір адамдар біз туралы әлеуметтік желі, тележаңалықтар, газет-журнал арқылы біліп жатады. Кез келген адам біз арқылы соғыстан оралмаған аталарын іздей алады. Атасының сүйегін іздеп жүрген адам өтініш берген соң, оны арнайы базамызға тіркейміз. Осыдан соң волонтерлар жұмысқа кіріседі. Әрине, ешкімге атасының жерлерген жерін табамыз деп 100% кепілдік бермейміз. Себебі біз тек архивтегі құжаттарға қарап іздейміз. Кейбір адамның өте көп марапат алғаны туралы құжаттары табылады. Ал кейбір адамның бірде-бір құжаты табылмайды. Мұның бәрі — соғыс аяқталған соң архивке жеткен құжаттар. Адамды іздегенде майдан жолын қараймыз, қай жерге барды, қай жерге жетті деп іздеп көреміз. Оған қоса майдандастары арқылы іздеп көреміз. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқаным сияқты, көп адамның есімі, туған жері бұрмаланған. Жұмысты созып жіберетін де — осы. Көп адам атасын осы күнге таба алмай жүргені де осыдан, — дейді ол.

Атасының жерленген жерін іздеп тапқысы келетін адам бірлестіктің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы өтініш-хат жолдай алады. Хатта іздейтін адамыңыздың аты-жөні, туған жері, қай жылы туғаны, соғысқа қай жерден кеткені туралы ақпарат жазылуы керек. Олар атасының туған жылын білмесе де, шамалап айтуын сұрайды. Іздеудегі адамның әйелінің де аты-жөні жазылуы қажет.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Себебі әр жауынгердің анкетасы болады. Аталарымыз сол анкетаға жақындарының есімін жаздырған. Тек осы ақпаратпен іздеу жұмысына кірісеміз. Кейінгі бірнеше жылда іздеудің арнайы алгоритмін құрастырдық. Есімдер көбіне қалай бұрмалануы мүмкін екенін түсіндік. Мысалы, атаңыздың есімі Сәдуақасов болса, ол деректер базасына Садвакасов болып тіркеледі. Сонымен қатар кей атамыз соғыста жеңгелері қойған атпен кеткен, солай тіркелген. Енді бірі лақап атын айтқан, бірі руын жаздырған. Оның бәрін кейінгі ұрпақ біле бермейді. Бұған қоса қазақтар бұрын есімдерді әдемі қысқартатын ғой. Мұхамеджан болса, Мұқаш деп, Сәдуақасты Сәкен деген. Іздеу кезінде осының бәрін ескеруге тырысамыз. Іздеу салушыдан да бәрін егжей-тегжейлі сұрап аламыз, — дейді Айгүл.

Оның айтуынша, іздеу жұмысы кейде бір сағатқа да жетпеуі мүмкін. Ал кейде тым ұзап кетеді.

Атасының жерленген жерін кейде бір сағатта, кейде бір аптада тауып жатамыз. Бұл волонтерлардың уақыты мен деректің бар-жоғына байланысты. Бұған қоса барлық дерек әлі базаға толық жүктеліп болған жоқ, қағаз құжат әлі цифрланып жатыр. Сондықтан ешкімге «Атаңыз табылмады» деп те кесіп айта алмаймыз. Қорда жұмыс істейтіннің бәрі — волонтер, бәрі жұмыстан бос уақытында тегін еңбек етеді. Таңғы төрт-беске дейін отырып іздейтіндер де бар. Күндіз көбінің қолы босай бермейді, — дейді ол.

Жауынгерлер және мистика

Айгүл волонтерлік жұмысы өзіне қатты ұнайтынын айтады. Ол кейде мистикалық сәттер де болып тұрады дейді.

Бірде Ботагөз деген қыз хабарласып, атасын іздеуге көмектесуімізді сұрады. Оның соғыстан оралмаған атасы біраз жылдан бері Ботагөздің әкесінің түсіне кіріп жүр екен. Түсінде «Мені ізде, іздесең, табасың. Таба алмасаң, Зубовты ізде. Зубовты тапсаң, мені де табасың» депті. Олар өздері іздеп жүріп, атасы жерленген жерді тауыпты. Әкесі мен Ботагөз сол үшін Ресейге, Колпино қаласына да барды. Барса, ол жерде төрт бауырлас зират бар екен. Сосын маған хабарласып, жаңағы Зубовты тауып беруімді сұрады. Деректер базасын қарап, Зубовтың да сол жерде жерленгенін көрген соң, олар атасы да сонда жатқанына көз жеткізді. Туған жерден апарған топырақты салып, ала барған жусанын қойып, құран бағыштап қайтты, — дейді ол.

Айгүл Аитова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін Айгүл өз бетінше зерттеу жүргізіп, сол бауырлас зиратта жатқан қазақтардың тізімін жасаған. Кейін сол тізім бойынша ұрпақтарын іздеуге кіріскен.

Онда жерленгеннің көбі Қостанай облысы, Амангелді ауылынан шақыртылған жауынгерлер екен. Кейін мен қолымда бар тізімдегі аталарымыздың ұрпақтарын іздеймін деп шештім. Әр жерге хабар тараттым. Көп адам кері байланысқа шықты, аталарын танып жатты. Бір әскери адам хабарласып, тізімде 35 және 36 болып тұрған екі адам да атасы екенін айтты. Сөйтсек, біреуі әкесінің әкесі, екіншісі анасының әкесі екен. Аталары соғысқа кеткенде аналары мен әкелері сегіз-тоғыз жаста болған. Олар баларына «Әкеміз соғыстан оралмады» деген екен. Сөйтсек, екі құда бір күнде қайтыс болған, бір жерде жерленген екен. Содан бұл тізімді өзіміз де «Құдалар» деп атап кеттік, — дейді ол.

Қазақ жауынгерлері көбіне қай елден табылады

Айгүлдің айтуынша, соғыстан оралмаған қазақтардың сүйегі Ресеймен қоса Украинадан да, Беларусиядан да табылады екен. Барлығы дерлік бауырлас зиратта жерленген.

Нидерланд елінде, Францияда, Венгрияда, Германия мен Польшада, тіпті Қытайда жерленген аталарамыз да бар екен. Барлығы дерлік бауырлас зиратта жерленген. Бауырлас зиратта көбіне 3000 адамнан жерленген, 25 000-ға жуық адам жатқан зиратты да көрдік. Бірақ жағдай өте жақсы, жасыл желек, қоршау салынған, тап-таза болып тұр, көзің қуанады, — дейді ол.

Айгүл Аитова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айгүлдің айтуынша, соғыс жылдары Алматыда госпиталь болған. Басқа елден келген жауынгерлер де сол жерде ем алған. Кейбірі онда қайтыс болған. Олардың да ұрпақтары аталарын іздеп келеді дейді.

Сол госпитальда қайтыс болған жауынгерлер қайда жерленген екен, қазір ол зираттың хәлі қандай күйде екен деген сұрақ қызық болды. Біз өзге елге атамызды іздеп барғанда, зираттың жағдайын көріп, көңіліміз орнына түсті. Ал басқа елден бізге атасын іздеп келгендердің көңілі түсіп қалмай ма деген сұрақ мазалады. Қордағы волонтер қыздармен зиратқа бардық. Бізде де мұндай дүниеге өте жақсы қарайды екен, көлденең жатқан қоқыс жоқ, бәрі тап-таза. Тек есімдер өше бастапты, — дейді ол.

Айгүл әлі де волонтерлік істі жалғастыра беремін дейді. Соңғы жауынгер табылғанша бірлестік болып істей береміз дейді.

80 жылдан кейінгі қауышу

Оразкүл Дәулетқұлова — Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны. Ол былтыр әкесінің туған бауырының қайда жерленгені туралы хабар алған. Өзінің айтуынша, бұл жаңалықты есту әкесінің ең үлкен арманы болған.

Оразкүл Дәулетқұлова. Фото жеке архивінен

Былтыр қарашада Мәскеуден хабарласты. «Дәулетқұлов Қадырбек туысыңыз ба?» деп сұрады. Ол кісі әкемнің туған інісі екенін, 19 жасында соғысқа аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткенін айттым. Содан соң Мәскеудегі волонтерлар атамыздың сүйегін елге жіберді. Іздеу кезінде табылған заттарын да қоса жіберді. Желтоқсанның ортасында атамыздың денесін салтанатты түрде Астанаға жеткізіп берді. Ол жерден Atamnyn amanaty қоры қабылдап алды. Екі жақтан да рәсімге қорғаныс министрлігі қатысты. Сосын айдың аяғына қарай атамыздың денесін Таразға жеткізіп берді. Қаладағы Жеңіс паркінде тағы да салтанатты рәсім өткізіп берді. Аудан орталығындағы мешітте қазақтың дәстүрі бойынша жаназасын шығарып, Жалпақтөбе ауылына жерледік. Жақында балаларымыз барып қоршауын салды, — дейді Оразкүл апа.

Оразкүл апаның айтуынша, соғысқа әулеттен үш ағайынды аттанған. Оның тек біреуі аман оралған.

Соғысқа үш бауыр аттанған екен. Әкем — Әдібай Дәулетқұлов және бауырлары Қадырқұл Дәулетқұлов, Қадырбек Дәулетқұлов. Қадырқұл ағамыз келмей қалды, жерленген жері әлі табылмады. Әкем Әдібай соғыстан аман оралып, 1980 жылы қайтыс болды. Денесі табылған Қадырбек атамыз соғысқа бойдақ аттанған екен. Қолымызда бірде-бір суреті болмады, құжаты да жоқ. Бірақ әкемнің туған інісі екенін айтып, дәлелдеп бердім. Қазір атамызды мақтан тұтамыз. Табылды дегенде қуанышымызда шек болмады. Бүгін осылай шалқып, бейбіт жүргеніміз осы кісілердің арқасы. Өзім де 66-ға кеп қалдым. Әкем өмірден кеткенше, бауырларын аузынан тастаған емес. Үнемі «Ағам бар еді, інім бар еді. Соғыстан оралмай қалды ғой. Дерегі шықса, жақсы болар еді» деп армандап отыратын. Арманда кетті. Содан ба екен, атамыздың бірі табылды дегенде қатты толқыдық, — дейді ол.

Оразкүл апа соғысқа қатысқан азаматтардың есімі өшпеуі керек деп есептейді. Атасына да ауыл деңгейінде құрмет көрсетілгенін қалайды.

Атамызға тиісті дәрежеде құрмет көрсетуге мүмкіндік берген, елге жеткізуге көмектескен барлық адамға рақмет айтамын. Тек өзіміздің ауылға кішкене ренішім бар. Ресейден ауылға жеткенше, әр жерде ерекше құрмет көрсетіп, жақсылап рәсімін жасап берді. Ауыл деңгейінде де құрмет көрсетілгенін, атамыздың есімін елеп-ескергенін қалар едім. Өскелең ұрпақ арасында есімі дәріптелсе деймін. Қалай дегенмен, білуімше, ауылға мүрдесі жеткен бірінші Қызыл әскер жауынгері — осы біздің атамыз, — дейді ол.

Ресми басылымдар екінші дүниежүзілік соғыс майданында 600 мыңнан аса қазақстандық жауынгердің қаза тапқанын хабарлады. Сонымен қатар соғыс кезінде тылда да көп адам көз жұмды. Мысалы E-History.kz порталы ұсынған дерекке сәйкес, республиканың бейбіт тұрғындарының тікелей шығыны шамамен 300 мың адам, жанама шығыны 592 038 адам болған.

***

Тағы оқыңыз: Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен жауынгерлерді қалай табуға болады?