Басты бетЖаңалықтарМемлекетке 1,2...

Мемлекетке 1,2 миллиард теңге залал келтірген қылмыстық топ сотталды

Мемлекетке 1,2 миллиард теңге көлемінде залал келтірген арнайы ХҚКО-ларда ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды. 

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше 25 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысқан арнайы ХҚКО мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім шығарды.

Олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке мүліктік залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды, — делінген хабарламада.

2022 жылғы қаңтардан мамырға дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 миллиард теңге болды.

Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары — Астананың №2 мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астананың арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы тоғыз жыл бас бостандығынан айырылды, бес топ қатысушысы алты жыл бас бостандығынан айыру, ал жазаның әртүрлі мерзімдері бойынша 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Сонымен қатар жеті қызметкер екі жыл алты айдан бастап бас бостандығын шектеуден үш жыл алты айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Олар арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот процесі Астана полиция департаментінің жеке құрамының, сонымен қатар Астана қаласы арнайы ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар тергеу барысында арнайы ХҚКО маманы көлік құралдары иелерінің қолтаңбаларын қолдан жасау фактілері анықталды.