Ресей Федерациясы тарапынан Жайық өзеніне келетін судың деңгейі төмендеп жатыр.
Орал қаласы және төрт аудандағы 84 елді мекенінде Жайық өзенінің жағалау учаскелеріне 150 км бөгет тұрғызылып, нығайтылған. Су тасқынына қарсы шараларға жергілікті құрамалардан, сондай-ақ басқа облыстардан 11 мыңнан аса адам, 1 мыңға жуық инженерлік арнайы техника тартылды.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифиңдн БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов осындай мәліметтерді келтірді.
Өңірде су тасқынының бірінші және екінші кезеңдерінің салдарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Төтенше жағдай туындау салдарынан 1 321 тұрғын үйге зиян келтірілді. 1 208 үй бойынша техникалық тексеріс жүргізіліп, 420 тұрғын үй әрі қарай тұруға жарамсыз деп танылды. Оларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, салынатын жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталып, жер жұмыстары жүргізілуде. Зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде 369,2 мың теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда 1 893 отбасы 688 млн теңгеге әлеуметтік көмек алды, — деді спикер.