Нұржамал Иминова — гендер теңдігі бойынша эксперт. Baribar.kz тілшісі маманмен STEM саласындағы гендер теңсіздігі, еңбек нарығындағы әйелдердің үлесі мен қазақ менталитетіндегі гендерлік рөлдердің кесірін талдады.
STEM білім беру — жаратылыстану ғылымдары мен инженерлік пәндерді біріктіретін оқу моделі (science, technology, engineering, mathematics). Нұржамал Иминова STEM саласына қыздардың өте аз баратынына алаңдайды. Ол қаладағы осы бағытты оқытатын мектептердің бірінде тек ұлдар оқитынын көрген.
Баламды STEM мектебіне бердім. Сабақтан алып кетуге барғанда қызық нәрсе байқадым. Жоғары класс оқитын топта да, кіші класс оқитын топта да тек ұл балалар екен. Гендерлік сала эксперті ретінде, ішімде бірден «Неге?» деген сұрақ пайда болды. Ата-аналар мұндай бағытқа қыздарын неге бермейді деп ойладым, — дейді ол.
Эксперт мұндайда дабыл қаққан дұрыс дейді. Себебі мектептегі осындай айырмашылық сала мамандарының арасындағы гендер үлесіне де әсер етеді.
Мемлекеттік кадрлар резерві бойынща, жақын болашақта елімізді басқарады деп үміт етіп отырған жастар — осы STEM саласын меңгергендер. Таңғалдырғаны қазір президенттік кадрлық резервте, яғни мемлекеттің үздік кадрлары саналатын құрамда 400 адамның тек 55-і әйел екен. Демек әйелдердің үлесі — небәрі 14%. Бұл резерв жасақталғанда үміткерлер логика мен есеп бойынша сынақ тапсырады. Сонда STEM-ді меңгермеген адам қатарға қосыла да алмайды, — дейді ол.
Эксперт биліктегі гендер теңдігі мәселесін қозғағанда да шешімді балалық шақтан іздеу қажет дейді. Ол ата-ана балалардың қызығушылына қатысты мүлдем шектеу қоймауы керек екенін айтады.
Біз әдетте билікте, басқарушы органдарда әйел аз деп дабыл қағамыз. Негізі мәселені шешу үшін сонау бала шаққа үңілу қажет. Ата-аналар әлі көбіне ұлдарын нақты ғылымды зерттейтін салаларға қатысты қосымша сабақтарға береді. Ал қыздарды тек әнге, биге, еңбек сабақтарына, сурет салуға беруі мүмкін. Мұның өзі барлық отбасындағы емес. Көп отбасында қыз балаларды көмекші, бала күтушісі көреді. Біріншісі ұл болса, «енді осы балаға қарайтын қыз туып алсаңшы» дейтіндер де бар. Сондықтан көбіне ұлдары қосымша үйірмелерге кеткенде, аналар қыздарына «үйді жинап қой», «кішкентай бауырыңа қара» деген сияқты тапсырма беруі мүмкін, — дейді ол.
Ол ата-аналар мұны бейсаналы деңгейде жасайтынын айтады. Эксперттің сөзіне қарағанда, бұған көптен қалыптасқан гендерлік рөлдер әсер етеді.
Бізде менталитетімізге, ұстанатын дінімізге, өмір салтымызға қарай ғасырлар бойы қалыптасып кеткен гендерлік рөлдер бар. Сондықтан ата-аналар бейсаналы түрде баланы сол рөлге сай тәрбиелеуге тырысады. Сол үшін қыздарға кішкентайынан қуыршақ, болмаса ойыншық ас үй алып беруі мүмкін. Ал ұлдарға көлік, лего, зымыран сияқты ойыншық алып береді. Осылай-ақ кішкентайынан ұлдарды отбасының асыраушысы ретінде тәрбиелеп, «оқуың керек, білім алуың керек, жұмыс істеуің керек» деген сигнал береді. Ал қыздар, әрине, бала туып, үй жинап, тамақ істеу қажет деген оймен өседі, — дейді ол.
Нұржамал Иминова «қыз балалар көбіне гуманитралық бағытқа, ер балалар жаратылыстану бағытына икемді келеді деген түсінік мүлдем қате» дейді. Балаларға туғаннан бірдей таңдау берілсе, екі бағытты да меңгере алады.
Бала шақтан қыз бен жігітті икеміне қарай бөлу болашақта олардың қабілетінің ашылмай қалуына әсер етеді. Ұлдар бала кезден құрастырғыш ойыншықтарды ойнап өскен соң, есеп-қисапқа икемдірек сияқты болады. Содан мектепке барғаннан бастап мұғалімдер қыздар гуманитарлық бағытқа, ұлдар жаратылыстану бағытына икемдірек деп айтады. Сосын мамандық таңдағанда да осы түсінікті ұстанады. Ал, шын мәнінде, жай ғана ата-ана қыз баланың жаратылыстану-математика бойынша икемі шыңдалуына, қалыптасуына мүмкіндік жасамайды. Тура сол сияқты, ұл баланың да шығармашылық қиялы ашылмай қалған болуы мүмкін. Біз бала туғаннан қызығушылығына шектеу қоймасақ, бала толыққанды тұлға бола алады. Бәрін алдына қойып, ұлға да, қызға да бір ермекті беру қажет. Ұлыңыз шахматқа барса, қызыңыз да барсын. Қызыңызды биге бердіңіз бе, ұлыңыз да барып көрсін. Уақыт өте келе өзіне ұнайтынын таңдаса ғана, оның икеміне қатысты толық сеніммен бірнәрсе айтуға болады, — дейді ол.
Маман осы себептен қыздар IT-маманы, инженер, механик деген сияқты салаларды таңдай бермейді дейді. Оның айтуынша, жыл сайын химия, физика, медицина саласындағы ғылыми зерттеулер мен революциялық жаңалықтарға, мәдениет пен қоғамның дамуына зор үлес қосқан ақын-жазушыларға, бейбітшілік жолында күрескен адамдар мен ұйымдарға берілетін Нобель сыйлығын алған әйел де аз — небәрі 18 әйел. Ал ерлер саны — 110.
Нұржамал Иминова гендерлік рөлдер өзгермейінше, әйел құқығы таптала береді, зорлық-зомбылық та тыйылмайды дейді. Ол, әсіресе, еңбек нарығындағы әділетсіздікті шешу керек дейді.
Қоғам әйелден гендерлік рөлін талап еткендіктен, ол отбасылық өмірін жұмыспен қатар алып жүруі қажет болады. Үйдің шаруасы, балалардың күтімі деп сұрануы мүмкін немесе part-time істейді. Болмаса, жұмыстан шығуына тура келеді. Сондықтан кейде әйелдердің жұмысқа тұруы да қиын болып жатады. Жұмыс берушілер үшін де декрет демалысына кеткен әйел адамның орнына уақытша адам табу, оны үйрету салмақ салуы мүмкін, жұмыс процесіне кедергі де келтіруі мүмкін, — дейді ол.
Ол мұндайда мәселе мемлекет деңгейінде шешілуі қажет дейді. Мемлекет кәсіп иелеріне жұмыс орындарындағы әйел адамның үлесіне қатысты талап қоя алады.
Америкалық жұмысқа орналастыру бюросы ұсынған статистика бойынша, алдағы онжылдықта ең табысты мамандықтың 75%-і – STEM саласына тиесілі. Сонда қыздар да ертеден осы салаға бет бұрса, гендер теңсіздігі жойылар еді. Себебі табыс деңгейі де гендерлік рөлдердің құлауына ықпал етеді. Инфлюенсерлердің дәуірі де осыған септігін тигізіп жатыр. Қазір қыздар жақсы табыс таба бастады. Сондықтан олар үй ханымы болғысы келмейді. Осылай ақырын-ақырын «рөлдер» теориясы да құлай бастайды. Әйел адамның табысы жоғары отбасыларда тұрмыстағы зорлық-зомбылық та азаяды. Еріне толық тәуелді әйел өз ережесін айта алмайды. Себебі көп жыл бойы еңбекақыға қатысты да гендер теңсіздігі болды. Бұл да рөлге әсер етеді. Бірақ қыздар бұл салаға бет бұруы үшін, әрине, билік деңгейінде шара жасалуы қажет. Елге маман жетіспегенде, мемлекет сол салаға көп оқу грантын бөледі. Ал бір салада әйел үлесі аз болса, мемлекет сол салаға қыздарды ынталандыру үшін түрлі жеңілдік ұсына алады, — дейді ол.
Эксперт қазір гендерлік рөлдер тақырыбы талқылана бастағанын да байқаған. Ол мұның өзі қоғамдағы гендер теңсіздігі сейілуіне әсер етеді дейді.
***
Тағы оқыңыз:
Тұрмыста зорлық көрген әйел өзін қалай қорғайды? Заңгер кеңесі