Аштықтан теңдікке дейін: Алматыда гендер теңдігі мәселесі талқыланды

Фото: Baribar.kz
7 ақпанда Алматыда әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік мәселесі бойынша Aşyqtyqtan teñdikke deyin форумы өтті. Іс-шараны Zertteu Research Institute ұйымдастырды.

Жоба авторлары елдегі әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейте отырып, гендер теңдігін орнатуға үлес қосуды мақсат етеді. Осы мақсатта авторлар «Gender in Tender» жобасын жүзеге асырады.  Оларды Қазақстандағы АҚШ бас консулдығы қолдап отыр.

Жоба мемлекеттік сатып алу саласында гендер теңдігіне қол жеткізу мүмкіндіктерін зерттеп–талдауға арналған. Бұл жоба гендер теңдігі принциптеріне сай келетін кәсіпкерлік пен бизнесті қолдауға қосымша құрал деп қарастырылып отыр. 

Алматыда өткен форумда зерттеу нәтижелері таныстырылып, Қазақстанның мемлекеттік және жеке секторына барынша инклюзив сатып алуларды ендіруге арналған нақты идеялар талқыланды. Спикерлер зерттеу нәтижесінде сатып алу мен өнім беру тізбегінде әйелдер иелік ететін кәсіпорындар жайлы ақпарат жоқ екеніне көз жеткізген. 

Фото: Baribar.kz

Зерттеу жұмысына қатысушылардың бірі, Kameda қоғамдық қорының эксперті Жанар Оспанова зерттеу қалай жүргізілгені туралы толығырақ айтып берді.

Мемлекеттік сатып алу порталы — ашық дереккөз, барлық құжатты қолдануға болады. Біз соның ішінде конкурстық хаттамаларға сүйене отырып, зерттеу жасадық. Бұл құжаттарда тендерлік комиссия құрамы, әйел, еркек, аты-жөні деген сияқты бізге керек деректің бәрі болды. Талдаудың мәні ретінде әкімдіктердің басқармаларының конкурстарына қатысқан, конкурсты жүргізген тендерлік комиссия құрамы алынды, — дейді Жанар Оспанова.

Жанар Оспанованың айтуынша,  олар гендер теңдігі мәселесі бойынша 17 облыс, 3 республикалық  маңызы бар қалалар әкімдігін зерттеген.  Соның ішінде 260 комиссия толық талданған.

Тендерлік комиссиялар ішінде әйелдер мен еркектердің үлесінде айырмашлық бары анықталды. Ерлер үлесі 69% немесе 764 орын. Ал әйелдердің үлесі — 31% немесе 395 орын. 20 өңірдің ішінде комиссияда гендерлік теңдік солтүстік өңірде жақсырақ сақталған. Біз басқа өңірлердеде квота қарастыру, оқу жөнінде мәселелер, іс шаралар өткізу, политиканы қарастыру қажет деп есептейміз,— дейді Жанар Оспанова.

Форум ұйымдастырғандардың бірі — “Әлеуметтік және гендерлік зерттеулері орталығының зерттеушісі Әйгерім Құсайынқызы. Ол мемлекеттік сатып алу саласында гендер теңдігі болуы үшін әйелдерге арналған квота болуы керек екенін айтады. 

2021 жылдан бастап саяси партияларда әйелдерге квота енгізілді. Енді кез келген сайлауға қатысатын саяси партия құрамында 30% әйел, мүгедектігі бар адамдар және жастар болуы керек. Мемлекет сатып алу саласына да дәл осындай әйелдерге арналған квота керек. Тендерге қатысушы әйелдерге 20,30% аралығында квота беру қажет, —дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Фото: Baribar.kz

Спикерлер елде гендер теңдігі мәселесі біршама жақсарып қалғанын да айтты. Мәселен “IT әйел” жобасының өкілі Алина Абдрахманның айтуынша, IT саласына қызығатын әйел саны да артқан.

Биыл бір айда жобаға 2000 әйел қатысты. Көбі ауылды жерде тұрса да, үйде отырып сайт жасап үйренді. Бұл — керемет мүмкіндік және нәтиже. Сонымен қатар саясаткер әйелдерге арналған “Томирис” деген жобамыз болды. Жоба аясында әйелдерге саясатта дұрыс шешім қабылдау, ораторлық қабілетті дамыту бойынша тренингтер өткізілді, — дейді ол. 

Форумда сөз сөйлеген макроталдаушы Аякөз Хатенова қатысушыларға гендер теңдігі аясында қате түсінік қалыптастырып алмауды маңызы туралы айтты. 

Гендер теңдігін қалау әйел мен еркек арасындағы күш сынасу, бірін бірі бәсекелес көру, басып озу үшін өз мәртебесін алға тарту емес. Бұл — экономикалық, әлеуметтік мүмкіндік мен құқықтың тең болуын қалау, — дейді ол.

Спикерлер өмірдің барлық саласында гендер теңдігі орнауы керек деп есептейді.

Назым Саурбаева