23 жастағы Меруерт Есенованың сенімді досы — Ақсауыт деген тазы иті мен Тарлан деген жылқысы. Меруерттің жануарларымен байланысы, махаббаты ерекше. Өзінің айтуына қарағанда, ол — қазір елде тазы асырап жүрген жалғыз қазақ қызы. Baribar.kz тілшілері Меруертпен және оның достары Ақсауыт және Тарланмен танысып қайтты.

Меруерт — жекпе-жекпен айналысқан кәсіби спортшы. Кейін бұл спорт түрінен кеткен. Дегенмен ішіндегі рух мен қуатты бір бағытқа жұмсамақ болып, ұлттық спорт түріне бет бұрған. Қазір Ulyqorgan деген этно орталығы бар. Онда ол садақ атады, ат үстінде шабады. Алматы тұрғындары да олардың клубына барып, атқа мініп, садақ атып, атпен, тазымен суретке түсіп, демала алады.

Бала кезімнен малға, оның ішінде ит пен атқа жақынмын. Бірақ Тараз қаласында өстім. Балконы бар көпқабатты үйде тұрдық. Ит асырағым келгенін айтқанда ата-анам: «Қай жерде асырайсың? Үйдің іші сасып кетеді» дейтін. 2015 жылы Алматыға жер үйге көштік. Сол кезде әкем төбет күшік алып берді. Оның аты Арлан еді. Кейін оны апам сатып жіберді, — дейді Меруерт күліп.

Дегенмен Меруерттің бала арманы  орындалды. Бүгінде оның Ақсауыт деген тазысы мен Тарлан деген тұлпары бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өзі сұлу, бойы ұзын, жүні мамықтай әрі аппақ, мінезі салмақты Ақсауыт. Иттердің арасындағы текті тұқымға — тазыға жататын күшік. Қазір бір жас сегіз айлық. Меруертке оны Семейде тұратын, тазы асырайтын Жеңіс деген кісі сыйлаған.

Ақсауытты күшік кезінен асырап алдым. Оның атасы Астанадан, ал енесі Семейден. Маған енесі жақтан келді. Ақсауыт күшік кезінен өте әдемі болды. Адамдар оның сұлулығына тамсанады, — дейді Меруерт.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақсауыт Меруерттің жанынан екі елі ажырамайды. Күндіз бірге жұмысқа барады, кешке үйге қайтады. Түнде үйін күзетеді. Өзі аңшы ит болса да, қаланың өміріне әбден үйренген. Меруерттің көлігіне де қорықпай мінеді. Меруерт осылай тазы итті де қаланың өміріне бейімдеуге болатынын айтады.

Көлігімнің терезесін ашып қоямын. Терезеден басын шығарып, Алматының самал желіне рахаттанып алады. Жолда оны көргендер таңғалып қарайды. Кейбірі бірге суретке түседі. Ақсауыттың қала өміріне, адамдарға, ал адамдардың тазы итке, Ақсауытқа үйренгенін қалаймын. Көбі тазы ауылда, кең далада ғана жүруі керек деп ойлайды. Мен бұған келіспеймін. Мысалы, қалада тұратын адамдар бульдок, чихуахуа және тағы басқа тұқымға жататын иттерін асырап, бірге серуендеп жүреді. Дәл солай тазымен де жүруге болады, — дейді спортшы қыз.

Меруерттің айтуынша, тазыны асырау, оны баптау қиын емес. Себебі тазылар өте момын келеді. Иесімен байланысы жақсы болса жеткілікті. Тамақ  та көп жемейді әрі талғамайды. Мәселен, Ақсауыт күніне үш уақыт тамақ ішеді. Сүйек мүжігенді ерекше жақсы көреді.

Бағана көргеніңіздей, нанды да, құймақты да жей береді. Сүйекті мүжігенді жаны сүйеді. Түгін қалдырмай жеп қояды. Оған барынша құнарлы, дәруменге толы тамақтарды алып беруге тырысамын. Қосымша итке арналған тағам (корм) беремін. Соның арқасында жүні жылтырап, теп-тегіс болып тұрады, — дейді Меруерт.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақсауыт кең алаңда ойнағанды жақсы көреді. Өте еркін ит. Өкпесін көтеріп, төрт аяғын керіп қойып жүгіргенді ұнатады. Тау-тасты да талғамайды. Қорықпай биікке де шығады, төменге де емін-еркін түседі. Өзімен ойнаған адамдарға да еркелеп, қылығын көрсетеді. Кейде жүгіруден жарысқа қатысады. Сағатына 60-70 шақырым жүгіре алады. Мұндай кезде ол көп күш-қуат жұмсайды да, тамаққа тәбеті ерекше ашылады.

Қазір қонаққа, достарымның үйіне — қайда барсам да сүйек, ет жинап жүремін. Ақсауыт та үйде күтіп отырады. Балам сияқты болып кеткен, — деді Меруерт күліп.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дегенмен Ақсауыттың қабырғасы анық көрініп тұратыны соншалық, оны саусақпен санауға болады. Сондай арық. Дұрыс тамақ ішпейді немесе диета ұстай ма деп қаларсыз. Дегенмен Меруерт тазы иттің бәрі арық болады дейді. Қазір Ақсауыттың салмағы — 29 келі.

Клубқа келетін орыс кісілер «Итіңе тамақ бермейсің бе не?» деп сұрайды. Мен «тамақ беремін, тек оның тұқымы осындай» деймін. Шыны керек, Ақсауыт тазының ұрғашысы үшін семіздеу. Әдетте тазының арланының (еркегі — ред.) салмағы — 29-30 келі, ал ұрғашылардың салмағы 24-25 келі болуы керек, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Меруерт Ақсауытқа ерекше көңіл бөледі. Қажет болса мал дәрігеріне апарып, қаратып тұрады. Жуындырады, жүнін қырқады.

Үйдегі жуынатын бөлмеде шомылдыра беремін. Жазда аптасына бір-екі рет жуындырамын. Ал қыста сирек, себебі тез жаурап қалады. Ақсауыт момын. Шәңкілдеп, ыңырсып мазаны алмайды. Жуындырып біткенше тып-тыныш тұрады. Жазда жуындырып болған соң күннің астына байлап қоямыз. Өзі-ақ кеуіп, әп-әдемі болып шығады. Жүні жұп-жұмсақ. Өзі кірпияз. Үйдің ішін қопарып, шашпайды. Суды төгіп алса, артынан сол жерді жалап, тазалап қояды. Өзінің үстін де жалап, таза ұстайды. Сосын басқа тұқымдағы кейбір ит шыдай алмаса, тұрған жерінде дәрет сындыра береді. Ал Ақсауыт ондай емес. Мен болмасам, келгенімді, сыртқа шығарғанымды күтіп тұрады. Өзінің жататын жерін ластамайды. Сол себепті де мен қорықпай, көлікке де салып аламын, үйге де кіргіземін. Тазы — қазақы Хатико ғой. Кейде үйде жалғыз өзін тастап кетемін. Күтіп отырады. Үйге келсең, «тастап кеттің» деп ренжиді, бірақ қуанышын да жасыра алмай тұрады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Меруерт Ақсауыттың қыс бойы үйде түнеп шыққанын айтты. Оның да себебі бар.

Денесінде май болмағандықтан, басқа иттерге қарағанда тоңғақ. Аңшы ит болған соң, үнемі қатты жылдамдықта жүріп, жүгіретіндіктен, денесінде тек ет пен сіңір ғана бар. Оған қоса кітаптардан оқып, ақсақалдардан сұрап, кезінде қазақтардың тазы итті киіз үйдің ішінде асырағанын білдім. Олар ашаршылық кезінде бір ауылды асырап, азық тауып беріп отырған. Сол себепті өте құнды жануар болған. Тіпті бір қалың мал ретінде тазыны да берген, — дейді ол.

Ақсауыт — өте ақылды ит. «Отыр», «жүгір», «кел», «жүр кеттік», «тамақ» деген сөздерді түсінеді.

«Әй, фу» десем, тоқтайды. «Былай, былай» десем, бұрылады, — дейді Меруерт.

Бірақ тыңдағысы келмесе, тыңдамай да қояды екен. Ақсауыт пен Меруертті бірге суретке түсіргіміз келіп еді, басында тыңдамай, жанымызға келмей қойды. Үлкен алаңды шыр айналып, кептерлердің артынан қалмай, жүгіріп жүр. Сыртынан қарасаңыз, далада мәз-мейрам боп ойнап жүрген кішкентай бала сияқты.

Бірде оған екі ит жабылып кетті. Ол қарсы тұрып, оларды талап тастады. Әлгі екі ит қатты шәңкілдеп, қыңсылап кетті. Ақсауытқа «қой, болды» деп едім, тыңдамады. Сосын тәрбиелік мақсатта бір-екі рет ұрып жібердім. Қазір мені де тістеп ала ма деп те қорықтым. Бірақ ештеңе істемеді, тынышталды. Дегенмен кейін тазыны ұрып тәрбиелеу мүмкін емес екенін түсіндім. Тазы тыңдағысы келсе ғана, тыңдайды. Егесін сыйласа, тыңдайды. Ақсауыт екеуіміздің арамызда үлкен сыйластық бар. Бірақ кейде осылай еркелеп, мені де тыңдамайды, — дейді Меруерт.

Ақсауыт түрлі жарысқа қатысып жүр. Басында сұлулыққа қатысты жарысқа қатысып, «Ең әдемі күшік» деген марапатқа ие болған. Кейін жүгіруден сайысып, екінші орын алған.

Мотоциклдің артына шырғаны (шырға – тазыны қолға үйреткенде, аңға түсуге баулығанда қолданылатын тұлып) байлап, иттерді соның артынан жүгіртеді. Қызық болғанда, Ақсауыт әлгі шырғаның артынан жүгірмей қойды. Қаланың өміріне әбден үйреніп алған, шырғаға қызықпады. Түлкінің өтірік екенін де біліп тұр, иіскеп қана қойды. Көлікке мініп алдым да, «Ей, Ақсауыт! Жүр, жүгір!» деп айғайлап жатып, екінші орын алдық, — дейді Меруерт күліп.

марапат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұдан кейін де бірнеше байқауға қатысып, жүлделі болған. Меруерттің сөзіне қарағанда, Қазақстанда 50 тазыға халықаралық куәлік берілген. Солардың ішінде Ақсауыт та бар. Бұл куәлік жануарларға сұлулыққа қатысты халықаралық жарыстарға емін-еркін қатысуға мүмкіндік береді.

Бұл куәлікті алу оңай емес. Оны бізге бермес бұрын Ақсауытты толық тексерді. Ақсауыттың тек сырт көрінісін емес, жамбас, омыртқа сүйектерін, тырнағын, жүрегін қарап, қаншалық стандартқа сай екенін тексерді, — дейді Меруерт.

марапат
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Меруерттің тағы бір серігі — тұлпары Тарлан. Тарлан — қырғыз тұқымы. Биыл 11 жасқа толады. Тарлан — Меруерттің алғашқы тұлпары. Оны асырағанына төрт жыл болды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осы тұлпарыммен бәрін үйрендім. Атқа мінуді, шабуды, жүгендеуді, үзенгілеуді — бәрін үйрендім. Тарланым маған таза, сабырлы болуды үйретті. Былайша айтқанда, рухани досым, — дейді ол.

тазы ит жылқы

Тарлан мен Ақсауыт бір-бірін жақсы таниды. Ақсауыт ат клубына барып, көліктен түсе сала Тарлан тұрған жерге қарай жүгіреді екен.

Маған «жүр, жылқымызды сыртқа шығарайық» деген көзқараспен қарайды. Жылқы да Ақсауытты көрсе, кісінейді. Ақсауытқа қарап, менің келгенімді де түсінеді. Мені көре сала, ол да еркелеп кетеді. Мына алаңда 20-30 жылқы жүрсе де, Ақсауыт Тарланның жанында жүреді, — дейді Меруерт.

Меруерт «Мал иесіне тартады» деген сөздің жаны бар екенін айтады. Себебі Ақсауыттың да, Тарланның да мінезі өзінікіне ұқсайтынын байқайды. Ақсауыт момын болса да, мінезді. Меруерттің айтуынша, басқа жануарлар оның мысын сезеді. Дегенмен ол адамдарға шаппайды. Ал иесі Меруертті ерекше қорғайды. Үшеуіміз де сырттай нәзік, бірақ іштей қайраттымыз дейді.

Шынымен-ақ, Ақсауытым — қорғаным. Адамға шаппайды, қоғамға үйреніп қалған. Достарыммен кейде алысып ойнаймыз. Олар мені жерге құлатып жіберсе, Ақсауыт уайымдап, мені қорғап шыға келеді. Достарыма тиіспейді, бірақ маған жолатқысы келмей, оларға асыла жөнеледі. Мысалы, Ақсауыт ойнап, жүгіріп, майысып жүреді. Тура қыздың қылығын істейді. Бірақ оған өзге иттер тиіссе, талап тастайды. Аңшы ит болған соң, тісі өте өткір, жағы мықты. Бір жармасса, жібермейді. Оның бір қатты тістегені кез келген жануарды өлтіріп жіберуі мүмкін. Жарты жыл бұрын тауға барғанмын. Сол кезде бір төбет маған қарай атылып келе жатты. Мен бір теуіп жіберемін деп ойлап тұрмын. Ақсауыт сонда жүрген адамдарға еркелеп ойнап жүрген. Төбеттің маған қарай келе жатқанын көріп, бірден атып шығып, мені қорғап, төбетке қарай атылды. Ол тырнағын ашып, құлағын қайырды да, ырылдап, әлгі төбетті жасытып тастады, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тарлан да момын, байсалды, бірақ есесін жібермейді.

Тарланым да өте байсалды. Кейде құлағын қайырып, еркелеп те алады, — дейді Меруерт.

Тазы мен жүйрік тұлпар — жеті қазынаның бірі. Оған қоса тазы — Қызыл кітапқа енген жануар. Олар жойылып барады. Сондықтан Меруерт тазы асырауды, олардың санын көбейтуді, атта шабуды, жалпы қазақ ұлттық спорт түрлерін дәріптегісі келеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz