Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Биыл Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылмайды. Соңғы қоңыраудың орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді.
Су тасқынынан орын алған жағдайға және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі балалар үшін сынып сағаты онлайн форматта болады, – деді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді.