Биылғы «Соңғы қоңырау» рәсімі бұрынғыларынан өзгеше. Бұл жолы мерекелік іс-шараға тек мектеп түлектері қатысады. Baribar.kz тілшілері Алматыдағы жалпы білім беретін №58 мектепке барып, оқу жылындағы айтулы мерекенің қалай өткенін көріп қайтты.

Лездеме сағат 9-да басталады. Бірақ 8.30-дан бастап мектеп қақпасынан гүл көтеріп кіріп келе жатқандар көп болды. Жиналып жатқандардың бірі — 11-класс оқушылары, енді бірі — түлектерді құттықтауға келген жақындары.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

11-класс оқушысы Қарақат Дүйсен де мектептегі соңғы күніне сәл ертерек келді. Ол шашын сәндеп, басына ақ бантигін, мойнына «Жас түлек» деген жазуы бар жасыл лентасын тағыпты. Бүгін маңызды күн болған соң толқып та, қуанып та тұр.

Студенттік өмірге асықпын, бірақ мектебімді де қимаймын, — дейді Қарақат.

Қарақат Дүйсен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қарақат кішкентай күнінде түлектердің мектеппен қоштасу рәсіміне қызыға қарағанын айтады. Ал бүгін кіші класта оқитындардың «Соңғы қоңырауды» тамашалай алмайтынына көңілі түсіп тұр.

Негізі бүгінгі іс-шараға барлық оқушының қатысқанын қалар едім. 11-класстардың әдемі болып түлеп ұшқанын, вальс билегенін көріп өстік. Өзіміз де соны армандадық. Ал биылғы 1-кластар мұны көре алмай қалып отыр. Меніңше, «Соңғы қоңырау» бұрынғыдай өткені дұрыс, — дейді Қарақат.

Қарақат Дүйсен — үздік аттестат иегері. ҰБТ-дан жеткілікті балл жинаған.

ҰБТ-ға бір рет кірдім, әзірге жеткілікті балл жинап қойдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскім келеді. Сондықтан әлі шығармашылық емтихан тапсыруым керек. Бірақ қиналмай  түсетініме сенімдімін, — дейді ол.

Қарақат Дүйсен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қарақатқа сәттілік тіледік те, тағы бір түлек Асылмұрат Қасымбекті әңгімеге тарттық. Асылмұраттың көңіл-күйі тамаша. Ол мектеп бітірер күнді асыға күткенін айтады.

1-кластан бастап осы мектепте оқыдым. Кілең беске оқымасам да, түрлі іс-шараға қатыстым, белсенді оқушы болдым. Бірақ мектептен кейінгі өмір тіпті қызық сияқты. Мектебімді қимаймын, әсіресе достарыммен бірге көрген түрлі қызық сәтті ұмытпаймын. Жақында ғана класс болып сабақтан қашып, апайды соңғы рет бір ашуландырып алғанымыз бар. Бірақ мектеп жылдары осындай естеліктерімен қызық емес пе?! — дейді Асылмұрат.

Асылмұрат ҰБТ-ға әлі кірмеген, бірақ сынаққа қатысты еш уайымы жоқ екенін айтты.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне түсуді жоспарлап отырмын. IT маманы болғым келеді. ҰБТ-дан 90-95 балл алсам жетеді, дайынмын деп ойлаймын, — дейді ол.

Асылмұрат Қасымбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түлектермен сұхбаттасқанымызша, мерекелік іс-шара да басталды. Қонақтар шатыр астына жайғасты. Бірден салтанатты түрде ту шығарылды. Мектеп директоры оқу жылымен құттықтаған соң, мерекелік бағдарлама басталып кетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оқушылар ән шырқады, күй тартты, мың бұралған бүлдіршіндер өнер көрсетті.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Биылғы «Соңғы қоңыраудың» басты ерекшелігі — іс-шараға тек 9-11 класс оқушыларының қатысатыны. Мектеп директоры Шынар Утжанованың айтуынша, 1-8-кластар мен 10-кластарға арналған салтанатты іс-шара 31 мамырда өткен.

Сонымен қатар ол күн Ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келгендіктен, барлық сыныпта арнаулы сынып сағаттары ұйымдастырылды, — дейді директор.

Шынар Утжанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көп ұзамай, Қарақат мен Асылмұраттың кластастары бір бұрыштан сап түзей бастады. Вальстің уақыты келген екен. Бұл мектептің 11-класында ұлдарға қарағанда қыздар көп. Сөйтіп вальс билеуге жұп жетпеген. Сол себепті 9-кластың ұлдары көмекке келді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
№58 мектеп түлектерінің вальсі ерекше, себебі оларға сыйлық ретінде вальс әнін мұғалімдері орындап берді.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Соңғы қоңыраудың» басты қызықтарының бірі әрі көп дайындықты қажет ететіні — осы вальс. Бір айлық дайындық еш кетпеген сияқты. Бәрі біркелкі, әдемі билеп шықты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін сахнаға 1-класс оқушылары шығып, түлектерге сый ретінде ән айтып берді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дәстүр бойынша түлектер 10-класс оқушыларына мектепті аманат етіп, «алтын кілтті» табыстады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сәлден кейін жүргізуші баршаға таныс өлең жолын оқыды.

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,
Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.
Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,
Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.

Сөйтіп сыңғырлап соңғы қоңырау соғылды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мектептегі соңғы лездеменің ресми бөлігі аяқталды. Оқушылар бір-бірін құттықтап, суретке түсуге жүгірді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қуанып күлгендері де, көз жасына ерік бергендері де бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Лентаға хат жазу дәстүрі де ұмыт қалмады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мәре-сәре болған түлектер 20 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ тапсырады. Ал одан соң көбін қызыққа толы студенттік өмір күтіп тұр.

Тағы оқыңыз:

Тест: Мектепте қандай оқушы болдыңыз?