Қостанай облысында саяжайларда су тасқыны салдарынан үйіліп қалған қамыс тазартылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.
Жақында болған су тасқыны тұрғындар мен өңір экономикасына елеулі қиындықтар келтірді, десек те адамдар біртіндеп бұрынғы өміріне қайта оралып жатыр. Учаскелеріне су тасқыны шайып әкелген қамыс пен басқа да тұрмыстық қоқысты тазартуда қостанайлық тұрғындарға қалалық коммуналдық қызмет мамандары көмекке келді. Бүгінгі таңда саяжай аумағынан 1 300 текше метрге жуық қоқыс шығарылды. Қалалық IKomek ахуал орталығына бау-бақша қоғамдарынан өтініштер үздіксіз түсуде. Тұрғындар саяжайлардан тасқын су шайып әкелген қамыс, құм мен ағаш сынықтарын шығаруға көмек беруді сұрайды, — делінген хабарламада.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың проблемаларын шешуге, соның ішінде бақша қоғамдарының аумақтарын тазартуға қосымша қаражат бөлінді.
Төтенше жағдай аясында бүгінде жергілікті билік коммуналдық қызметтермен қосымша келісім-шарт жасасуда. Алдағы міндет – арнайы техниканың санын көбейтіп, Тобыл жағалауындағы барлық саяжайды қалпына келтіру.
Бау-бақша қоғамдарының әкімшілігі өздерінің меншігіндегі электр жабдықтары мен сорғыларды қалпына келтіруге көмек сұрайды. Қазір мамандар трансформаторлық қосалқы стансалар, электр желілері, сорғы қондырғылары мен басқа да зақымданған жабдықтардың жағдайын тексеріп жатыр, — деді қала әкімі Марат Жүндібаев осы жағдайға қатысты.
Су тасқыны салдарынан болған шығын бағалағанған соң, қажет қаржат бөлініп, электрмен жабдықтау қалпына келтіріледі.