Сәуір айының басында Каспий теңізінде қырылған итбалықтарды зерттеу бойынша жауапты тарап мәлімет таратты.
Маңғыстау облыстық экология департаменті 29 наурыз бен 8 сәуір аралығында жүзден астам теңіз жануары белгісіз жағдайда қырылған соң тиісті сынамалардың зертханаға жіберілгенін атады. Алайда итбалықтардың өліміне нақты қандай жағдайдың себеп болғаны әзірге белгісіз.
Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізінің жағалауынан 78 өлі итбалық ұшасы табылды. Осыған қатысты Маңғыстау облысының экология департаменті су сынамаларын алып, ветеринариялық станция мен гидробиология және экология институтының қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе) ішінара іріктеді. Ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін азу, тырнақ және жүн сынамаларын алды. Бүгінгі күні зертханалық зерттеулер әлі жалғасып жатыр, — деді экология департаментінің мамандары.
Сонымен қатар 8 сәуірде аталған аумақтан тағы 25 итбалықтың өлексесі табылған болатын.
Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жұмыс тобының барлық мүшесіне жедел түрде хабарланып отыр. Бүгінгі таңда табылған қырылған итбалықтардың жалпы саны 103 басты құрады. Каспий теңізінің жағалау аймағына мониториң жүргізу жұмыстары тұрақты жалғасып жатыр, — деді департамент өкілдері.