MMA – аралас жекпе-жек. Бұл аралас жекпе-жекте түрлі стильдегі спортшылар кездесіп, төбелеседі. Осы спорт түрі әлемде қызығушылық тудырып, тез таралды. Жылдам танымал болып, аралас жекпе-жектің өзге де форматтары шықты. Нақты мысал ретінде поп-MMA индустриясын атауға болады. Поп-MMA – аудиториясы көп танымал адамдардың қатысуымен өтетін жекпе-жек. Бұл жекпе-жек ереже аясында өтсе де, талаптар мен нормалардың ситуацияға қарай бейімделетінін байқауға болады.
Baribar.kz тілшісі медиасарапшы Ерлан Оспан, журналист Есенгүл Кәпқызы және психолог Гүлден Саматқызынан поп-MMA индустриясының қоғамға әсері мен бала агрессиясына ықпалы туралы сұрады.
«Зұлымдықтың кілтипаны экранда емес, қоғамның өзінде»
Медиада «Алматы облысында жасөспірімдер соққыға жыққан адамның жағдайы ауыр», «Қызылордада жасөспірімді соққыға жыққан 5 оқушы полицияға жеткізілді» деген сияқты материалдар жеткілікті. Журналист Есенгүл Кәпқызының сөзіне қарағанда, аралас жекпе-жектегі жауыздық адам санасына әсер етеді.
Медиадағы жекпе-жек қана емес, фильмдер мен бағдарламаларда да қан көрсетілетін контент жеткілікті. Бұл контентке жас шектеуі де қойылмайды. Осы ретте Ұлыбританияның тәжірибесін айтқым келеді. Ұлыбританияда Watershed деген ұғым бар. Ұғымды «балалар уақыты» деп түсіндіруге де болады. Ұлыбританиялықтар таңғы сағат 6-дан кешкі сағат 9-ға дейінгі уақытты «Балалар уақыты» деп белгілейді. Осы уақытта берілетін контентте зұлымдық, қантөгіс, адамдардың бірін-бірі өлтіріп жатқаны, төбелес деген сияқты контентті бермеуге тырысады. Осындай нәрсе болған жағдайда Ofcom (Ofcom – телеарна мен радио компанияларының және пошта қызметінің жұмысын реттейтін агенттік – ред.) деген агенттік телеарнаны лицензиясынан айырады. Ол жақта лицензия алу өте қиын. Телеарналар лицензияны сақтап қалу үшін Watershed қағидасын ұстанады. Ал біз масс-медиа арқылы балаларымызды зұлымдыққа тәрбиелеп жатқан сияқтымыз. Аралас жекпе-жектегі жауыздық адам санасына әсер етеді, – дейді ол.
Медиасарапшы Ерлан Оспанның айтуынша, экраннан қатігездікті көрсетудің еш әсері жоқ.
Қоғамда осындай әңгіме көтеріліп, сосын, «Шешімі – тыйым салу!» деген қорытындыға келетін сәттерді көп ұшырастырамын. Қоғамдағы кешенді проблемаларды – тез бітіріп тастайтын бір шаруамен шешіп тастау шарттылығы біздің кеселіміз. Медиадағы тәжірибем мен жеке эмпирикалық тәжірибемді ұштастырып жауап берсем – жоқ, экраннан қатігездікті көрсетудің еш әсері жоқ. Қоғам оның орнына, жастарға өзінің тірлігі арқылы қандай месседж беріп жатқанын неге ойламайды? Қазірге дейін «күштінің арты диірмен тартып тұрған» мемлекет болып келгеніміз өтірік пе? – дейді медиасарапшы.
Психолог Гүлден Саматқызы жасөспірімдердің ерекше психологиясына тоқталды.
Көп жағдайда агрессив мінез-құлық баланың ішкі сенімсіздігінің, денесінің нашар дамып жатқанын, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасының, өзін көрсетуге деген ұмтылыстың салдары. Cпорт түрі де баланың психикасын өзгертіп, баланы агрессив тұлғаға айналдыра алады. Балалар поп-MMA сияқты спорт түрін көргенді не үшін ұнатады? Өйткені бұл — жасөспірімдердің ерекше психологиясы. Кейбір спорт түрі баланың психикасын өзгертіп, қатал, қатігез қылады. Себебі бала психикасы тез иілгіш, еліктегіш келеді, – дейді ол.
Ерлан Оспанның сөзіне қарағанда, күш кедейлік қамытынан құтылудың, әділдік табудың жалғыз жолы болып қалғанда зұлымдық басталады.
Шынымды айтсам, менің бұл дискурсқа күлкім келеді. Күштің культивациясы барлық қоғамда бар. Бірақ күш біздегідей – кедейлік қамытынан құтылудың, әділдік табудың жалғыз жолы болып қалғанда зұлымдық басталады. Электрон БАҚ саласындағы тәжірибеме сүйенсем, экрандағы әрекеттерден қылмыс көбейген бір де параметрге, метрикаға куә болған жоқпын. Айтпақшы, қайта экрандағы зұлымдық қоғамның кескінін айнытпай көрсетіп, адамдар онымен келіскісі келмейтін шығар? Зұлымдықтың кілтипаны экранда емес, қоғамның өзінде, – дейді ол.
«Агрессия бірден пайда болмайды, ол біртіндеп қалыптасады»
Қазақстандағы алғашқы ресми поп-ММА ұйым Ruh Fighting Championship-тің You-tube арнасында бір миллион оқырманы бар. Видеолар жалпы 403 392 215 рет қаралған. Осы цифр арқылы-ақ поп-ММА индустриясының масштабын түсінеміз. Психологтың сөзіне қарағанда, төбелес кадрлары агрессия тудырады.
Агрессия агрессияны туғызады. Түрлі ақпарат құралындағы оқиғалар мен видеодағы агрессия балалар мен жасөспірімдерді жанжалға жеткізетін әрекеттерге жетелейді. Сондықтан да балалардың не көріп жүргеніне баса назар аудару қажет. Сонымен қатар кей видео балалардың ішкі агрессиясын оятады. Агрессия бірден пайда болмайды, ол біртіндеп қалыптасады, – дейді Гүлден Саматқызы.
Медиасарапшы Ерлан Оспан медиа не парасатқа, не зұлымдыққа тәрбиелейтін құрал дегенге келіспейді.
Медиаэтика тек журналистерге қоюға болатын талап деп ойлаймын. Ал экран – «көзге арналған сағыз». Жалпы, медианы не парасатқа, не зұлымдыққа тәрбиелейтін құрал дегенге келіспеймін. Жұрт файтерлердің жорта төбелесін эстетикалық ләззат алу үшін ғана қарайды. Мен білсем, АҚШ-та оған лав-стори де қосып жатады. Супермен туралы комикс оқып болып балконнан секіріп кеткен адамдар сірә бар болар, бірақ науқас болмаса, пайыздық үлесі мардымсыз шығар. Мен ешқандай шектеуді қолдай алмаймын және оған қатардағы көрермен ретінде де, медиамаман ретінде де қолдау білдіре алмаймын, – дейді ол.
Журналист Есенгүл Кәпқызының айтуынша, біздің ішкі заңдарымыз болуы керек.
Әлемде «Ақпарат алу еркіндігі» деген ұғым бар. Ақпарат алу еркіндігінен ешкім шектелмеуі керек. Бірақ 18 жасқа дейінгілердің құқығы деген нәрсе бар. Олар қандай ақпаратты тұтыну қажет екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан олар кез келген ақпаратты жұта береді. Осы ретте біздің ішкі заңдарымыз болуы керек. Бірақ «Біздің заңдар қаншалық жүзеге асады?» деген мәселе бар. Бұл заңдар көп жағдайда өздеріне ұнамайтын контентпен айналысады, – дейді журналист.
«Маскулиндік пен мачизм этнопедагогикамызды дұрыс түсінбеуден болады»
Біздің медиада да, фильмдерде де жігіттерді мықты қылып көрсету байқалады. «Жігіт күшті болуы керек, епті болуы керек, спортпен шұғылдануы керек» деген сияқты ойлар да кездеседі. Ерлан Оспанның сөзіне қарағанда, маскулиндік пен мачизм этнопедагогикамызды дұрыс түсінбеуден болады.
Халқымыз «күш пен ақылға» қатар тәрбиелеген, бірақ медиаорта оның көрінеу жағы – күшті ғана іліп әкетті. Серілік те қазір ойнас тақырыбына ұласып кетті. Ал бір кездері оның мағынасы тіпті басқа болғаны есімде. Күш дойыр да дөрекі насихатталып, ал адамның хақы мен обалы туралы әңгімелер сыртта қалды. Себебі олар мылжың әрі қызық емес. Зайырлы заңдар әлі де түрлі жігіттік, еркектік, діни принциптердің орнын баса алмай келеді. Оны тек әділ сот пен құқық жүйесі шеше алады. Әйтпесе күш әрқашан жаныңдағы сенімді көмекші бола береді, – дейді ол.
Психолог Гүлден Саматқызының айтуынша, күшті болуға дене күшін ғана жатқызуға болмайды.
Күшті болуға дене күшін ғана жатқызуға болмайды. «Күш» деп жоғары сана-сезімді, эмоциялық тұрақтылықты, эмпатияны да айтуымыз керек сияқты, – дейді психолог.
«Медиа қуатты құрал, бірақ оның мүмкіндіктерін тым асыра бағалау да қажет емес тәрізді»
Желіде «Аралас жекпе-жек гладиаторлар шайқасының жалғасы» деген пікір көп жазылады. Гладиаторлар шайқасы Ежелгі Римнің символы ретінде де аталады. Бұл шайқас алғашқы уақытта жерлеу рәсімінің бөлігі ретінде пайда болса да, уақыт өте келе көрерменді қызықтырып, империяның күші мен ұлылығын көрсететін спектакльге айналған. Осы тұста «Біздің елдегі поп-ММА астарында да «народу нужно хлеба и зрелищ» деген риторика жатқан жоқ па?» деген сауал туындайды. Медиасарапшы Ерлан Оспанның сөзіне қарағанда, медиа қуатты құрал, бірақ оның мүмкіндіктерін тым асыра бағалау да қажет емес.
Бұл орайда маған конспирологияға белшеден батып кетпеу қиындау. Бір жағынан – мемлекеттік пропаганда барын, жолға қойылғанын бәрі біледі және бұл құпия емес. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарда тіпті, әлденені «насихаттау» деп айқын жазылып тұрады. Ал қызық көрсетіп, халықты алдаусыратудың әдейі саясаты бар-жоғын айта алмаймын. Оның үстіне тарихи аналогтар, әрине, жақсы, бірақ біз ежелгі Рим тұрмақ, өткен ғасырдың орта шеніндегі адамдарға да ұқсамаймыз. Гладиаторлар шайқасын көру үшін енді амфитеатрға барып көрудің қажеті жоқ: ертең-ақ жазбасын қарауға болады. «Қап, азаматтық құқым тапталып жатыр, бірақ мына ток-шоу да қызық екен» деп, өзін ұстап отырған адамды мен елестете алмаймын. Әйтеуір ондай ой күлкілі көрінеді. Медиа қуатты құрал, бірақ оның мүмкіндіктерін тым асыра бағалау да қажет емес тәрізді, — дейді ол.
***
Тағы оқыңыз: