Қазір Натко ерлер мен гендер теңдігі туралы халықаралық зерттеулер үйлестіріп жүр екен. Оған қоса Ауғанстандағы зерттеудің жетекші авторы. Baribar.kz Натко Герешпен жолығып, маскулиндік, гендер теңдігі және ерлерге қатысты таптаурындар жайлы әңгімелесті.

Натко Гереш
Натко Гереш. Фото жеке архивінен

– Маскулиндік деген ұғымды түсіндіріп беріңізші?

– Маскулиндік – ер адамның өзіне тән, индивидуал түсініктерге негізделген ұғым жиынтығы, концепция. Бұл ұғымның қалыптасуына сонымен қатар тарихи, мәдени, жалпы қоғамда бар түрлі қозғалыс пен норма әсер етеді. Қоғам, отбасы, орта ер адамнан не күтеді, қандай болғанын қалайды? Ер адамдарға қатысты қандай стереотиптер қалыптасып жатыр? Осы ұғымның бәрін маскулиндік деп айта аламыз. Бала кішкентайынан не көрсе, соны маскулиндік деп танып өседі.

Бәріміздің биологиялық жынысымыз бар. Біріміз – еркек, екіншіміз – әйел. Соған сай адам денсаулығында айырмашылықтар, гормонал өзгерістер болады. Сондықтан да ол биологиялық, физиологиялық жыныс деп аталады.

Ал маскулиндік – ер адамнан қоғам күтетін әрекеттер мен ерекшеліктер жиынтығы. Кішкентай баланы туғаннан ер балаға қарата айтылатын ұғым-таптаурындармен өсіреді. Мен оны “ерлер қорабы” деп атаймын. Ол қорапта ерлерге қатысты айтылатын бүкіл сөз, ұғым, стереотип жинала береді. Онда жақсы, жағымды түсініктер де бар. Мысалы, “Ерлер өзгелерді сыйлап, қолдауы керек, қоғамда белсенді болғаны жөн. Денсаулығына қарап, күтінуі қажет”. Әлеуметтік конструкцияның бір бөлшегі деп саналатын мұндай ойларды қолдауға болады.

Сонымен қатар қорапта негатив пікірлер де бар. Айналадағылардың “Ерлер мықты, денесі ірі, төбелеседі, ұра алады” деген сияқты пікірін, “Мынадай болса ғой” деген қалауын маскулиндік қамтиды. Осындай кері идеологияның ішінде “Ер адам сезімтал екенін көрсетпеуі, жанашыр болмауы керек” деген де түсінік бар. Соның кесірінен біраз жігіт эмоциясын білдірмейді, жасырып-жабады, сезімін басқа іспен алмастырады. Түрлі зиян әрекет-әдетке баруы мүмкін.

Қалыптасып кеткен идеология бойынша, ер адам әйелді билеп, басқарып жүруі керек. Билеу үшін күш-зорлық көрсетсе де, бола береді-мыс. Ер адам – бастық деген сияқты ұғым да осы идеологияға кіруі мүмкін. Мұның тағы бір зияны – “Еркек бәрін өзі жасауы керек, ешкімнен көмек сұрамайды, біреуге арқа сүйемейді” деген ой. Сонымен қатар қоғамда ер адам батырлықтың, күштің, сабырдың символы болып есептеледі. Жігіт адам біреуден көмек сұраса, азамат атына лайық емес деген сияқты түсініктер де бар.

– Маскулиндік қоғамға және ерлерге қалай әсер етеді?

Маскулиндік жақсы немесе жаман ұғым деп бір жақты айта алмаймыз. Себебі мұның ішіне ер адамға қарата айтылатын пікір, одан күтетін әрекеттер, қоғамда қалыптасқан стереотиптер – бәрі кіреді. Ерлер осы түсініктерге қарап дамиды, соларды ұстанады. Өкінішке қарай, кей ұғым мен таптаурын ер адамның өміріне зиянын тигізуі мүмкін. Мәселен, эмоцияны ешкімге көрсетпеу, ішкі сезімін үнемі жасырып жүру ментал саулыққа әсер етеді. Себебі ауруханаға бармайды, психиатр, психологқа жүгінбейді.

Ер адам “Мен басқарушымын, бәрі менің мойнымда” дей берсе, ол жауапкершілікті бөлісе алмайды, адаммен тең сөйлесуден қалады. Агрессив болуы да мүмкін.

Мен жұмыс істейтін ұйымның мақсаты – ер адамдарға маскулиндіктің зиян жағы бар екенін түсіндіру, кері әсер ететін ұғымдарды айтып, сонымен өмір сүрудің алдын алуға тырысу. Ер адамдардың жағымсыз идеологияның құрбаны болмағанын қалаймыз. Адам маскулиндіктің негатив ұстанымдарынан арылса, доминант болудан бас тартып, басқаларға сүйеніп, тепе-теңдікке негізделген қарым-қатынас құра алады. Әрі қарай мұндай әрекеттер гендер теңдігінің дамуына себеп болады. Біз ерлерді зиян идеологиядан босатқымыз келеді.

Теледидарда маскулин ер адамның образын жиі көрсетеді. Оның образы көбіне өзіне өте сенімді, билеуші, “нағыз еркек” болып келеді. Ал балаларына қамқор, әйелінің айтқанына құлақ асатын, үй жұмысына көмектесетін ер адамды “нағыз еркек емес” дегенге саятындай көрсетеді. Қоғам көрген ақпаратты қабылдап, ер адамның образын теледидардағы ақпарат бойынша қалыптастырады. Біздің мақсат – дәл осы сәтте адамның көкейіне сәл де болса ой салу, ақпаратқа күдікпен қарауды үйрету.

Теледидар, түрлі медиа ер адамды агрессив, зорлаушы кейпінде көрсетсе, ол норма болып та қалыптасып кетеді. Ер адамның агрессиясын, күшін, билеп-төстейтінін қалыпты жағдай деп қабылдайтындар да бар. Негізі бала дүниеге келгенде, оның бойында агрессия болмайды. Адам оны айналасынан қабылдап, үйренеді. “Зорлық еркектікке тән, жігіт жұмсақ болмайды” деген таптаурынды түзеуіміз керек. Көшеде ер адам жұбайынсыз баласын қыдыртып жүрсе, “Әйелі қайда, баласына сол қарамай ма?” дегендей пікірлер айтылады. “Ер адам тек сыра ішеді, достарымен қыдырады, футбол ойнайды, боқтайды” деген түсінікті “Жігіттер де баласына қарайды, әйеліне көмектеседі, жұмсақ, қамқор бола алады” деген ұғымға өзгерткіміз келеді.

– Орталық Азияда, Шығыс елдерінде бала тәрбиесінде қыздарға да, ерлерге де қатысты нақты түсініктер, ұғымдар бар. Бұл туралы не айтасыз? Мұндай пікірлердің салдары қандай болуы мүмкін?

– Көбіне ер адамдар әйелдерден бұрын дүние салады. Жігіттер бойжеткендерге қарағанда үш есе көп суицид жасайды. Сонымен қатар жол көлік апатына жиірек ұшырайды. Ішімдікке, темекіге құмар болып келеді. Тіпті есірткіге де көбіне жігіттер ұрынады. Ауырса, күйзеліске ұшыраса, дәрігерге, психологқа бармайтындар да – негізінен ерлер. Емханаға әбден кеш болғанда көрініп жатады. Осының бәрі – “Мынандай болуың керек, ананы істеме” деген тәрбиенің салдары. Көбіне әйелдер мұғалім, дәрігер, хатшы сияқты қызметтерді атқарып жүргенін көреміз, ал менеджер, басқарма басшысы, декан, директор болғанын аз естиміз. Бұл да – баланы таптаурын түсініктермен өсірудің нәтижесі.

Тұрмыстағы зорлықтың құрбаны – әйел. “Әйелі күйеуін ұрып тастапты” дегенді өте сирек кездестіреміз. “Ер адам үнемі басқаруы керек, оның айтқаны дұрыс, қалауы болмаса, күшпен алады” деген талай әйелдің көз жасына қалған стереотиптің кесірі көз алдымызда.

Бірде еркектердің гендер теңдігіне байланысты зерттеу жасадық. Оған 40 мемлекет қатысты. Сонда байқағанымыз – әкесінен жылу көрген бала кейін өзі де қамқор әке болады. Қатал, қатігез ортадағы ер жеткен адам отбасы құрғанда қиналады. Ал әкесінен сүйіспеншілік пен қамқорлық көріп өскен қыздар да кейін өзіне дәл сондай қарым-қатынас жасай алатын ер адамды таңдайды.

– Қазақстандағы жағдай туралы хабардарсыз ба? Біздің елдегі гендер теңдігі туралы не айтар едіңіз?

– Қазақстанның жағдайын жақсы білмеймін. Бірақ көзге түскен дәлелдің бірі – Қазақстанда суицидтің көп болуы. Біздің зерттеу мен тәжірибеге сүйенсек, ер адам неғұрлым эмоциясын жасырмаса, дәрігерге немесе психологқа, жақын адамына жағдайын айта алса, соғұрлым өзіне қол жұмсау деңгейі азаяды, эмоционал жағдайы жақсарады. Сондықтан Қазақстандағы осындай проблеманы шешу үшін ер адамға зиян таптаурындардан арылу керек. Баланы тәрбиелегенде оған аз да болса, еркіндік беріп, түрлі талаппен қинамау керек.

– Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жиі сөз бола бастады. Қыз-келіншектердің жағдайы талқыланады, алаңға шығып, ойын ашық жеткізіп жүргендер де бар. Мұндай тенденция ер адамдарға қалай әсер етеді?

– Ерлерге берілген мүмкіндіктерді түсіндіргенде олардың қатып қалған стереотиптерден арылуына да көңіл бөлу керек. Гендер теңдігі тек әйелдерге ғана емес, ерлерге де пайдалы болатынын жеткізген маңызды. Негізі ер адамның табиғатында жақындарына жанашырлық таныту, оларға қамқор болу, жақсы көру қасиеті бар. Олар қатыгез емес. Осыған қарамастан түрлі медиа ерлерді күшті, батыр, қатыгез, қатал етіп көрсетеді, сипаттайды. Ал біз ерлерге қатысты позитив идеяларды көбірек айтып, қоғамға жеткізуіміз керек. Ерлер – мейірімді, жұмсақ, қамқор. Олар да қателеседі, жаңылады, әлсіз болады. Осындай ойды таратып, ерлердің әртүрлі болатынын көрсету арқылы әйелдердің де жағдайын жақсарта аламыз, гендер теңдігіне үлес қоса аламыз. Гендер теңдігі әсіресе балаларға пайдалы. Олар бала кезінен ер мен әйелдің теңдігін көріп, өзін сол қалпында қабылдап, зиян заттардан, жағдайлардан аулақ жүреді. Үшіншіден, гендер теңдігі ерлердің жағдайына әжептәуір әсер етеді. Ер мен әйел тең болған қоғамда еркек бақыттырақ өмір сүреді, жағдайы да жақсарады. Бұл ретте гендер теңдігін ер мен әйелдің бір-бірімен күресі ретінде қарастырмауымыз маңызды.

Меніңше, ерлер әйелдерге құқық беруден қорықпауы керек. Себебі әйел адамның құқығының тапталмауы, қалауына қол жеткізе алатын ортада өсуі сол ер адамның қарындасына, қызына да қатысты.

– Өзіне сенімді, адекват, жағдайды дұрыс қабылдай алатын ер адамға феминизм қауіпті көрінбей ме?

– Жоқ, феминизм ерлердің құқығын шектемейді. Феминизм барлық адамның құқығы тең болсын деген идеядан туған. Жоғарыда сөз болған “ерлердің қорабындағы” барлық түсінік зиян демеймін. Оның ішінде шынымен адекват, жақсы ұғымдар да бар. Бірақ біз арасындағы зиянын көрсетіп, айтып отыруымыз керек.

– Ер бала комплекссіз өсуі үшін қалай тәрбиелеу керек? Ата-аналарға, мұғалімдерге, тәрбиешілерге қандай нұсқау бересіз?

– Ең бастысы – оларды бала кезінен эмоциясы бар жаратылыс ретінде қабылдау. Бала күнінен сезімін танып, соны атап, сол туралы сөйлесе білу керек. Бала үлкендерге өзінің не сезіп тұрғанын, күйзелісін, жан ауруын айта алатын болып өссін. Сонымен қатар ерлерді қатыгездік пен зорлыққа сүйенбей қорғана алатындай етіп тәрбиелеу керек. Әрдайым балаға құрметпен қарап, онымен ашық сөйлескен абзал. Ұлды да, қызды да жеке шекарасын құрметтеп, өзгенің де кеңістігіне қол сұқпайтын тұлға ретінде тәрбиелеген жөн. Ер баланы өсіргенде ескеретін тағы бір маңызды дүние – қоғамда айтылатын ерлерге қатысты пікірлер мен таптаурындардың қайсысы дұрыс, қайсысы дұрыс емес екенін баланың көзінше талқылап, сынап отыру. Дәлірек айтқанда ересектер кішкентай ер балаға көпшілік қалыптастырған таптаурындардың қайсысы орынсыз екенін айтып, түсіндіруі керек.

– Әйел күйеуінде комплекс, травма байқаса, қалай көмектесе алады?

– Ересек адамның бәрі өзін жақсы біледі, эмоциясын тани алады дей алмаймыз. Оларға да көмек қажет. Мұндайда ер адамды өзін тануына, не сезініп тұрғанын айта алуына итермелеп жіберу керек. Бірге тұратын ерлі-зайыптылар бір-бірін қолдауға, эмоциясы туралы сөйлесуге тырыссын. Ер адам өзінің ментал саулығына көңіл бөлу үшін оны ынталандырып жіберген абзал. Ол да – басқалардан қолдау күтетін және соған лайық адамның бірі.

– Әңгімеңізге рақмет!