Көкшетауда қаржы пирамидасының басшылары сотталды

Көкшетауда Eolus қаржы пирамидасын құрған екі қала тұрғынына қатысты үкім шықты. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы хабарлады. 

Олар жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция саламыз деген сылтаумен жеке тұлғалардан ақша тарту мақсатында Eolus қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны анықталды.

Салымшылардың қаражаты криптовалютаға аударылып, «energyeolus.info» платформасына аударылды. Залал сомасы шамамен 10 миллион теңге, — делінген хабарламада.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін, мүліктің жасалған қылмыс нәтижесінде пайда болғанын дәлелдеген.

Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, тиісінше төрт жыл және үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олардың мүлкі тәркіленеді, үш жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.