Алматыда 1 000 түп алма ағашы отырғызылады

Алматыда жаппай ағаш пен гүл отырғызу науқаны басталды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәдениет саласының өкілдері театрлар мен музейлердің, кітапханалар мен архив, зообақ пен цирк аумағына, сонымен қатар қаладағы саябақтар мен скверлерде 1 000 түп алма ағашын отырғызуды жоспарлап отыр.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына ұлт жанашыры, халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шаханов қолдау көрсетті. Ол «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдына алма ағашын отырғызып, экологиялық шараның қаланың тыныс-тіршілігі үшін аса маңызды екенін жеткізді.

Бұл – жақсы қасиеттерді насихаттайтын, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақыратын және мейірімділікке баулитын үлкен іс-шара. Мен 82 жаста болсам да, ортақ мүддеміз үшін азаматтық белсенділік танытып, ағаш отырғызуға келдім. Әсем Алматымызды көркейту жолында қала тұрғындары ғана емес, қонақтары да атсалысуы қажет. Мұндай бастамаларды қолдаған дұрыс деп ойлаймын. Алматы экологиялық мәдениет жоғары дамыған қалаға айналуға тиіс. Соған тырысуымыз керек, – деді Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шаханов.

Сонымен қатар театр алдына мәдениет саласының басқа да танымал өкілдері өз атынан алма көшетін екті. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына барлығы 60 ағаш және 2 500 гүл отырғызылды.

Бұған қоса, Алматы хайуанаттар бағының аумағында сала қызметкерлері 250 түп шомырт, мамыргүл, тал, талшын, бадам, жаңғақ және көктерек отырғызды. Ал Қазақ мемлекеттік циркінің аумағында 70 көшет және 40 гүл, қалалық музейлер аумағында 130 ағаш және 400-ден астам гүл отырғызылды.