ШҚО өзендерінде су деңгейі көтерілуі мүмкін

Шығыс Қазақстан облысында қар қоры мен ондағы су мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары. Бұл туралы облыстық ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева айтып берді.

Қазіргі уақытта өңірдің таулы аумақтарындағы қар жамылғысының және ылғал қорының биіктігін, ауа температурасының жоғарлауы, оның ішінде түнгі уақытта және жауын-шашынның болуы мүмкіндігін ескере отырып, сәуір айының ортасынан бастап таулы өзендерде (Бұқтырма, Үлбі, Уба, Тұрғысын, Күршім, Қалжыр және Хамир) су деңгейінің көтерілуі күтіліп жатыр, — деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифиңде.

Бүгінде қар жамылғысының ауданы 48% болды. Көптеген ауданда қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары. Бұл жағдай су тасқыны қаупін жоққа шығармайды, алайда қазір облыс аумағында қатер жоқ.

Су тасқыны жағдайын бақылау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіліп жатыр. Барлық 132 гидротехникалық құрылыс штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бөгеттерде алдын ала судың деңгейін төмендету жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны болуы мүмкін учаскелерге тәуліктік кезекшілік қойылған. Облыстық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Барлық күш пен құрал әзірлікке келтірілді. Жағдай қалыпты және бақылауға алынған, — деді Аяулым Кекиева.