Құлсарыда су тасқыны басталғаннан бері Жем өзенінің су деңгейі 92 сантиметрге төмендегені байқалады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Су тасқынының салдарын жою үшін Жылыой ауданында 6 052 адам, 219 бірлік техника, 17 бірлік жүзу құралдары, 21 бірлік мотопомпалар жұмылдырылды. Ауданында жаға бекіту жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қауіптің бетін қайтаруға ЖАО, ТЖД, ҚМ әскери бөлімдері, ұлттық ұлан әскери бөлімі, ПД және еріктілер мен ауыл тұрғындары бірлесіп ат салысып жатыр, — делінген хабарламада.
Аудан орталығында суға кеткен үй саны кейінгі деректер бойынша 2 810-ға жетті. Аудан төңірегінде облыстық маңызы бар «Доссор-Кұлсары-Ақтау» тасжолын су шайып кетті.
Ауданнан 36 738 адам, оның ішінде 8 382 бала эвакуацияланды. 10 мыңнан астам төрт түлік мал қауіпсіз жерге көшірілді.
2024 жылғы 5 сәуірден бастап төтенше жағдайлар департаментінде «қауырт желі» жұмыс жасып жатыр. Су тасқыны орын алғалы 129 қоңырау келіп түсті.
Сонымен қатар эвакуацияланған тұрғындарға шұғыл-психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Тасқын сумен бірнеше күннен бері күресіп жатқан жылыойлықтарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп, гуманитарлық көмек келіп жатыр.