Онлайн сабақ. Су басқан аймақтарда балалар қалай оқып жатыр?

су тасқыны, онлайн оқу
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Наурыздың аяғында елдің көп бөлігін су басты. Кейінгі ақпарат бойынша 3500-ге жуық үй суда қалған. 96 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Шатыры суға кеткен адамдардың бірі мемлекет берген эвакуация орталықтарында, енді бірі су жетпеген аймақтардағы туыстарының үйінде тұрып жатыр. Мектептердің көбі қашықтан оқу режиміне көшті. Baribar.kz ата-аналарға, оқушы және мектеп мұғалімдеріне хабарласып, қазіргі ахуалда білім қалай беріліп жатқанын сұрады.

«Ешкімнің сабақты ойлайтын шамасы жоқ»

Су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі — Атырау облысына қарасты Құлсары қаласы. Өңірдегі халық саны — 60 мың адам, су тасқынынан эвакуацияланған адам саны — 30 мың. Өңірде су тасқыны басталғаннан кейін екі адамның денесі табылды.

Құлсарыға су 5 сәуірде келген. Бір түннің ішінде қалада 15 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Райхан Мақсұтова Құлсарыдағы мектептердің бірінде 9-класс оқиды. Оның отбасы Теңіз вахталық лагеріндегі құтқару орталығына эвакуацияланған.

Бізді үш бағыт бойынша Атырауға, Теңіз вахталық лагеріне және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына орналастырды. 8 сәуірден бері осындамыз. Мұнда адам әлі көп, — дейді ол.

Райхан қазір сабақты онлайн оқып жатыр.

су тасқыны, Құлсары, онлайн оқу
Райхан Мақсұтова. Фото жеке архивінен.

Су тасыды деген соң, үйден оқу құралдарын алып үлгермедік. Ең қажет заттарды алып, апыр-топыр шығып кеттік. Қазір сабақ онлайн болса да жүріп жатыр. Телефон арқылы қосылып жүрмін. Барынша қалдырмауға тырысамын. Жалпы өңірде телефон байланысы нашарлау. Бірақ біз орналасқан лагерьде Wi–Fi бар. Сондықтан сабаққа қосылу қиын боп жатқан жоқ. Бірақ мүлдем қатыспай жүрген сыныптастарым да бар, себебін білмедім, — дейді ол.

«Інім алдағы ҰБТ-ны қалай тапсырады деп алаңдаймын»

Әділет Қосбаев Алматыдағы университеттердің бірінде оқиды. Оның ата-анасы Құлсарыда тұрады. Үйін су баспаса да, бауырлары сабаққа қатыса алмай жүр.

Біздің үйді су баспаған. Әкем, ағам, інілерім сол аман қалған аймаққа су кіріп кетпесін деп, әлек болып жүр. Інім 11-класта оқиды. Оның да сабағы қалды. Өңірдегі барлық ер-азамат қапшық тасып, суды бөгеуге тырысып жүр. Ешкімнің сабақты ойлайтын шамасы жоқ, — дейді ол.

Әділет інісі алдағы ҰБТ-ны қалай тапсырады деп алаңдайды. Ол су басқан өңірлердегі бітіруші кластардың дайындығы үзіліп қалғандықтан, министрлік қандай да бір жеңілдік жасауы керек шығар деп есептейді.

«Балалар көршісінің телефонымен сабақ оқып жатыр»

27 наурызда Ақтөбе тұрғындарының үйі мен ауласын су басты. Айгүлім Қарымсақова — Ақтөбедегі №53 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мектебіміз Қарғалы өзенінің бойындағы Жилянка деген елді мекенге жақын орналасқан. Өзен бойы болған соң, саяжайлық үй көп. Аумақтың бәрін су басты. Мектеп жоғары көшеде, орталықта тұрған соң, су кірген жоқ. Үйін су басқан адамның бәрі сол орталықтағы екі мектепке жайғасты. Сондықтан қазір балалардың бәрін онлайн оқуға жібердік, — дейді мұғалім.

27 наурыздағы су тасқынынан кейін Айгүлім істейтін мектепке 120-ға жуық адам орналастырылған. Қалада жағдай тұрақталғандықтан, мектептегі халық үйіне қайтып, дүйсенбіден бастап балалар қайта мектепке келуі керек болған. Алайда жұма күні (5 сәуір) аймаққа екі есе су келген.

су тасқыны, Ақтөбе облысы, онлайн оқу
Айгүлім Қарымсакова. Фото жеке архивінен

Бірінші рет су келгенде көп үйдің тек ауласын су басқан еді. Бұл жолы үй түгел кетті. Сондықтан мектепке эвакуацияланғандар саны екі есе артты. Екінші рет су келгенде жағдай ушығып кетті. Емшектегі баласы бар аналар, қарттар, кішкентай бала — бәрі бар. Айтпай келген апат болған соң, бірден матрас сияқты қажет дүниелерді жеткізу де қиын болды. Мұғалімдер, мектептің барлық қызметкері жұмысты ойлайтын халде болған жоқ. Орналастыру кезінде біз де жүрдік. Әлі күнге дейін осы жерде кезекшілік етеміз. Бәрі ел қамы, — дейді Айгүлім.

Ал сабақтар онлайн жүріп жатыр. Айгүлімнің айтуынша, балалар сабаққа толық қатысып жүр.

Балаларға сабаққа қатысуға бар жағдай жасалған. Бәрі түгел қатысқанын тексеріп отырамыз. Бір бала қосылмаса, дереу ата-анасына хабарласып, қадағалауды сұраймыз. Үйін су басып, эвакуацияланған баланың бәрі мектепте. Оларға мектептегі «Информатика» кабинеттеріндегі компьютерлер арқылы сабаққа қосылуға рұқсат берілді. Қауіпсіз жерде тума-туыстары барлар, уақытша сол жақындарына барып қоныстанды. Олардың арасында су тасып, жанын құтқарам деп жүргенде телефонын жоғалтып алғандар да бар, әрине. Бірақ жағдай қиын болса да, уақытша екенін, оқуды ысырып қоя алмайтынымызды айтып, жалпы бәрін түсіндірдік. Сондықтан балалар ата-анасының, тіпті кейде көрішісінің телефонын алып, амалын тауып сабақ оқып жүр, — дейді ол.

Айгүлім Қарымсақованың айтуынша, тасқыннан көп баланың оқу құралдары суға кеткен. Басында бұл да оқу процесіне кедергі келтірген. Бірақ мектеп әкімшілігі көп созбай, оқушыларға бәрін қайта үлестіріп беріпті.

Өңірлерде жағдай қалай болып жатқанын айта алмаймын. Бірақ біздің мектеп білім беру процесі үзілмеуі үшін балаларға бар жағдайды жасап жатыр. Бітіруші класс оқушыларын аптасына бір рет мектепке шақырып, ҰБТ-ға дайындығын да жалғастырып жатырмыз. Арнайы бірнеше кабинетті дайындап бердік, — дейді ол.

Айгүлім онлайн оқу қашан аяқталары туралы ақпарат әлі жетпеді дейді. Оның айтуынша, оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналары да дәстүрлі оқу форматына оралуды, қалыпты өмірге оралуды күтіп жүр.

«Балалардың оқу құралы түгел суға кетті»

Әлкеева Ұлбала — Қостанай облысындағы Амангелді ауылының тұрғыны. Ауылға 26 наурызда су кірген. Қазір жағдай саябырлап, су тартыла бастаған.

Үйімнің үш бөлмесін су басып кетті. Екі бөлмесін аман алып қалдық. Көп зат суға кетті. Балалардың оқу құралы да түгел кетті, — дейді ол.

Амангелді ауылының оқушылары он шақты күн онлайн оқыған. Қазір балалар ақырындап мектепке оралып жатыр.

су тасқыны, Қостанай облысы, онлайн оқу
Ұлбала Әлкеева, Фото жеке архивінен

Үш балам бар, біреуі — мектеп оқушысы, 8-класта оқиды. Біздің мектепті су басып қалмаса да, жертөлесіне су кірген екен. Әлі толық кеуіп бітпесе керек, жарықты қоспай отыр екен. Тоқ соғатын көрінеді. Бірақ енді бірнеше күннен бері балалар мектепке барып оқып жүр. Аман-есен бәрі мектепке қайта барды. Уақытша туыстарына кеткен тұрғындар да ауылға қайтып, үй-жайларын ретке келтіре бастаған, — дейді Ұлбала Әлкеева.

Елдің өзге өңірлерінде әлі де жағдай қиын. Әзірге сегіз өңірде төтенше жағдай режимі жарияланған.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз: 

«Бәрі кетті». Су тасқынында шатырда қалған тұрғынның әңгімесі