Қазақстанда елді мекендерді су алып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Абай, Қостанай облыстарында жағдай күрделі. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, су тасқынынан Ойыл ауданының жұртына көп залал келді.
Baribar.kz тілшісі Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ойыл ауылының тұрғыны Темірбек Сенғалиевпен сөйлесіп, сел қалай жүргенін сұрады.

«Жұрт жақында ғана үйін жөндеген еді»

Темірбек Сенғалиев 1986 жылы дүниеге келген. Алты баласы бар. Ол Ойыл ауданы Ойыл ауылында тұрса да, Екпетал ауылында «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінде директордың орынбасары болып жұмыс істейді. Екпеталда әке-шешесі, іні-қарындастары тұрады. Ойыл ауылы мен Екпетал ауылын Ойыл өзені бөліп жатыр.

Екпетал ауылында мектеп,  балабақша,  орман шаруашылығы мекемесі орналасқан. Осы ауылға жарты шақырым жерде 18 үйлі Жаңабаз деген қыстақ бар. Жаңабаз қыстағының халқы жұмысқа,  балабақшаға,  мектепке Екпеталға қатынайды. Екпетал мен Жаңабазға 2023 жылы газ тартылды. Газ тартылған соң жұрт үйін жақында ғана жөндеп еді, – дейді Темірбек Сенғалиев.

Темірбек жұрттың үйді жөндегенін бекер айтқан жоқ. 29 наурызда Екпетал ауылын толық су басып, үйлер суда қалды. Осыған байланысты Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданында төтенше жағдай жарияланды. «Қазгидромет» РМК мамандары «Жайықтағы су деңгейі көтерілгендіктен, 1993 жылғы су тасқыны Қазақстанның батысында қайталануы мүмкін» деген болжам да жасады.

1993 жылы су мол келіп, халықты эвакуациялаған екен. Су көп жылдан соң 2022-2023 жылдары тасыды. 2022 жылы ауыл айналасындағы сай-сала толды. 2023 жылы су қатты тасығанда халықты аудан орталығына көшірдік. Малды Барқынға (құмды массив, қарағайлы орман – ред.) айдадық. 1993 жылы су тасқыны болғанда Жаңабаз қыстағын су алмаған екен. Сондықтан сол жылы көбіміз малды Жаңабаз қыстағындағы жұртқа айдағанбыз, – дейді Темірбек.

Ойыл ауданында 2022-2023 жылдары су топырақ үйіндісін бұзғандықтан халық эвакуацияланған.

Темірбек Сенғалиев
Темірбек Сенғалиев. Фото жеке архивінен.

Су тасқынына дайындық

«Су қарқыны қатты» деген сөз тараған сәтте округ әкімі А.Аманғосов, «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің басшысы С.Мусин  және ауыл тұрғындары дайындықты бастаған. Осы жандар су ауылға кірмеуі үшін құм тасып, қапшық жинаған. Бұл уақытта төтенше жағдай министрлігінің құтқарушылары көмекке келмеген.

Биыл көктемде күн жылып, су көтеріле бастағасын халыққа ескерту жасап,  дайындыққа кірістік. Құм тасып, қапшық жинадық. «Су қарқыны былтырғыдан қатты» деген сөз тарады. Халықты 27 наурыз күні Ойыл ауданының орталығы Ойыл ауылына көшірдік. Халықты көшіруге Ойыл ауылындағы газель айдайтын жігіттер мен таксилер ерікті түрде келді, – дейді ол.

Темірбек алғашқы уақытта «Су ауылға кіреді» дегенге сенбеген. Ол сақтық үшін малды өзге жаққа көшіріп, отбасын Ойылға жіберген.

Біраз жұрт малын Ойылдағы таныстарына айдады. Біздің үй малды Жаңабазға апардық. Уатсапта түрлі әңгіме жүріп жатты. Тоңазытқышын, мұздатқышын тасып алғандар да болды. «Ауылға су кіріп, баспанам қираса дүниені қайтем?» деп көп адам дүние-мүлік көшірген жоқ. Екі жыл қатарынан су кірмеген соң «су кірмейді» деп сенген едім. Бірақ сақтанып әке-шешемді, қарындасымды, өз отбасымды Ойылға жібердім, – дейді Темірбек.

«Су бөгеттен асып кеткен»

Жоғарыда айтқан адамдар халықты толық көшіріп, осал жерлерге топырақ үйіп, су келіп қала ма деп күткен. Темірбектің сөзіне қарағанда, су болжанған уақыттан әлдеқайда ерте келген.

28 наурыз күні халық көшіп болды. Жаңабаз қыстағының да қарты мен әйел-баласын көшіріп жібердік. Түн болды. Құм қаптап, осал деген жерлерге топырақ үйдік. Қар борап тұр. Үйге барып жұртқа тамақ пісірдім. Түнгі үште «Көпір астындағы сең бұзылды» деген хабар келді. Өз есебім бойынша бөгетке су келуіне үш-төрт сағат бар. Себебі су әуелі Ожырай деген көлді толтыратын еді. Таңғы төртте бөгетке барсам, су бөгеттің орта беліне жақындапты. Інім трактормен жүр еді. Оған дереу хабар беріп, учаскелік полицияға байланысқа шықтым. Ол рупормен адамдарды оята бастады. Құрал деген кісі екеуіміз бөгетті айналып шықтық, – дейді ол.

Темірбек бөгетті айналып шыққанда су бөгетті басып кеткенін аңғарған.

Ауылға жақындағанда қарбаласты көрдім. Су бөгетті жармай, оның деңгейін толтырып, жалпағынан бір-ақ басқан. Бәріне гаражға қарай жүгіріңдер дедім. Соның төбесіне шығып алған дұрыс. Өзім де жұртты түгендей жүріп, гаражға беттедім. Біраз адам жиылыппыз. Біреулер ер-тоқымын, біреулер резеңке қайығын арқалап алыпты. Оларға төбеге шығуды бұйырып, өзім үйге жүгірдім. Бір қап нан алып шықтым. Сосын қайта гаражға келдім. Кей адам балабақша жаққа кетіпті. Соның шатырына шығады. Ешкім қатты сасқан жоқ. Төбеге шықтық. Сағат 04:54-те су ауылға кірді. С.Мусин («Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің басшысы – ред.) жұртты түгендей бастады. Барлығы – 38 адам. Гараждың төбесіне 30 адам, балабақшаның төбесіне сегіз адам шыққан екен, – дейді Темірбек.

«Үйі құлаған жігіттер кемсеңдеп кетті»

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі Ақтөбе облысында 753 тұрғын үйге, 10 әлеуметтік нысанға, саяжайдағы 99 үйге су кіргенін хабарлады. Темірбектің айтуынша, су қатты күшпен келіп үйлерді құлатқан.

Су лезде көтеріле бастады. Үрпиіп тұрмыз. Су бір метрлік қақпадан аса бастағанда бір үйдің қабырғасы құлады.  Шу еттік. Содан кейін шетінен гүрс етіп құлай берді.  Көп үй түгел қирады. Жаңабаздағы 18 үй де қирады. Ол жақтағы үш інімді түгендей бастадым. Жанталасып бір-бірімізді іздедік. Інім жылап, «мал түгел суға кетті» деді. «Өздерің амансыңдар ма?» деп едім, «Баздың үстіндеміз» деп жауап берді. Бұл сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бір адам телефоның көтермей қалса «Ойбай, ол қайда?» деп уайымдаймыз. Қысқасы, су кіргенде ешкім мал-дүниеге қарамайды екен. Жан сақтадық, – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, көп адамның малы көз алдында батып кеткен.

Үйі құлаған жігіттер кемсеңдеп кетті. Оңай ма? Оңай емес. Атқұмарлау бір жігіттің бәйге алып жүрген жылқысы бар еді. Ол жылқы суға қалқып шығып, жігіттің көз алдында батып кетті. Көршімнің екі жылқысы да суға кетті. Бәрі де малы қалай батып жатқанын көзбен көріп тұрды. Бұл нәрсе адам қасында дым болмаса да, жанға кәдімгідей батады екен, – дейді Темірбек.

Эвакуация мен көмек

Екпетал ауылындағы бір топ адам түні бойы шатырдың үстінде жан сауғалап тұрғанда, Екпетал ауылының эвакуацияланған халқы аудан орталығына барып, әкімдікке шағым түсірген.

Аудан орталығындағы (Ойыл ауылы — ред.) шешелеріміз, жеңгелеріміз әкімдікке барған. Ол жақта әкімдіктің штабы жиналыс жасап жатыр екен. Шешелеріміз «Тікұшақ қайда?» деп шулаған. Бір кезде бізге «тікұшақ келеді» деген сыбыс келді. Бірақ ең бірінші тікұшақ емес, қайық келді. Жұрт «қайық», «қайық» деп шу ете қалды. Балабақшаның жалғанып салынған жағы гүрс етіп құлаған еді. Сол үшін қайықтағы құтқарушылар балабақшадағыларды бірінші құтқарды. Бір уақытта тікұшақ келді. Әуелі жасы үлкен кісілерді мінгізіп жібердік. Кейін өзіміз де міндік. Осылай, Ойыл ауданының орталығына жеттік, – дейді Темірбек.

Ақтөбе облысындағы ауылдарға 20 тоннадан аса гуманитарлық көмек жеткен. Ойыл ауданының жұртына көп залал келгендіктен, көмектің көп бөлігі осы ауданға бағытталды. Темірбектің сөзіне қарағанда, көмек жеткілікті деңгейде беріліп жатыр. Бірақ аудан әкімдігінің дайындығы аз болған.

Көмек деген жан-жақтан ағылып жатыр. Ең бірінші, азық-түлік жетті. Бұл азық-түлікті интернатқа орналасқан халыққа беріп жатырмыз. Аудан әкімдігі өз тарапынан да көмек ұйымдастырып жатыр. Бірақ, шыны керек, ауданның дайындығы еріктілердің жұмысының қасында көрінбей қалды. Сөз жоқ – тікұшақ шақырды, жүк тасып жатыр, адамдарды әкелді, қайық жіберді. Дегенмен кемшіліктер бар. Шымкенттен, Алматыдан, Атыраудан келіп жатқан көмекте есеп жоқ. Осы хабарды естіп гуманитарлық, қаржылай қолдау білдірген халыққа алғысым шексіз, – дейді ол.

Су тасқынына қатысты кейінгі мәліметтер

Су тасқынына байланысты еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай жарияланды. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жағдай күрделенген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.

Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынының тиісті қорытындысын шығаруымыз керек, – деді президент.

Төтенше жағдай министрлігінің хабарлауынша, су тасқынының салдарынан Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3686 жеке үй, 557 аула және 1822 саяжай үйі су астында қалған. Эвакуация пунктерінде 14 мыңнан астам адам тұрып жатыр.

Апат-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 1300-ге жуық техника, 7 тікұшақ жұмылдырылған.

Су тасқынына байланысты Қырғызстан гуманитарлық көмек жіберді. 300 тонна гуманитарлық көмек тиелген 15 жүк көлігі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанайға жөнелтілді. Көліктерде төсек-орын жабдықтары, киім-кешек, азық-түлік бар. Тасқыннан зардап шеккендерге еліміздегі ірі компаниялар да қаржы аударып жатыр. Алматы мен Астанада көмек жинау пункттері қарқынды режимде жұмыс істеп тұр.
***

Тағы оқыңыз:

Су тасқынынан зардап шеккендерге қалай көмектесуге болады?