Басты бетЖер реформасы...

Жер реформасы жөніндегі комиссия жаңа жер кодексін таныстырды

Комиссия бұл құжатты бір жылға жуық уақыт қарады. Олар жер қатынастары туралы заң жобасына барлығы 11 өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Оның ішінде шетелдіктерге жер бермеу, жайылымдарды қайтару секілді өгерістер бар.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжанның айтуынша, ТОО үлесіндегі бір пайыз шетелге тиесілі болса, ондай ТОО-ға жер жалға берілмейді. Сондай-ақ, жердің бір адамға беретін көлемі енді шектелінеді.

«Бұрын бір адам 100 мың гектар, 1 млн гектар ала беретін. Қазіргі заң бойынша ондай мүмкіндік болмайды»,- дейді Мұхтар Тайжан.

Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша 27 миллион гектарға жуық жайылымдық жер жетіспейді екен. Комиссия бұл жағдайды да қарастыра келе, жайылымдық жерді қайтару туралы мәселені көтерді.

Гүлжаһан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:

-Қазіргі таңда жайылымды жерлердің 90 пайызы жалға берілген. Оны алудың механизмдері жеңіл. Біз анализ жасап көргенбіз, қазіргі таңда ол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қай елді мекенге қанша жер жетпейді, оның бәрі есептелініп жатыр. Шамамен 27 миллиондай керек деп есептеп отырмыз.

Министрлік 5 жылда жерді пайдаланбаған адамдардан, оны мәжбүрлеп қайтарудың жолдарын пысықтап жатыр.

Бұдан бөлек, комиссия мүшелері жер иеленушілері жөнінде ашық кадастр ұйымдастыруды ұсынып отыр. Яғни қай жердің кімге тиесілі екенін жұрт біліп отыруы керек деп есептейді.

ДереккөзKhabar.kz