Ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оның қызметіне басшылық еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Қазақстан азаматы экстрадицияланды.
Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
2016-2018 жылдары аралығында күдікті Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан, сонымен қатар кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған қылмыстық топты тікелей басқарған, — деп жазылған хабарламада.
Осы қызметтің салдарынан мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін ол тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланды. Кейін күдікті Әзербайжан аумағында ұсталды.
Оны бас прокуратура және қаржылық мониториң агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің көмегімен елге жеткізді. Қазіргі уақытта күдікті Ақтау қаласының тергеу изоляторында отыр.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.